Көшеге – Бәйімбет батыр есімі

Көкшетаудағы Бірлік мөлтек ауданында «Бәйімбет батыр» атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шара «Рухани жаңғыру» республикалық бағдарламасының «Туған жер» кіші бағдарламасын жүзеге асыру мақсатын көздеді.

Бәйімбет батыр – қазақтың жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде елінің панасы болған, есімі алты алашқа жайылған тұлға, талай шайқаста қазақ қолын басқарған әскери қолбасшы. Шыққан тегі – Орта жүздің Күрсары Керей руынан, мекендеген жері – Көкшетау өңірі.

Көшенің ашылу салтанатында Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы, «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалау кеңсесінің жетекшісі Еркін Исімбаев, «Бәйімбет» қоғамдық бірлестігінің президенті, батырдың ұрпағы Ғалымжан Найманов құттықтау сөз сөйледі. – Бәйімбет батырдың даңқты есімі қалың қазақ даласын аралап, батырлық пен ерліктің рәмізіндей ел аузында сақталып қалған. Оның өмір жолы жас ұрпаққа өнеге. Ел ардақтыларына облыс орталығынан көше беріп, олардың есімдерін ұлықтап, жастарға олардың өмір және еңбек жолдарын үлгі етудің сәті түскеніне біз қуаныштымыз, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайыргелді Хасенов. Батырдың ұрпағы Ғалымжан Найманов атасының Көкшетау қаласының көшесіне аты берілуіне орай облыс, қала әкімшіліктеріне, ардагерлердің есімін беру бастамасын қолдаған қала тұрғындарына, мәслихат депутаттарына алғысын жеткізді. Көшенің бастау тұсына керілген рәміздік лента қиылып, батыр аруағына құран бағышталды.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий