Көркейту жұмыстары қарқынды

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапары барысында облыс орталығы мен Станционный кентіндегі бірқатар нысандарда болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Облыс орталығына соңғы жылдары айтарлықтай көңіл бөлініп, көлді жағалай демалыс нысандарын салу жоспарда бар. Осы орайда өңір басшысы Қопа көлінің маңындағы жағажайды қалыпқа келтіру жұмыстарына қатысты нақты тапсырмалар бергені белгілі. Қазіргі уақытта Куйбышев көшесі жағынан кіретін жағажай маңында қызу жұмыс жүруде. Жақында демалушылар үшін жазғы дәмхана, балаларға арналған аттракциондар ашылады деп күтілуде. Көлге шомылатындар үшін киініп-шешінетін кабиналарды жаңарту да назарда. Горький көшесі бойындағы жаңа жағажай да абаттандырылуда. Жақында осында ашылған қайық станциясында катамарандар мен басқа да жүзу құралдарын жалға алуға болады. Демалушылардың қауіпсіздігі қоғамдық құтқару бекетінің қадағалауында болады.

«Көктем» мөлтек ауданында сыртқы инженерлік желілер құрылысы жалғасуда. Аталған жұмыстар 38,6 га учаскені қамтиды. Биылғы жылдың төртінші тоқсанында бұл аумақта көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы басталады деп жоспарланған. Жоба құны 285,082 миллион теңгені құрап отыр. Құрылыс алаңын аралау барысында қала әкімі бас мердігер – «Титан Север» серіктестігінің өкілдерімен техникалық және қаржылық мәселелерді талқылады. Құрылыс бөліміне жоба бойынша жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қадағалауды тапсырды. Осындай кең ауқымды құрылыс Станционный кентінің оңтүстік бөлігінде жүруде. Жобалау жұмыстары 60 га учаскені құрайды. Биылғы жылдың сәуір айында «Байсын-А» және «Көкшеэлектромонтаж» серіктестіктері магистральды су және электр желілерін тарту жұмыстарына кіріскен. Сумен қамту жыл аяғына дейін, электрмен қамту 2019 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Инженерлік жұмыстардан соң тұрғын үй құрылысы басталмақшы.

Станционный поселкесінің әкімі Ардақ Тасқынбай қала басшысын орталықтағы скверді жаңарту жобасымен таныстырды. Бұл мәселені жергілікті тұрғындар қалалық мәслихат депутаттары арқылы бірнеше мәрте көтерген болатын. Скверді жаңартуға 40 миллион теңге қаражат жұмсалмақ. Негізгі жұмыстарға асфальттау, гүлдер егу, орындықтар, қоқыс жәшіктерін орнату, жарықтандыру кірмек. Әкім жобаны жүзеге асыруға тапсырма берді.

Қала басшысы жақын маңдағы спорт алаңының жасыл түсті жасанды шөп жабынының сапасына көңіл аударды. Юбилейный, 25 мекенжайындағы ауланы аралап көрді. Былтыр аулада жаңа балалар әткеншектері, ойын алаңы жасалған болатын. Ендігі кезекте осы аумақты абаттандыру жұмыстары толық аяқталмақ. Жұмыс сапарының соңында әкім поселкедегі жаңа элеватор құрылысымен танысты. Бас мердігер бірегей астық қабылдау кешенін тұрғызуда жұмыс күші жеткілікті екенін жеткізді. Заманауи қондырғылар орнатылып, қоймаларда тұқым ұзақ мерзімге дейін бүлінбес үшін тың технологиялар енгізіледі деп жоспарланған.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий