Лифт шаруашылығына жаңаша көзқарас

 Лифтілер көпқабатты үйдің көлігі іспетті. Оның қызметінсіз жоғары қабатқа көтерілудің өзі мұң. Кешегі тоқсаныншы жылдардағы елдің есін алған қиын-қыстау заманның ұшқыны нені шарпымады? Лифт шаруашылығын да. Жеделсатының істемейтініне әбден көндігіп, тоғызыншы-он екінші қабаттарға дейін екі аяғына ғана сенген қарттардың, бала-шағаның мүшкіл халі естеріңізде болар. Қирап қалған лифтілердің тамырына 2011 жылғы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы қан жүгіртті.

Көкшетаудағы 89 үйде 220 лифт болса, оларға 3 компания қызмет көрсетеді. 220 лифт қондырғы орнатылған болса, соның ішінде 24 лифті нормативті қызмет мерзімін әлдеқашан өтеп, әбден тозығы жетіп тұр. Елімізде өңірлерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында Көкшетау қаласында 2011-2016 жылдар аралығында 13 лифт ауыстырылған. Сондай-ақ, Горький көшесі, 8 мекенжайында 4 лифт, Центральный,1 үйінде 2 лифт жаңартылған. 2012 жылы Гагарин көшесі, 68, 69 үйлерде, Абылай хан даңғылында 4 лифт іске қосылды.  Лифт шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында 2015 жылы қалада 12 лифт жөндеуден өтті. Былтыр 21 лифтіні жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. Қалада әлі де жөндеуді және пайдалану мерзімі өтуіне байланысты ауыс-тыруды қажет ететін 31 лифт бар.

Көпқабатты үйлерде орнатылған заманауи лифтілерге келсек. Жаңа лифт жайлы тұрғындардың пікірін сұрастырғанымызда, олардың пікірі екіге жарылды. Жәнібек Құсайынов есімді азамат жаңа лифт орнатылғалы подъезде ұрлық-қарлықтың сап тыйылғанын айтты. Қалалық тұрғын үй инспекциясынан алынған деректерге сүйенсек, лифт жабдықтарын ауыстыруға сонау алпысыншы және жетпісінші жылдарда тұрғызылған үйлер кезекте тұрғанын көреміз. Алайда, қаражаттың жеткіліксіздігі барлық үйді қамтуға мүмкіндік бермейді. Жергілікті тұрғындар мен пәтер иелері кооперативтері мүшелері жаңа лифтіні орнатуға қажетті қаражат бюджет есебінен бөлінуі керек деген ескіше ойлау жүйесінен әлі күнге дейін арыла алмай жүр. Соның салдарынан тиісті алымдар жинау жұмыстары ешқандай нәтиже бермей келеді. Қазіргі кезде нарықтағы бір лифтінің құны 8-10 миллион теңге аралығында. Мұндай қомақты соманы көппәтерлі тұрғын үйлерге бюджет есебінен аударудың мүмкіндігі тым шектеулі. Оны сатып алу әрі орнату негізінен тұрғындардың төл ісі боп табылады. Бұл тәртіп «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 35-бабының 2-тармағында тайға таңба басқандай көрсетілген. Бүгінде лифтілердің де адам өміріне қауіп төндіретін басты орындардың біріне айналғанын талайлар байқап жүр. Тозығы жеткен лифтілер еліміздің кез келген шаһарынан табылады. Ал, сол ескірген жеделсатылар қанша адамның өміріне қауіп төндіріп жатқаны айтпасақ та түсінікті болар. Әбден көнерген лифтілердің бірінде қаза тапқан ақтөбелік Айзат Әбдісаматтың оқиғасы бүкіл рес-
публика жұртшылығын алаңдатқаны анық. Осы қайғылы жағдайдан кейін жер-жерде жеделсатылар жөнделе бастады.

Тұрғын үй инспекциясының басшысы Жасұзақ Есіркеповтың айтуынша, қалада соңғы жылдары лифт саласында бірде-бір қайғылы оқиға тіркелмеген. «Заманауи жеделсатылардың құлауы мүмкін емес: олар сақтандыру тетіктерімен жабдықталған, яғни сынатын кезде белгі береді әрі құрылғы автоматты түрде тоқтап қалады. Ондай жағдайларда қызмет көрсететін компаниялар бірден сынған құрылғыны қайта қалпына келтіріп, уақытында регламентті жұмыстарды жүргізулері қажет және тозығы жеткен бөлшектерді жаңасына ауыстырулары міндет», – дейді ол. Алайда, лифтілердің бәрі бірдей өндіріс қауіпсіздігі талаптарына сай келеді деу қиын. Арнайы белгіленген техникалық нұсқаулық бойынша, жеделсатылардың қызмет көрсету мерзімі 25 жылдан аспауы тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін лифт шаруашылығының қызметіне тексерістер жүргізіліп тұрады. Яғни, жеделсатылардың техникалық жағдайы жіті бақылауда. Осы аралықта қаладағы лифт шаруашылығы үздіксіз жұмыс істеп, ел сеніміне селкеу түсірмеді. Мамандардың сөзіне сенсек, жаңадан орнатылып жатқан жеделсатылардың қауіпсіздік деңгейі жоғары. Ұсақ ақаудан бастап әртүрлі сыртқы әсерлерге, тіпті адамның оқыс қимылына да автоматты түрде белгі береді екен. Ал, лифт қауіпсіз болу үшін қарапайым қолдану ережелерін қатаң сақтаған абзал. Бір сөзбен айтқанда, елімізде лифт шаруашылығын жүргізу мен пайдалануға орай жоғарыда айтылған бірқатар жайттар бұл мәселеге қатысты жаңаша көзқарас енгізу қажеттігін көрсетеді.

Әсем ЖҮНІС.

 

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий