Көшеге ардақтылар есімдері лайық

Көкшетау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында бірқатар көшелерге биылғы жылы мерейтойлары аталып өту үстіндегі ел дамуына еңбегі сіңген, тарихымызда есімдері алтын әріптермен жазылған Әлихан Бөкейханов, Ыбырай Алтынсарин, Баубек Бұлқышев, Хамит Ерғалиев, Қайым Мұхамедханов, Кәукен Кенжетаев сияқты танымал тұлғалар есімдерін беру жөніндегі ұсыныстар талқыланған қоғамдық тыңдау болып өтті.
Жиынды қалалық мәслихаттың депутаттық өкілеттік пен этика, денсаулық, білім, мәдениет, құқық және тәртіп сақтау мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы Еркін Исімбаев жүргізіп отырды. Алдымен, қала әкімінің орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі Алтынай Әміренованың баяндамасы тыңдалды. Ұсынылып отырған тұлғалардың өмірбаяндары, атқарған істері, Отанға сіңірген қызметтері баяндалды. Қалалық мәслихаттың депутаты Боранбай Бегалин, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов, «Көкше-медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жалғасбек Сүлейменов, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, соғыс және еңбек ардагерлері қалалық кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Красный Яр селосының тұрғыны, қарт ұстаз Бабаназар Мұқашев, бірқатар қала тұрғындары күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз пікірлерін ортаға салды. Атағы бүтін елге кеңінен танымал тұлғалар есімімен тым шағын көшелерді атаудың қолайсыздығы ескеріліп, тұрғындар ұсынысымен басқа көшелерге беру де қаперге алынды. Жаңа құрылыс-тарға байланысты қаланың бас жобасынан түсіп қалғалы отырған шағын көшелерді ардақтылар есімімен атағаннан гөрі, қолайлы уақытты күтіп, орнықты көшелерге бекіткен жөн делінді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс