Көңіл төрінен орын алған

Басымыз қосылғанда жиі айтылып жүрген әңгімелер енді Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрініс тапты. Жалпы, бұл мақаланы рухани өрлеуіміздің алтын арқауы, өзегі, жаңғырудың тағы бір жаңа жолы деп ауыз толтырып айта аламыз. Әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы көңіл төрінен орын алды. Атажұртын, кіндік қаны тамған жерін сүйетін әр азаматтың көңілін жылылыққа толтырады.

Туған жерін жырламаған ақын, жазбаған жазушы бар ма? Тіліміз бен діліміздің, салт-дәстүріміздің алтын діңгегі, алаштың алтын бесігі – ауыл. Мүмкін, бұл бағдарламада ауыл мәселесі өз орнын тауып, жаңғырар деген үміт ұялайды. Өйткені, ауыл тұнып тұрған тарих емес пе? Тарихта көптеген ауылдардың өзінің біртуар азаматтарының арқасында аттары қалды. Елбасының өз сөзімен айтсақ: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиісті».
Рухани жаңғыру жолында жүзеге асуы тиіс бірнеше міндеттер алға қойылды. Соның бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Елбасы ойтүзер бұл мақаласында: «Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», – дейді. Міне, көптен көңілде жүрген, шешімі тобылар ма екен деген мәселелер осылайша іске аспақ. Лайым солай болғай, ұзағынан сүйіндірсін демекпіз.

Совет БАЛТАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, экономист

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс