Көше жаттығуына көңіл бөлінуде

Бүгінде қаламызда бұқаралық спортқа көптеп көңіл бөлінуде. Жастардың түзу жолдан тайқымай, салауатты өмір салтын ұстануы үшін барынша жағдай жасалынуда. Әсіресе, көпқабатты үйдің аулаларына белтемір, басқа да спортқа қажетті құралдар орнатылған. Бұл, сондай-ақ, көше спортының дамуына да өзіндік көмегін тигізуде.

DSC_9547

Горький және Сүлейменов көшелеріндегі жаттығу алаңдары толықтай дайын деуге болады. Тек жұмсақ төсемені орнату жұмыстары ғана қалған. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі он күннің ішінде аяқталған. Өз үйлерінің аулаларында демалуға әрі жаттығуға арналған жаңа алаңның ашылатынына қала тұрғындары да разы. Жалпы, биыл облыс орталығына 5 жаттығу алаңы салынады деп жоспарланған. Олардың әрқайсысының аумағы да әртүрлі. Жаттығу алаңдарының көлеміне қарай оған қойылатын спорттық құралдар да түрліше болып келеді. Әрқайсысына шамамен 3 миллион теңге жұмсалмақ. Жаттығу алаңдары үлкен-кіші, жас-кәрінің барлығына арналған. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қойылған. «Мұндай алаңдар көшеде жаттығатын орын деп аталады. Жалпы, мұндай жаттығу алаңы қалаға аса қажет. Бұқаралық спортты дамытудың маңызы екені белгілі. Жаттығу алаңдары жастардың спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстануына септігін тигізеді. Әрі бұл тек жастарға ғана емес, адамдардың барлық санатына арналған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы болуы үшін арнайы құралдар орнатылды»,–дейді қалалық денешынықтыру және спорт бөлімінің жетекшісі Уәлихан Галиев.
Қаладағы «Жайлау» мөлтек ауданындағы №21 орта мектептің жанындағы жаттығу алаңының құрылыс жұмыстары жақында басталған. Мердігер ұйымның жұмысшылары бұл жұмысты шамамен он күннің ішінде аяқтауды жос-парлап отыр. Бұдан соң «Сұңқар» мөлтек ауданы мен орталық саябақ маңында да жаттығу алаңдары салынады деп күтілуде. Салауатты өмір салтын сақтауға арналған Street workout қозғалыс құралдары тұрғындардың спортпен тегін шұғылдануына мүмкіндік туғызбақ. Бұл жоба еліміздің әр өңірінде балалар мен жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығын оятуды көздейді. Нәтижесі де жаман емес. Жасырары жоқ, бүгінде спортзалдарына барып жаттығуға көпшіліктің уақыты бола бермейді. Ал, көше бойларына, аулаларға орнатылған құралдармен кез келген уақытта жаттығу жасауға болады. «Empire Workout» көше гимнастикасы командасы осыдан үш жыл бұрын құрылған. Көкшетаулық бұл команда аталған ойындарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Өткен жылы атлеттер қала басшысына жаттығу алаңын қалыпқа келтіруге көмек сұраған болатын. Коммуналдық қызметтер бұл жұмысты уақытында атқарды. Жерлестеріміз Street Workout қозғалысын ақмолалық жастардың арасында насихаттауды қолға алуда. Тынымсыз еңбектің арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізетіндеріне сенімді. Бүгінде аталмыш спорт түріне қызығушылардың қатары артып келеді. Street Workout – бұқаралық спорт түрлерінің бірі. Ол спорт алаңдарындағы белтемірлер, қырлы бөрене, көлденең және тік сатылар сынды спорттық снарядтарда түрлі жаттығуларды қамтиды. Спорттың бұл түрінің артықшылығы көп. Street workout денені шынықтыруға ғана емес, сонымен қатар ақыл-ой өрісін дамытуға көмектеседі. Сондықтан жастар арасында танымал болуда. Себебі бұл спортпен кез келген адам шұғылдана алады. Онымен айналысу үшін фитнес-клубтарға барудың қажеті жоқ, есік алдындағы алаңдарда спорт жабдықтары болса болғаны. Аталған спорт түрінің танымалдығы жыл санап артып келеді. Мамандар бұл спорт түрімен айналыса бастаған жас-тар арасындағы құқықбұзушылық фактілері азайғандығын айтады. Алдағы уақытта қалалық чемпионаттар мен фестиваль өткізу жоспарлануда. Оған әрине, жас-тар көптеп қатысады деген сенім бар. Бұл олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануының төте жолы десек артық айтқандық болмас. Жастардың спортпен айналысуына қызығушылықтарының артуы қалада осы салаға көптеп көңіл бөлінуінің нәтижесі.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс