Көрікті қала көңілге қуаныш ұялатады

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев кеше жұмыс сапарымен облыс орталығындағы бірнеше өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, қаланың санитарлық тазалығын сақтау және абаттандыру, алдағы жылу маусымына дайындық мәселелеріне айрықша көңіл бөлді. Тиісті мекемелерге осы бағытта атқарылатын жұмыстар бойынша нақтылы тапсырмалар берді.

Қарттарды қолдау айлығы алдында қала әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс бабындағы іс-сапарын алдымен қарияларға арналған пансионатқа барудан бастады. Қазір мұнда 14 адам тұрып жатыр екен, егде адамдарға қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Қала басшысы зейнеткерлермен әңгімелесіп, олардың тамақтану жағдайын және демалыстарына қатысты шараларды сұрап білді. Алда келе жатқан мерекемен құттықтап, денсаулық пен табыс тіледі. Облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 және №10 мектептердің жанында балалардың спорт алаңдары ашылған болатын. Ойын қызығына түскен балалардың дауысынан құлақ тұнады. Мұнда күндіз оқушылар жаттықса, кешке доп тебемін деушілерге есік ашық. Жас футболшылар қала әкіміне мектептегі және спорттағы табыстары жайлы әңгімеледі, тіпті Ермек Боранбайұлымен доп та қуалады. Қала басшысы мердігерлерге барлық осындай нысандарды бір стандартқа келтіруді тапсырды. Мысалы, футбол алаңдарының қажетті белгілері жоқ. «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы көпқабатты үйдің құрылысы да қала әкімінің назарынан тыс қалған жоқ. Әсіресе, осы қатардағы аумақтарды абаттандыру мен жаңа үйлер салынған бөліктерді де жақсарту мәселесі алға тартылды. Кейбір олқылықтарды түзетуге мердігерлерге бір апта уақыт берілді. Балалардың ойын алаңдарының салынуына пәтер иелері кооперативінің өкілдері және Абылай хан даңғылындағы 9 үйдің және Абай көшесіндегі 139 а үйінің тұрғындары алғыс айтты. Құм төселген алаңға осы үйлерге жақын маңның балалары түгел жиналып, әткеншектің де қызығына түсуде. Ата-аналар да дән риза екенін жеткізді. Тұрғындардың өтініші бо-йынша қала әкімі Мирзоян көшесіндегі апатты жағдайдағы 94 және 98 үйлерде болды. Қатты жауында үйді су шайып, берекені кетіреді екен. Сыздың салдарынан үйлердің қабырғалары қаусап, сыртқы келбеті сын көтермей тұр. Бұл жерді коммерциялық тұрғын жай салуға сату арқылы мәселені шешуге болады. Тұрғындарға осы ұсыныс тасталған, енді тек жобалық-сметалық құжатын дайындау ғана қалды. Әкім сол жерде сәулет және қалақұрылысы бөлімінің басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Пушкин көшесіндегі 22 және 24 үйлердің жөндеу жұмыстары аяқталып қалды. Үйдің байырғы тұрғындарымен әңгімелескен қала басшысы мердігерлерге кей олқылықтарды қалыпқа келтіруді тапсырды. Сондай-ақ, тұрғындардың өздері де абаттандыру шараларына қатысуы тиіс деді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс