Латын әліпбиі – сананың жаңғыруы

Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен 15 қыркүйекте зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Достар» мәдениет сарайында «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» тақырыбымен Ақмола облысы қауымдастығының форумы өтті.

Тәуелсіз Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі – бұл жазуды жаңғырту, тілді жаңғырту, елді жаңғырту болмақ. Егемендігіміз еңселі, тәуелсіздігіміз тегеурінді болып, әлемдік тәжірибені игеруіміз үшін санамызға тың серпін керек. Осындай серпіліс арқылы бүкіләлемдік кеңістікке ене аламыз. Келешек ұрпақ өз кезеңінде тарихи мәселенің ұлылығын мойындайтын болады. Ендігі жұмыс халық арасында аса маңызды қадамды дұрыс насихаттап, ұғынықты жеткізе білу. Дәл осындай пікірлер «Достар» мәдениет сарайында «Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы» тақырыбымен өткен Ақмола облысы қауымдастығының форумында айтылды. Онда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археология кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Марал Хабдуллина, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессорлары, филология ғылымдарының докторлары Бердібай Шалабаев, Ольга Анищенко, педагогика ғылымдарының кандидаты Наталья Жұмағұлова және басқа да қауымдастық өкілдері баяндама жасап, өз пікірін ортаға салды.

Елбасының «Болашаққа бағ-дар: рухани жаңғыру» мақаласында латын тіліне көшудегі маңызды міндеттер бойынша өткізілген облыс қауымдастығы форумында «Өрлеу» кадрларды қайта даярлау Ұлттық орталығының директоры, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің үйлестірушісі Еркін Исімбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының төрт бағыты: «Тәрбие және білім», «Рухани қазына», «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» бойынша біздің өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның аясында «Менің Отаным – Қазақстан», «Алтын қазына» шығармашылық байқаулары ұйымдастырылып, «Сакралды география», «Тәуелсіздік жылдарындағы Көкшетаудың тарихы» атты арнайы жобалар жүзеге асырылуда. Ал «Қайырымды ел – Ақмола» жобасы бойынша қариялар мен мүгедектерге, жетім балаларға көмек көрсетілуде. Осы жұмыс-
тардың бәрі жергілікті ақпарат құралдары бетіне жарияланып келеді. Қалалық «Көкшетау» газеті де «Рухани жаңғыру» айдарын ашып, облыс орталығындағы жылт еткен жаңалықты оқырман назарына ұсынуда. Форумда сөз алған Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат әлем жаңа үшінші индустриялдық революция кеңістігіне еніп, жаңа нейроәлем қалыптаса бастаған кезеңде Қазақстанның латын графикасын таңдауы мемлекеттік деңгейдегі дұрыс әрі тиімді шешім. Бұл мемлекетіміздің өз қауіпсіздігін ғана қамтамасыз ету емес, сонымен қатар дамыған жаһандық өркениеттің үрдісінен қалмау стратегиясы. Ең алдымен барлық қазақстандықтар үшін осы мақсатты санамен қабылдауға үйренуіміз қажет. Рас, әліпбиге көшу барысында көптеген даулы пікірлер айтылып, қиындықтар кездеседі. Сол себепті латын әліпбиіне көшу жұмыстарында дыбыс-фонема-графема-әріп байланыстарын терең түсінетін ғалымдардың, фонолог мамандардың пікірлерін ескерген жөн деп білемін десе, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұл латын тілі көпғасырлық сынақтан өтті. Статистикаға сүйенсек, әлемнің 80 пайыз халқы осы тілді қолданады, әлемдік ақпараттың басым бөлігі осы тілде құрылады. Сондықтан барлық адамзат баласы заманауи технологияларды игеру үшін жалпы қабылданған, жалпы мойындалған графикаға көшуге ұмтылады деді. «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл бұл бастама болашаққа деген құлшынысымызды арттырады. Бүгінде барша қоғамның қызу талқысын тудырған латын жазуына көшу мәселесінің астарында да рухани тұрғыдан әр қазақтың ішкі жан-жүрегі – тілін жаңа жазуға ауыстыру арқылы ұлттық бірегейлігін сақтай отырып, саяси кіріптарлықтан арылу мүмкіндігі жатқанын көреміз. Форумда кейінгі толқын, жастар атынан Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Шыңғыс Жүсіпов те өз ойын айтып, Елбасының бастамасын қолдайтынын жеткізді. Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының мүшесі Наталья Дементьева да бұл бастамаға үн қосты. Латын графикасы қазіргі замандағы технологиялық ортаның, коммуникация мен ғылымның ерекшелігіне айналған. Филолог ғалымдар латын әліпбиіне көшудің терең логикасы бар екенін айтады. Өйткені, бұл мәселе күні кеше ғана қозғалған жоқ және ең бастысы, бұл ел болашағы үшін жасалып жатқан игі іс. Тек латын әліпбиінің нұсқасын қабылдарда аса сақ болу қажеттігі де айтылуда. Жиын барысында сондай-ақ, өңірде «Туған жер» жобасы аясында қолға алынған іс-шаралар талқыланып, бұл бағытта да біраз ұсыныстар ортаға тасталды.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс