Көрікті қала жаңа ғимараттармен толығады

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығындағы құрылыс нысандары мен тұрғын үй аулаларында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

DSC_4851Қала әкімі алдымен Қуанышев көшесі, 198 мекен жайындағы құрылысы аяқталған 9 қабатты тұрғын үйді аралап көрді. Қазiр бұл нысанда әрлеу жұмыстары аяқталып қалған. Iшкi бөлмелердiң аумағы кең. Нысанды жақын арада пайдалануға беру көзделiп отыр. Атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзiмен көрiп шыққан қала басшысы ғимараттың сапасын жоғары бағалады. Сыртқы келбетi көзтартарлық жаңа тұрғын үй қала тұрғындарына керемет тарту болмақ.

Бұдан соң қала әкімі Ермек Маржықпаев станция сыртындағы поселкедегі «Алтэко Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қайта өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Еркін Сұрағановтың айтуынша, астық сақтайтын қойманың ашылғанына бір жыл болған. «Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласындағы шаруа қожалықтарымен әріптестік байланыс орнаттық. «Казагро» акционерлік қоғамы  арқылы лизингке қондырғылар алдық. Техника сенімді, ресейлік, Воронежден әкелінген, әрі жөндеу мен қызмет көрсету жағынан мін жоқ», – деді кәсіпорын жетекшісі.  Кәсіпорында коммуникация жағынан да, теміржол инфрақұрылымы, электрлендіру, су желісі жүйесі реттелген. Қазір серіктестікте 20 адам жұмыс істейді, штатты 50 маманға дейін өсіру, өзіне тиесілі аумақты ары қарай игеру және өзіндік егіс алқабын жасау да жоспарда бар. Әзірше «Алтэко Агро» тек астықты сақтау, өңдеу, кептіру, тазалау және артумен айналысады. Зертхананы және таразыны аралау барысында әкім электронды жазба жасау жүйесімен танысты.

Қала басшысы құрылысшылар қалашығында биыл пайдалануға берілген балалар ойын алаңын барып көрді.  Тұрғындар да, ойын қызығына берілген балалар да ойын алаңына көңіл толатынын жасырмады. Ой-өрісі мен ойлау қабілетін дамытатын ойындар балаларға кішкентай кезінен бастап қоғаммен араласуды үйретеді және татулыққа тәрбиелейді. Қаладағы әрбір үйдің жанында әртүрлі әткеншектер орнатылған осындай балалар ойнайтын аулалар болатын күн алыс емес екенін жеткізді қала басшысы. Қала әкімі тұрғындарға өз аулаларына ұқыпты қарау жөнiндегi өтiнiш-тiлегiн бiлдiрiп, оның дұрыс күтiп ұсталуына бақылауды күшейтуге орай тиiстi қызмет өкiлдерiне шұғыл тапсырмалар бердi.

Қала басшысы жүргізуші куәлігін беретін және автокөлікті тіркейтін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратында болды. Жаңа нысан жақын күндері пайдалануға берілмекші. Онда көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін беру қызметтері қолжетімді болмақ. Автоматтандырылған жүйе азаматтардың уақытын үнемдеуге өте қолайлы.  Мұнда автокөліктерді тіркейтін және жүргізуші куәліктерін рәсімдейтін операциялық зал, емтихан сыныбы, дайын құжаттарды беретін сектор, жол полициясы қызметкерлерінің кабинеті, сонымен бірге көлік құралдары мен жүргізуші  куәліктерін әзірлейтін бөлмелер болады.

 

Әсем ЖҮНІС.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий