Көшедегі саудаға көңіліңіз тола ма?

Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшылығының ұйымдастыруымен облыс орталығында көше бойында, орталық алаңда сауда-саттық  жасаумен айналысатын жекеменшік шағын сауда нүктелеріне рейд жүргізілді. Шараға жетекшілік еткен облыстық мәслихаттың депутаты  Әлібек Баймағамбетов. Рейдке салық, құқық қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау саласының мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Басты мақсат, сатушылардың белгілі бір өнімді саудалауға рұқсат қағазының, санитарлық кітапшасының болуын тексеру еді. Өкінішке орай, орталық көшелерде, халық көп жүретін қалалық саябақта балмұздақ, сусындар сатып тұрғандардың тиісті құжаттары болмай шықты. Тіпті, бір жекеменшік иесі өзінің тоңазытқышын қоғамдық дәретханада сақтайтынын көргенде жағамызды ұстадық. Одан артық сорақылық болмайтын шығар. Барлық талаптарды бұзып тұрған сатушыларға ескерту жасалды. Олар бір күннің ішінде осы олқылықтарды жоюы тиіс. Егер оны орындамаса, сатуға тыйым салынатын болады. «Цум» дүкенінің алдында, Тәуелсіздік алаңында, қалалық демалыс паркінде, облыстық кәсіподақтар комитеті ғимараты алдында, «Береке» дүкенінің маңында балмұздақ, түрлі сусындар, нан өнімдерін сататын дүңгіршектердің бәрінің дерлік сатушыларында талапқа сай құжаттар болмай шықты. Өздерін павильонның иесі емес екендігін алға тартқан олардың кейбірі, тіпті санитарлық кітапша дегеннің не екенін білмейді екен. Тағам сататын сатушының үстінде  таза киім, белдемше, басында қалпағы болуы тиіс. Әсіресе, қалалық саябақта ересектермен бірге балалар да көп серуендейтінін ескерсек, оларға қандай адам өз өнімін сатып жатқанын біліп болмайды. Сәйкесінше, тауардың да сапасы күмән тудырады. Бір павильонда сусындардың жарамдылық мерзімі жарты жыл бұрын өтіп кеткенін байқадық. Балмұздақ сататын қыз балалар шашын да жинамай, өнімін сатып тұр. Попкорн, тәтті мақта саудалайтындардың нүктелері, тіпті санитарлық талапқа сай емес. Ыдыс-аяғын, қолын жуатын орын да жоқ. Қара шыбын қаптап, шіркейлер шырмап алған. Ұйқылы-ояу кейбір сатушылар, тіпті мән-жайды ұғынып та жатқан жоқ. Көпшілігінің жеке куәлігін сұрап ала алмадық. Ал, көпшілігі санитарлық кітапшасының үйде қалғанын айтып құтылды. Абай көшесінің бойындағы маңайын жусан басып кеткен сауда үйінің иесіне де бұл олқылықты бір күннің ішінде жою тапсырылды. Рейд барысында сын садағына ілінген павильондардың сатушыларына бірінші ескерту жасалды. Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 204-ші бабына сәйкес сауда-саттық мәдениетін бұзып, халыққа өнімін саудалап тұрғандарға алдымен ескерту жасалады немесе 5 айлық есептік көрсеткіш түрінде айыппұл салынады. Бұл жолы жекеменшік иелеріне кемшіліктерді түзеуге уақыт берілді. Облыстық мәслихат депутаты Әлібек Баймағамбетов сауда нүктелерін жалға алған кәсіп иелерімен телефон арқылы тілдесіп, бірқатарын түсініктеме беру үшін қалалық кәсіпкерлік бөліміне шақырды.

Өз тілшіміз.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий