Көркем мінез иесі

Осыдан тура бес жыл бұрын көкшетаулықтарға есімі жақсы таныс Ашот атаның үйіне барған едім. Ол кезде қарияның жасы сексенге толып, балалары мен немерелерінің ортасында жүзі нұрланып, мерейтойын көңілді қарсы алып отырған. Биыл Ашот Хамзаұлы сексеннің бесеуіне аяқ басты. Атамыз сол мен көрген кездегідей тың, ширақ, сөзі нық. Жұбайы Рауза апамыз екеуі сабырлы да салмақты қалыппен қарсы алып, төрге оздырды. Уақытымнан кешігіп қалғаныма кешірім сұрап жатырмын. «Өзіңді келеді деп далаға шықпай күтіп отырмыз» деп кейістік танытып та қойды. Бірақ ашуын сабырға жеңдіре білетін жан бірден жайланып сала берді. «Иә, не сұрайсың, айта бер» деді де, төрде тұрған Көкшенің аяулы перзенті Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің суретіне қарап отырғанымды көріп, «Еркін менің ағам» деді мақтанышты үнмен. Әрине, еліне елеулі, халқына қалаулы жанды аға тұту, ардақ тұту ол кісіні бағалай білетін кез келген адам үшін үлкен мәртебе, мерей. Атамен әңгімеміз жарасып, әсіресе, дұрыс жүріп-тұру, дұрыс тамақтану, жақсыларға жақын болу, арамдықтан бойды аулақ ұстау сияқты қасиеттер жайлы көп айтты. Адамды көркем ететін, ортасына жайлы қылатын да мінезі ғой. Ашот атаның жүзіне қарап отырып, артына қайырылып қараған кезде өкінбейтін өмір кешкеніне тәубе десетін жанды көрдім. Сүйсіндім. Қуандым. Осындай жанның барлығына сүйсіндім. Осындай жанмен танысқаныма қуандым.
Аға ұрпақ өкілдерінің өмірі соқтықпалы, соқпақты. Себебі, олар зұлматты жылдарды басынан өткерді. Сәкендей тар жол, тайғақ кешулердің тезінен өтті. Ашот Мурзиннің әкесінің ағасы Мұхтар Мурзин де қуғын-сүргін құрбаны болған жан. Қолында бар сарғайған суретті алға тартты. Шашын артқа қайырып, қасқайып отырған жігіттің төресі дейтіндей жан. Алғыр екені көрініп-ақ тұр. Ақыл-парасаты да бір бойына жинақталған тұлға. Ашот атаның ол кісі жайлы деректерді көзінің қарашығындай сақтап, көңілі түскен адамына көрсетіп, тектіліктің түп тамыры қайда тартып жатқанынан хабардар еткісі келгендей күй кешетіні де сондықтан. Алаш ардақтысы Мұхтар Мурзин жайлы жазушы Тұрсын Жұртбай «Ұраным – Алаш» кітабында мынадай архив деректерін келтіреді: «Жер жөніндегі комиссариатта жерге орналастыру мәселесін зерттеумен айналысатын Мұхтар Мурзиннің мақала мен баяндаманың жобасын сызып, жоспар жасауға құқы бар болатын. Зады Жер жөніндегі 1925 жылғы желтоқсандағы конференция қарсаңында дайындалған болса керек, тінту кезінде М.Мурзиннің тартпасынан мақаланың жос-пары табылады. Міне, соны тергеушілер «астыртын ұйымның бағдарламасы» ретінде іске тігіп, «қастандықтың айғағы» есебінде айыптау қорытындысының екінші бөліміне кіргізіпті». Мурзинге тағылған айыптар туралы айта келе, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрдің мына бір естелігін де тілге тиек етеді. «Мұхтар ақ сары жүзді, қыр мұрынды, көзіне пенсне салатын, ұзын бойлы, келбетті кісі болатын. Мұхтар жоғары мәдениетті, жан-жақты білімді, адамгершілігі өзге жұрттан бөлек биік тұратын, мінезі тік, турашыл-тын. Мұхтар айтқан сөзінен таймайтын, ұстанған пікірінен қайтпайтын. Қайсар. Біреуді күндеп, не зәбір көрсетуден бойын аулақ ұстайтын. Барынша адал, шыныдай кіршіксіз таза, жолдастарына айнымас дос, әділеттік туын жоғары ұстаған принципті кісі болатын. Ол өзіне биік талап қойып, міндетті түрде білімін толықтыруға күш салатын, көп оқитын, екі тілді бірдей меңгерген, аудармамен де айналысатын өнері барын білеміз. Мұхтардың бір бойына дарыған осынша жақсы қасиеттерді бағалап, әкем қатты сыйлап өткенін айтып отыратын. Менің шешем Мурзиндермен 1923 жылдан бастап Орынборда, одан 1929 жылға дейін Қызылордада, қашан астана Алматыға ауысқанша араласып тұрды. Сол заманнан бері Мурзиндердің семьясы бізге ыстық, туыстан жақын болып кетті». Ашот атаның жүзіне қарап, жоғарыда Гүлнәр Дулатова сипаттаған Мұхтар Мурзинді көргендей боласың. Жазушы Тұрсын Жұртбайдың зерттеу еңбегі қолына тигенде атаның төбесі көкке бір елі жетпей қалды. Себебі, әкесінің бауыры туралы тың деректер табылып, естеліктер толыға түскеніне шаттанды. Мұхтар Мурзин Қазақ өлкелік Халық Ағарту институтының директоры болғанда оның қарамағында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Елдес Омаров, Телжан Шонанов жұмыс істеген деген дерек бар. Яғни, Алаш ардақтыларымен байланыста болды деп айыпталуының да сыры осында жатса керек. Мұхтар Мурзин ату жазасына кесілгеннен кейін Ашот атаның әкесі Хамзаға «халық жауының бауыры» деген айыптың салқыны тиді. Отбасымен қуғын-сүргіннен бой тасалап, Қазақстанның әр өңірін мекен етіп, бала-шағасын аман алып қалу жолында жанталасты. Кейін Көкшетауға қоныс теуіп, тұрақтап қалды. Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлердің даңқты жолымен жүріп өтіп, елге аман-есен оралып, отбасымен қауышқан.
Ашот Мурзин Семей өңірінің тумасы. Сәуірдің 22 жұлдызында 1936 жылы Қатон-Қарағай ауданына қарасты Қатон ауылында дүниеге келген. Өмірін Көкшенің көркем табиғатымен, еңбекқор жандарымен байланыстырғанына да талай жылдың жүзі болды. Жоғарыда келтірілген деректерде Мұхтар Мурзин қазақтың жерінің пайдасын тек қазақ көруі тиіс дегенді ұстанғанын жаздық. Ашот атаның ұстанымы да сол. Мамандығы – агроном. Яғни, жермен тел өскен жан. Саналы ғұмырын жер баптауға, құнарын арттыруға, жақсы өнім алуға жұмсаған. Күні бүгінге дейін оның қасиетін ерекшелеп айтып, қадіріне жету керек деп отырады. Жердің сатылуына жан-тәнімен қарсы және елімізде көтеріліп жатқан осындай дауға өз пікірін қосып, көзқарасын білдіріп келеді. Жер – халықтың қазынасы. Оның жалғыз иесі – халық. Сондықтан байлығын өзі тұтынып, игілігін де өзі көруі тиіс деп санайды.
Ашот атаның агроном болуы өзінің өміріне көп пайдасын тигізді. Олай дейтін себебіміз, денсаулыққа пайдалы шөптердің түр-түрін зерттеп, дертке шипаларын зерделей біледі. Бұл жастайынан бойына сіңірген қасиеті және сол жолдан таймай келе жатыр. Дұрыс тамақтанудың сырын жақсы біледі. Терезесінің алды толған салауатты өмір салтын ұстану жайлы жазатын газетке толы. Шетінен суырып алып, түрлі дертке дауа, пайдалы кеңестерді алға тартады. Жұбайы Рауза екеуі бұл жолда бір бағытты ұстанып келеді. Апамыз күнделікті тағам рационын қажетті дәрумендермен байытады. Бірнеше көкөніс пен жемісті араластырып езіп, шырынын ішіп, жаңғақтан сүт дайындайды. Бауырсақтың ұнына кебек қосып, илейді. Майлы, қуырылған тамақ жемейді. Балықтың өзін буға пісіреді. Ал, етті асқанда көбігі шыққан суды төгіп тас-тап, қайнаған суға әрі қарай пісіреді. Яғни, холестериннен арылтып барып, бірақ жейді. Еттің сорпасына қамыр емес, қырыққабат салып жейді. Сарымайды да қорытып тұтынады. Судың өзіне сутек пероксидін тамшылап қосып, ішеді. Ішегін үйде түймедақтың суымен тазартуды әдетке айналдырғанына да ширек ғасырға жуықтапты.
Ашот ата аяқ-қолын күнделікті уқалап, денесін сергек ұстайды. Оған қажетті түрлі уқалағыш заттары бар. Таза ауада серуендейді. Бұқпа тауына шыққанды ұнатады. Адамның пейілі кең, ары таза болса, оның бойындағы арам қандары өзі-ақ сұйылып, жо-йылады. Бұл сөздің де астарында шындық бар. Қызметінде абыройлы, қанша марапатқа ие болса да оны көлденең тартып, мақтанбайды. Бар арманы балаларының, немере-шөберелерінің амандығы. Әр демалыста олардың басы қосылып, арқа-жарқа болып, бір жасап, бір жасарып қалады. Жалғыз ұлына ақылын айтып, қызғалдақтай қыздарын еркелетеді. Мерейтойын саналы ұрпағының жанында, бәйек болар бәйбішесінің қасында, өткенге салауат айтып, бүгінгі бергеніне шүкіршілік десіп қарсы алып отырған Ашот атаға мәнді де мағыналы ғұмыры жолында әлі де қажымай-талмай, ортамызда аман-есен жүре беруіне тілектестік білдіреміз.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий