Көшелердің жаңа атаулары ұсынылды

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Көкшетаудағы 57 көшенің аты өзгертіледі. Мәселен, 40 лет Октября көшесіне Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов есімі берілсе, Мир көшесі Ыбырай Алтынсарин есімімен аталатын болды. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен қалалық мәслихат депутаттары өткізген қоғамдық тыңдау барысында айтылды.

Үкімет тапсырмасымен ономастика саласындағы жұмыстарды жүйелендіру мақсатында биылғы жылға дейін көшелерге атау беру және қайта атау мәселелерін қарау уақытша тоқтатылған болатын. Алайда, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қоғамдағы патриоттық рухты нығайту мақсатында елімізде көше атауларына биылғы жылы мерейтойлары атап өтілетін белгілі тұлғалардың есімдерін беру мүмкіндіктері қарастырылды. Сол себепті 28 қарашада Көкшетау қаласы әкімдігінде бірқатар көшелердің атын өзгерту жөнінде қоғамдық тыңдау өткен болатын. Онда атағы танымал тұлғалар есімімен тым шағын көшелерді атаудың қолайсыздығы ескеріліп, тұрғындар ұсынысымен басқа көшелерге беру де қаперге алынды. «Әрине, атауын өзгерту қажет көшелер жетерлік. Қала аумағы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Облыс орталығына қоныс аударушылар да көп. Шеткі көшелердегі тұрғын үй массивтерінде үй салушылар көбейді. Соған байланысты көшелер саны да артты. Тұрғындар бұл көшелерге жаңа атаулар керектігін айтып, мәселе көтеріп жүр», – дейді қалалық мәслихаттың депутаты Еркін Исімбаев. Облыс орталығындағы Проезд 1, 2, 3 атаулары өз кезегінде Балбырауын, Айдын, Шұғыла, Корчагин – Сығанақ, Симферопольский – Желтоқсан, Пригородный – Жібек жолы, Речная – Құлагер, Дзержинский – Конституция, Бережной – Жұмбақтас, Авангардная – Атамекен, Весенняя – Қазанат, Красногвардейский – Алаш, Иконникова – Барыс, Маяк – Томирис, Заводская – Қазына, Калинин – Мәңгілік Ел, Лесная – Армандастар, Локомотивная – Астана, Луговая – Шалғынды, Горветка – Алатау, Грушевая – Береке, Воровской – Ұлы Дала, Кленовая – Шуақты, Милосердие – Мерей, Морозова – Көксая, Новая – Ақжол, Парковая – Саябақ, Подгорная – Ұлытау, Трудовая – Еңбек, Невский – Ақжелкен, Солнечная – Сұлутөбе, Суворов – Тұран, Проектируемая – С.Баймағамбетов, Первомай – Мамыр, Сосновая – Қарағайлы, Уокеш – Шалқар, Швейная – Өрнекті, Элеватор – Ақбидай, Домостроительная – Асар, Заречная – Мәдениет, Геолог – Бұқпа болып өзгертіледі. Осылайша қаланың орталығы мен соның маңындағы көшелердің ғана атаулары жаңартылды. Шеткеректегі шағын аудандардағы көшелердің арасында әлі де орысша атау көп деген сын пікірлер айтылып жүргені жасырын емес. Кеңес заманы тұсында шектен тыс идеологияландыру саясаты негізінде пайда болған және мән-мағынасы мен топонимикалық жүктемесі жоқ көшелер келешекте ұлттық атауларға ие болмақ. Қоғамдық тыңдауға қатысқан тұрғындар тарапынан бұл ұсынысқа қолдаушылық білдірілді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс