Көп тілегі – билік назарында

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңір тұрғындарын жеке мәселелерімен қабылдады. «Ашық әкімдік» форматындағы кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін бір жерде отырып-ақ шешу мүмкіндігіне ие болды.

«Ашық есік» күні «Көкшетау» мәдениет сарайына жиналған халықтың қарасы көп болды. Қабылдау басталған уақытта 300-ге жуық тұрғын өтінішпен келді.
«Ашық есік» күні барлық басқарма басшыларының бір жерде тоғысқаны келушілерге мәселелерінің оңтайлы шешілетініне сенім ұялатты. Айталық, бір үстелде коммуналдық сала өкілдері жылу, сумен қамту, банк өкілдері кредит, жинақ ашу мәселесіне қатысты сауалдарға жауап беріп жатты. Бүгінгі таңда әкімдік сайтына, саll орталықтар мен әлеуметтік желілер арқылы сауал қоюға мүмкіндік мол екеніне қарамастан келушілердің біразы облыс басшысының қабылдауына баруға тырысты. Бұл күні өңір басшысы Ермек Маржықпаев жалпы саны 91 тұрғынды қабылдады.
Сұрақтардың дені баспана, жер телімін алу, жолдарды жөндеу, Көкшетаудағы апатты үйлердің жайы, спортты дамыту, су басып кету қаупі бар елді мекендерге қатысты болды. Айталық, Бикамал Асқарованың жұбайы Наурызбай Асқаров бірінші топтағы мүгедек. Бурабай ауданының тұрғыны өздігінен жүріс-тұрысы қиындаған жұбайына жеке көмекшісі ретінде тіркеліп, әлеуметтік қызметкер тұрғысында еңбек етеді. Алайда, Бикамал Асқарова мемлекеттік сатып алу саласындағы шикіліктен жеке көмекшілердің зардап шегіп отырғанын айтады. Министрлік тарапынан мемлекеттік сатып алудың заңсыз өткені туралы хат келіп түскеніне қарамастан, заңсыз келісімшарт араға он ай салып тоқтатылады. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев аталған мәселені мемлекеттік қызмет сапасын бақылауға құзіретті басшыларға тапсырды. Қабылдауға келген әр тұрғынның мәселесі тиісті тіркеуге алынып, оның шешілу барысы әкімдік тарапынан бақыланады. Жиында қоғамдық бастама көтерген азаматтар да болды. Мысалы, кекусинкай каратэ-до федерациясының ақмолалық өкілдері кеңкөлемді республикалық сайыс өткізуге ниетті.
Тұрғындар жергілікті атқарушы билік өкілдерінің халық үніне құлақ асып қана қоймай, арыз-шағымы мен талаптарының орындалуынан үмітті. Қала тұрғыны Алтай Елемесовтың айтуынша, өңір басшысы билікке қойылатын сұрақтарды осылай алдын ала азайтып, халықтың тыныс-тіршілігін біле алады: – Бұл өте дұрыс. Біріншіден, есеп беру жиынына кей адамдар бара алмайды. Екіншіден, әкімнің қарамағындағы қызметкерлері халықты толғандыратын көкейкесті мәселелерді алдын ала талдап, олар жайлы айқын білетін болады.
Өңірде жергілікті атқарушы органдар тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатуда. «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық басқарма жетекшілерінің жеке парақшалары бар. Әрбір желі қолданушы қабылдауға жазылмай-ақ сауалын қойып, ұсыныс білдіре алады.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий