Көркем сөзбен кестеленген Көкшетау

  Белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Жетпісқалиевтің «Көкшетау кестелері» кітабы жарық көрді. Жер шоқтығы Көкшетауға, оның перзенттеріне арналған кітаптың Көкшетау қаласының өзінде басылуы да орынды.

                Мерзімдік баспасөз беттерінен, әдеби, қоғамдық ортадан жиі көрініп жүретін ақынның толықтырылып қайта шығарылған бұл кітабын көрікті Көкше өңірі, Көкше еліне деген кіршіксіз адал көңілі, ерен сүйіспеншілігі десе де болады. Ақ Жайығы көңіл толқытқан Атырауда туып, көп жылдан бері Арқада тұрып келе жатқан қаламгердің қаламына ілігіп, осы кітапқа енгізілген дүниелерінің бәрі де көркемдік деңгейі, айтар ой, көтерер жүгі жағынан оқырман талғамына жауап берерлік шоқтығымен ерекшеленетінін атап өту парыз. Бұл ретте, «Көкшетау кестелері» осы киелі жердің кестелі, ажарлы бет-бейнесі ғана емес, сонымен бірге, кестелі сөздің, айшықталып өрілген пайым-зерденің де өзі дер  едік. Бірнеше бөлімнен тұратын кітапта автор ақ жарма сөзінің басын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қайраткерлік қырлары туралы ой-толғанысынан өрбітіп, Көкшенің жақсы – жайсаңдарына қарай ойысады, соның ішінде бір топ жергілікті ақын – жазушылардың шығармашылық жолына, адами қасиеттеріне үңіліп, киелі сахна төрінен өнер оздырып, көрермен көкірегіне рух дарытып жүрген таланттарымыздың болмысына бойлайды. «Көңіл күнделігі» бөліміндегі бір деммен оқылатын «Қабдоловтан қалған сөз», «Махамбет пен Нұрғиса» тәрізді эсселері де ауыз толтырып айтарлық дүниелер. Ал, қаламгердің бүгінгі өз қаласы ­— Көкшетауы туралы көрген – түйгені, жүрегінің нәзік лүпілінен өткізген ой-өрімдері жаныңды жылылыққа, жақсылыққа, барды бағалауға жетелейді. Қорыта айтқанда, «Көкшетау кестелері» қолыңызға тисе, оны оқи қалсаңыз, қаламгердің өзінің ешкімді жатсынбайтын арлы жан дүниесіндей біраз сәулелі әсерлерге бөлінетініңіз анық. Әттең, кітаптың таралымы аз…

 

Қ. Кәкенов, 

                                                                                                                  «Арқа ажары», №76 (18108) 30 маусым, 2018 жыл.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий