Латын әліпбиін оқыту курстары басталды

Шарада қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова латын әліпбиіне көшу – әлемдік өркениет жетістіктеріне бағытталған стратегиялық маңызы зор үрдіс және ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе екендігін атап өтті. Ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола облыстық филиалының директоры Алмас Темірбай көпшілікті мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге шақырды. Қысқа мерзімді оқу курсына ҚАЗТЕСТ бойынша В-1, В-2 деңгейлік сертификаттары бар мемлекеттік қызметкерлер қатысады. Кабинет барлық заманауи құрылғылармен жабдықталған. – Біздің орталыққа кез келген адам курсқа тегін жазыла алады. Азаматтарды оқытатын мамандар Шаяхметов атындағы тіл дамыту курс-тарынан өткен. Мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің қызметкерлері бұл курсқа жазылуға міндеттеледі, – дейді қазақ тілін оқыту орталығының директоры Гүлдана Есмурзина.
Оқыту барысында тың-даушылар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қарым-қатынас фразаларын қолдануды, қарапайым мәтіндерді аударуды, суретке қарап сөйлемдер құрастыруды, өзінің қайда тұратыны, жұмысы мен өзіне таныс адамдар туралы жай сөйлемдерді құрастыруды үйренетін болады. Сол сияқты тіл дамыту сабақтарында мақал-мәтелдер, халық және қазақ тілінде әндерді тыңдап, айтып үйренеді. Тіл жанашырларының сөзінше, бағалау сабағында тыңдаушының әр сабақта меңгерілген білімі тест, бақылау диктанты түрлерінде тексеріледі. Курстың соңында тыңдаушылар емтихан тапсырып, сертификаттарға ие болатын болады.
Қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру заман талабына сай қабылданған үлкен реформа. Кезең-кезеңімен атқарылатын міндеттер өңірде жүйелі жүзеге асырылуда. Жаңа қазақ әліпбиін әзірлеуші ұлттық комиссия мүшелерімен кездесулер, республикалық ғылыми-практикалық конференция, жалпыхалықтық диктант, семинарлар, ашық сабақтар, акциялар, тағы басқа іс-шаралар өткізілді. Бүгінде қоғамдық орындардағы жарнамалар халыққа бірте-бірте латын қарпінде ұсынылуда. Міндеттелген меже бойынша 2021 жылы жеке төлқұжаттар мен туу туралы куәліктер азаматтарға жаңа әріпте беріледі. Құжаттар мен мемлекеттік мекемелердегі қызметтерді толық реформалау 2025 жылы аяқталмақ.
Ақпараттық технологиялардың дамыған заманында латын әліпбиіне көшудің мәні зор. Әлемдік өркениет көшінен қалмай, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуін қаласақ, латын қарпін үйренуді бүгіннен бастау керек. Орталық мамандары осылай дейді.
Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий