Көрісу

Көп күттіріп, сағынтып жетер салт-дәстүр

Еліміздің батыс өңірінде ертеден, өзегі үзілмей келе жатқан бұл мереке туралы қазір кеңінен жазылып, жалпақ жұрт жақсы білетін болды. Иә, батыс жұрты Жаңа жылды, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін наурыз айының 14-ші жұлдызынан бастап кетеді. «Бір жасқа шығуыңмен!», «Жас құтты болсын!», «Жаңа жыл жақсылық әкелсін!» деген сияқты тілектер айтылады. Оның мәнісі, мағынасы бүге-шігесіне дейін айтылып, жазылып жүр ғой, бала күнімнен өзім көрген, сезген-түйгенімді әңгімелесем деймін… 

944b8ad26ac2b5cc4dad2b0bd16081de

Көрісу жақындаған сайын оған үлкен дайындық басталатын. Дастарқан басында әкеміз биылғы Наурызға қандай-қандай малдарды атап отырғанын, көрісе келген қонақтарды қалай қарсылайтынын, үй-ішімізбен, ағайындармен, ауылдың бір-екі ақсақалын ертіп аттанар алыс-жақын ауылдардағы нағашы, жиен, бөлелердің аттарын атайтын. Әжеміз оның сөзін мұқият тыңдап бас изейді. Кейде: «Анау шебер қайнағаның үйіндегі кемпір жеңгең ешқайда шықпай отырып қалды, соны ала жүр, желпініп қайтсын» деп ұсыныс қосады. Онысын, әрине, әкем құп алады. Сөйтіп, үлкендер алдын ала қамдануға кірісіп кетеді. Біз бала жүрегіміз дүрсілдеп, үлкен қуанышты асыға күтумен боламыз. Көрісуге нағашы-жиен, етбауыр құда-жегжаттың ерте ме, кеш пе, әйтеуір, міндетті түрде келетінін әр шаңырақ біледі. Сондықтан, алдын ала айтпастан-ақ, сәті түскен күні сый-сияпатын алып, артынып-тартынып көп адам жолға шығады. Көрісуге келген адам өз отбасын түгел еріте келіп, әрқайсына тоқталып, бала-шағасын түгел таныстырады. Анық танып, біле жүріңдер дегені. Балалардың бұл мерекені ерекше жақсы көретінінің тағы бір себебі, мұндай қонақтықта үлкендер арасында ешқашан сөз таластыру, егес, тоң-теріс мінез болмайды. Тіпті, бұған дейін әлдебір реніш-өкпе, наз болса, сол көріскен күні соның бәрі ұмытылады, кешіріледі. «Құдайдың осы күнге жеткізгеніне, аман қауыштырғанына рахмет» дегендей болады, жұрт. Бұрын ренжітіп алған туысына кінәсі үшін жақсы бір сыйлық ұсынып қалудың да реті келеді, бұл күні. Ондай ерекше сыйлық қонақтың жақсы көретін баласына, немересіне де тиіп қалуы мүмкін. Себебі де іштей ұғылып-сезіледі.
Сынап-мінеуді, кеткен есесін қайтаруды ешкім ойына да алмайтын бұл мереке ақжарма тілектер, ақ баталар, ақ та төк ақ дастарқан, шалқыған көңіл-күй үстінде өтеді. Аталас, жақын ағайынды былай қойғанда, көрші-көлем, ауылдастардың бәріне сәлем беріп, көріседі, шама келгенше жасы кішілер жасы үлкендердің үйіне барып, құттықтайды. Кім келсе де үй иелері дастарқан жайып, әрбір келген жанға дәм ауыз тигізіп, риза қылып жіберуге тырысады. Әсіресе жас жігіт-қыз болып қалған балаларын үлкендер «пәлен атаңа көрістің бе?», «түген әжеңе көрістің бе?» деп сыйлы қарияларға барған-бармағандарын қатаң тексереді. Жолын біліп, кішілік танытып, көріспеу үлкен көргенсіздік, тәрбиесіздік болып саналады. Әлгіндей тәптіштеулерден кейін ондай кемшілік орын ала қоймайды. Жолдың алыстығы, көлік жағдайына байланысты көрісу тек сол наурыздың он төртінші жұлдызы ғана емес, айларға созыла береді. Туған нағашы, жиен, жақсы сыйласқан адамдар көрісуге бір келмей тұрмайды. Міндетті түрде келеді. Сондықтан, оларға арналған мал, сыбаға қашан келгенше сақтаулы тұрады. Өз міндетін түгел орындағанда ғана әркімнің көңілі орнығады. Әйтпесе, көріскенше байыз таппайды. Бұл ғасырлар бойы бойға сіңген әдет-ғұрып жемісі болса керек.
«Көрісу» деген сөздің «жылап көрісу, қазаға көңіл айтып көрісу» деген сияқты басқаша түсінік берері де бар. Бұл арада көрісу жүздесу, амандасу, дидарласу тұрғысында ғана. Кәдімгідей мұсылманша, қазақша қос қолыңды беріп амандасу. Замандас-құрдастар төс түйістіріп, үлкендер қол берген жастардың маңдайынан сүйіп, төбесінен иіскеп жатады. Сонымен, ағайын-тума амандасып, арқа-жарқа шүйіркелесіп, ас-су ішіскеннен кейін дуалы ауыз, беделді бір ақсақал баршаға, ел-халыққа амандық тілеп, бата береді. Шын ниет, риясыз ақ жүректен берілген батаның орыны бөлек екені даусыз. Біз көрген батыстағы көрісудің жайы осындай.
Серік САПАРҰЛЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс