Көңіл толқытқан күмбір

«Көкшетау» мәдениет сарайында әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен «Бабамнан қалған мұра сен болмасаң…» деген тақырыппен Ұлттық Домбыра күніне арналып көрме өтті. Көшпелі көрмеге музей қорындағы Сұлтан Жалмұқанұлы, Көкен Шәкеев, Сәкен Жүнісов, Жұмағали Саин, Кәрім Ілиясов, Естай Мырзахметов, Мәлік Ғабдуллин, Қажыбай Жахин сияқты танымал тұлғалар, өнерпаздар ұстаған домбыралар әкелініп қойылыпты. Оларды музей қызметкері Нұрболат Әлменов таныстырды. Ол әр аспап иесі, аспапты музейге кімнің, қашан табыс еткені, әр домбыраның жасалуы, тарихы, ерекшеліктері туралы толыққанды әңгіме өрбітті. Өмірден бұрынырақ озған тарихи тұлғалардың көзін көргендердің азайып бара жатқаны белгілі. Ал, күні кеше ортамызда жүріп, домбырадағы шебер ойындарымен көрермендерін тамсандырған Кәрім, Сәкен ағалар, Қажыбай замандасымыз шерткен шанақтан шыққан күмбірді қалың көрермен ұмыта қойған жоқ. Әр аспапқа қарап тұрсаң, оның иесінің кемел өнері көз алдыңа келеді. Музей директоры Нұрбек Нұрәлі алға қарай да бұл үрдісті жалғастырып, бұл бағытта ізденіс жүретінін айтты. Мазмұнды көрме таныстырылған соң жиналған қауымды Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова, жазушы-драматург Жабал Ерғалиұлы, ақын Серік Жетпісқалиевтар Ұлттық Домбыра күнімен құттықтап, сөз сөйледі. Осы мерекеге және Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған «Бұлбұл» аймақтық байқауының бас жүлдегері Эльвира Бошымова күйден шашу шашты.

Ақындар арнауы

     Домбыра күніне орай өткен тағы бір ауқымды шара М.Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана ұйымдастырған «Әгугай, домбыра!» атты облыстық ақындар мүшәйрасы болды. Бұл додаға жиыр-маға жуық үміткер өлеңжырларын ұсынса, алдын ала ол шығармалар екшеліп, 5 автор таңдалып алыныпты. Жиналған тыңдарман мен әділ қазылар алқасы алдында осы бес ақын өз өлеңдерін оқыды. Мүшәйра қорытындысында өзінің «Айбоз» метафизикалық поэмасымен Қуаныш Оспан бас бәйгені, Саян Есжан екінші, Серғазы Қайырболды үшінші жүлделі орындарды жеңіп алды. Мүшәйраға қонақ ретінде шақырылған облыстық филармонияның әртістері – Төлеген Аманов Біржан салдың «Ләйлім шырақ» әнін тамылжыта шырқаса, Досқан Қалиенов Қазанғаптың «Ақжелеңін» тартты. Мүшәйра иесі – М.Жұмабаев атындағы кітапхананың директоры Құдайберлі Мырзабек шараға қатысушыларға алғысын айтты.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий