Көңілдерге нұр сепкен

Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында ардақты аналар мен аяулы арулардың төл мерекесіне арналған салтанатты шара өтті.

Бұл күні барлық құттықтаулар мен марапаттар тек нәзік жан иелеріне арналды. Мәдениет сарайының ішін көмкерген гүлдер мен сахнаны шырайландырған өнерпаздардың концерттік бағдарламасы барлық арулардың көңілдеріне нұр септі. Қала әкімі Ермек Маржықпаев әр салада қажырлы еңбек етіп жүрген әйелдерді құттықтап, көпбалалы аналар Нұргүл Қаржауова мен Татьяна Ивановаға «Алтын алқа» және Әлия Қайырбекова, Динара Әзімбаева, Ботагөз Ташимоваға «Күміс алқаларды» табыс етті. Бұл күні, сондай-ақ, түрлі салада еңбек етіп, қаланың көркеюіне сүбелі үлесін қосып жүрген нәзік жандар шаһар басшысының Алғыс хатына ие болды.
Ардақты аналар мен аяулы арулардың бір жылда келетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінің алар орны ерекше. Себебі, нәзік жан иелері өздеріне ғана көрсетілетін құрметке ие болады. Төр де, сахна да солардың еншісінде. Ал, ана деген құрметті атқа лайық жандарға ілтипат ерекше. Мерекелік көңіл-күй сыйлауға асығатын өнерпаздардың да толқынысы өзгеше. Олар бүгін өмірдің гүлі, отбасының ұйытқысы, балалардың бақыты – аналарға арнап ән салды. «Ана – өмірдің шуағы» атты мюзикл ұсынды. Концерттік бағдарламамен әрленген сахналық қойылым ата мен әже, бала мен немере арасындағы жылы қарым-қатынас, анаға құрмет сияқты жақсы қасиеттерден өрілді. «Достар» мәдениет сарайына кіргеннен-ақ аруларға ілтипат көрсетілді. Оларды құшақ жая қарсы алған ер-азаматтар киімдерін ілгішке өздері іліп, қолтықтарынан демеп, орындарына отырғызып, әдемі гүл шоқтары мен тәттілер сыйлап жатты. Ал, сахнадан төгілген әдемі әуен, күмбірлеген күй, мың бұралған бишілердің тартуы көктемнің шуақты мерекесін одан сайын нұрландыра түсті. Арулар, аналар бұл күні өздеріне арналған тілектерге марқайып, мерейленіп, шырайланып кетті.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий