Латын әліпбиін енгізудің алғышарттары 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» іске асыру мақсатында «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері жобасы» бойынша республика тұрғындарына түсіндіру, талқылау жұмыстарын жүргізу үшін Көкшетау қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда жаңа әліпбидің тиімділігі, әріптердің реттілігі, санына қатысты талқылаулар жасалып, жаңа әріптердің жазылуы мен дыбысталуына қатысты сұрақтарға жауап берілді.

Кездесуге Шайсұлтан Шаяхметов  атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазы, аталған орталықтың Терминология және ономас-тика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Бақытгүл Ысқақова, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің профессоры, орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының доценті Қасиет Малғаждаров, Назарбаев Университетінің ассис-тент профессоры, әдістемелік жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Ағабекова қатысты. Жиынның модераторы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова жаңа әліпбиге көшуге қатысты өңірде жүргізілген жұмыстар жайлы айтты. Осы кезге дейін мыңға тарта кездесулер ұйымдастырылып, қырыққа жуық шаралар өткен. 400 адамның қатысуымен сынамалар ұйымдастырылған. Биыл облыс бойынша қазақ тілінде білім беретін 2 мектеп, 8 балабақша және 1 колледждің ашылуы да осы жұмыстардың белгісіндей. 14-ші қарашада латын һарпінде жалпыұлттық диктант жазу шарасы өтеді. Оған 15 жастағы баладан бастап барлық ниет еткен адамдар қатыса алады. Интернет сайты арқылы да онлайн қатысу мүмкіндігі болады. Ол жайында алдын ала хабарландырулар жасалады.

Тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы осындай үлкен істі қолға алғанда халықпен санасып, бірлесіп атқарғанда нәтижелі болатынын айтты. Қазақстандықтардың бәрі бірдей дерлік латын әліпбиінің емле-ережесін білмейтін болып шықты. Сондықтан әлі де түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туды. Бүгінгі кездесу де соның бір дәлелі. Басты мақсатымыз қазақтың төл әліпбиін қабылдау. Бұл өзге түркі елдеріне еліктеу емес, дыбыстарды өзіміздің тілімізге сәйкестендіру. Кейінгі ұрпаққа мынау сенің төл һарпің, мынау сенің Астанаң, мынау сенің жерің деп аманат етуіміз керек дейді тіл жанашыры. Өйткені, ұлттың қаны да, жаны да, нәрі де – тіл. Қазіргі қарастырып жатқан латын әліпбиінде 32 әріп бар. Біз Ахмет Байтұрсынов ұсынған 28 әріпті қабылдауға дайындық жасауымыз керек. Қажетті сөздерді өзіміз бейнелеп аламыз деп есептейді тіл мамандары.

Әдістемелік жұмыс тобының мүшесі Қасиет Малғаждаров емле- ережесі бір күнде шешілген жұмыс емес екендігін алға тартып, бұл кезең-кезеңмен іске асатын шаруа деді. Жалпы, латын әліпбиіне көшумен айналысатын орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және техникалық-сараптамалық деген төрт тобы құрылған. Олардың мүшелері 2025 жылға дейін межеленген төрт кезең бойынша жұмыс істейтін болады. Тіл маманы кездесу барысында әріптердің жазылуы мен дыбысталуын экранға шығару арқылы түсіндіріп, кей таңбаларға қатысты келіспеушіліктерін де ортаға салды. Әрине, жаңа әліпби емлесі әлі де талқылау барысында болғандықтан, ол бірден қабылданып кетеді деу ертерек. Кездесу барысында сөз алған тіл мамандары әлемдік түркі тілдес елдермен қарым-қатынас құралына айналатын жаңа әліпбидің тиімділігіне қатысты ой-пікірлерімен бөлісіп, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылар мен студенттердің, мектеп мұғалімдерінің, тілдерді оқыту орталықтарының қызметкерлерінің сауалдарына жауап берді. Республикалық ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері жаңа әліпбиді енгізудің алғышарттары мен емле-ережелерін талқылау бойынша кездесулерін Бұланды және Ақкөл аудандарында жалғастырды.

Г. БӘЙІШЕВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий