Мазмұны терең ойталқы өтті

Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан тілдер апталығының мағыналы бір шарасы «Жаңғырудың жаңа белесі – латын әліпбиі» деп аталған ғылыми-практикалық конференция болды. Жиынға қатысушыларды қала әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтап, сәттілік тіледі.

Шараны «Көкше-Меdia» ЖШС директоры, журналист Жалғасбек Сүлейменов жүргізді. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті түркология институтының директоры Сердар Дағыстан, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Лайс Мусиндер латын графикасына көшудің қажеттілігі мен мүмкіндіктері жөнінде баяндамалар жасады. Филология ғылымдарының докторы, тілші-ғалым Бердібай Шалабаев, КМУ проректоры Аманай Сейітқасымов, тіл жанашырлары Гүлдана Есмурзина, Қаратай Төлекеев, Айгүл Талпақова, тағы басқалар пікір қосты.
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуді міндеттеді. Сондықтан, әлем халқының 80 пайызы игеріп, әлемдегі ақпараттың 70 пайызы осы таңбамен тарап отырғанда бұл тапсырманы орындауға шұғыл кірісуіміз керек. Латын әліпбиіне көшудің берері көп. Ол алдымен жаһандану үрдісі үздіксіз жүріп жатқан алмағайып заманда қазақ болып қалуымыздың кепілі. Ұлттық сананы жаңғырту осы әліпби арқылы келеді. Кирилл әрпі қазір дағдарысқа жолыққан әліпби саналады. Балаларын қазақ сыныбынан алып, орыс сыныбына берушілер сол дағдарысқа түсу үстіндегі әліпбиге перзентін берушілер. Олар осы мәселені білмегендіктен солай істеп отыр. Тіпті, поляктар мен чехтар да латынға көшуде. Өйткені, әлемдік ақпаратты алудағы латынның тиімділігін көріп отыр. Латын әлем қазақтарының басын біріктіруге де оң әсерін тигізеді. Ана тіліміздің әуезділігі де осы әліпбиге көшумен қайта оралады.
Ғалымдар бүгінгі ұсынылған латын әліпбиін мұқият үйрене беру керектігін, ал ол алға қарай жетілдіріліп, жол-жөнекей жөнделе түсетінін, сөздіктердің реттелетінін, компьютер тақталарының қолайландырылатынын, болашақта жалпы түркі әлеміне ортақ әліпби шығару жолдарының да ойластырылып жатқандығы сияқты көптеген пікірлерді ортаға салды.
Қалай десек те, халқымыздың басына түскен отарлану процесінен арылу үстінде екенін мойындауымыз керек. Еліміз егемен, Қазақстан тәуелсіз атанғанымен, жылдар бойы уланған рухани жандүниеміздің бас көтеруі үшін латын әліпбиінің қажеттігін басқадан бұрын ұлт жанашырлары ұғынуы уақыт талабы екендігіне назар аударылды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий