Лифт шаруашылығын тәртіпке келтіретін уақыт жетті

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығындағы лифт шаруашылығындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, аула аумақтарының тазалық деңгейі төмен екендігін сынға алды. Көп жерлерді қалың шөп басқан, мердігерлер дұрыс жұмыс жүргізбейді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жағдайды бақылауға алу тапсырылды. 

Бүгінде қала бойынша бірнеше үйдің лифтілері жаңартылуда. Айталық, Горький, 23, 23 а көшелеріндегі тоғыз қабатты үйлердегі жөндеу жұмыстарымен «Тау проджект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Аталған нысандарда осындағы тұрғындар қоқыс үйінділеріне айналдырған шахталар тазартылуда. Бұдан соң арнайы зертхана арқылы тексеру жұмыстары жүргізілмекші. Егер олар жарамсыз деп танылса, жаңартылатын болады. Лифт жеткізуші белоруссиялық «Могилевлифт-маш» ЖАҚ-мен келісімшарт орнатылған. Құралдар 5-7 күнде жеткізіледі. Осындағы жөндеу аяқталысымен жұмысшылар Абай көшесі, 133, 135 үйлерге кіріспекші. Он екі қабатты үйде лифтілер жаңартылады. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушы Лашынтай Дүйсеновтың айтуына қарағанда, өткен жылы Көкшетауда 33 лифт жөндеуден өткен. Биыл да осынша лифт пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қазіргі уақытта 27 нысан бірден мемлекеттік сараптамадан өтуде. Осы ретте ақауы бар құрал ғана емес, жұмыс істеп тұрғандары да бақылауда болады. Мұндай лифтілерде тұрғындардың тұрып қалу жағдайлары жиі кездеседі. «Ең бастысы, жұмыс сапалы жүргізілуі тиіс. Алдымен жұмыс істемейтін лифтілерді жаңартамыз, кейін жұмыс істеп тұрғандары тексерілетін болады»,–деп атап өтті Е.Маржықпаев.
Абылай хан даңғылындағы 30 үйдің ауласында абаттандыру жұмыстары басталған. 12 миллион теңгеге ішкі аумақтың ағымдағы жөндеу сметасын «ИнженерДорПроект» ЖШС жобалық ұйымы құрастырған. Жұмыс жоспарына сәйкес аулада асфальт қабаттары, жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, жасыл аймақ қоршалатын болады. «Ақбас» ПИК-нің төрайымы Вера Бейсембаеваның айтуынша, өткен жылы мұндағы бірқатар үйлер жаңғырту бағдарламасынан өткен. Тұрғындардың ауқымды жұмыстарды атқаруға қауқарлары жетпеген. Сондықтан да бұл жұмыстарды қалалық билік қолға алды. Тұрғындармен әңгіме барысында қала басшысы жасалып жатқан жұмыстарға жоғары баға бере отырып, әркім өз ауласының маңайын абаттандыру мен көгалдандыруға жауапкершілікпен қарауы керектігін ескертті.
«Біз сіздерге қолайлы жағдай туғызу үшін бар мүмкіндікті пайдаланатын боламыз. Жолды асфальттап, бедертас төсейміз, бірақ гүл егу екінің бірінің қолынан келетін шаруа деп ойлаймын. Қалада өз аулаларын гүлзарға айналдырып, өзгелерге үлгі болып отырған тұрғындар турасында мысалдар көп. Жұмыссыздықтан арылу керек. Еңбекке тәрбиелеу, мәдениет пен эстетика отбасынан бастау алуы тиіс. Қолдарыңыздағы балаларыңыз бен немерелеріңізге көп көңіл бөлуге тырысыңыздар»,–деді қала басшысы. Қала әкімі жұмыс сапары барысында қаладағы аула аумақтарының тазалық деңгейі төмен екендігін сынға алды. Көп жерлерді қалың шөп басқан, мердігерлер дұрыс жұмыс жүргізбейді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жағдайды бақылауға алу тапсырылды. Әуезов көшесі, 238 а, Сәдуақасов көшесі, 24, Құдайбердиев көшесі, 78 үйлерінің аулалары қалалық бюджеттің есебінен абаттандырылған. Осындағы заңсыз металл гараждардың көбі алынып, жолдар асфальтталған. Көлік қоятын, кір жаятын орын және ойын алаңдары пайда болған. Қала басшысы атқарылған жұмыс нәтижесіне көңілі толатындығын жеткізді.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс