Майдангерлер қошеметке бөленеді

Көкшетау қаласында бүгінгі таңда 52 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2,5 мыңнан астам тыл еңбеккері, фашистік лагерьдің 17 тұтқыны, Ленинградтық блокаданың азабын тартқан 4 адам тұрып жатыр. Облыс орталығындағы соғыс ардагерлерінің барлығы дерлік баспанамен қамтылған, бір ардагер осы жаз айында пәтердің кілтін алмақ. Жеңістің 71 жылдық мерекесіне орай майдангерлерге 200 мың теңге, фашистік лагерь тұтқындарына, Ленинград блокадасына қатысқандарға, белгілі бір марапатқа ие болған тыл еңбеккерлеріне 20 мың теңгеден, ардагерлердің жесірлеріне және қалған тыл еңбеккерлеріне 10 мың теңгеден берілетін болады. Облыс орталығында түрлі шаралар ұйымдастырылып, мерекелік отшашу жасалады. Биыл да соғыс ардагерлеріне белгілі бір кәсіпорын, мекемелерде құрмет көрсетіліп, дастарқан жайылады. Бұл деректерді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев алға тартты.

623

Биыл Жеңістің 71 жылдық мерекесіне орай өткізілетін іс-шаралардың жоспары бекітілді. Қалада тұратын барлық майдангер қариялардың үй-жайы тексеріліп, жөндеу жұмыстарын қажет ететін баспаналар тізімі жасалған. Тек бір соғыс ардагері пәтер кезегінде тұр. Ол адамға жазда пайдалануға берілетін көпқабатты үйден баспана бөлінбек. Қаладағы ұйымдарға, кәсіпорындарға бекітілген ардагерлердің тізімі жасалды. Қалалық Жеңіс қорын құру үшін демеушілік көмек көрсетуге байланысты барлық мекеме, ұйымдарға, жеке кәсіп иелеріне хат жолданды. Барлық ардагер-аталар суретке түсіріліп, ұлы мерекеге орай бірнеше стенд дайындалады. Қалалық білім бөлімі, әскери комиссариат пен «Отан» қоғамдық бірлестігі бірігіп, жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің айлығын өткізуде. Ардагерлерге қол ұшын беру жұмыстарынан мектеп оқушылары да тыс қалып жатқан жоқ. Олар өздері тұратын мөлтек аудандағы қарт майдангерлердің тізімін анықтап, үй шаруасына көмектесуде. Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы сыныптарға белгілі бір соғыс ардагерін бекітіп қойыпты. Бұл жақсы бастаманы басқа білім ошақтары қолдауда.
Көкшетау қаласындағы «Тыныс» акционерлік қоғамы, облыстық ауылшаруашылығы басқармасы, облыстық ішкі істер департаменті, «Көкшеэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Бурабай» мемлекеттік табиғи паркі, «Есіл» азық-түлік корпорациясы ардагерлерге дастарқан жайып, қаржылай көмек көрсетіп, концерттік бағдарламасын ұсынып жатыр. Жергілікті «Сбербанк» филиалын ерекше атап өткен жөн. Олар алдын ала ардагерлердің тізімін алып, ардагерлерге өз тарапынан құрмет көрсетпек.
Қаладағы музейлер, шығармашылық ұжымдар, кітапханалар Жеңістің 71 жылдық мерекесіне арналған іс-шаралардың бәріне бір кісідей атсалыспақ. Бұл жұмыстардан Станционный поселкесі мен Красный Яр селосы да қалыс қалмайды. Олар атқарылатын істердің тізімін жіберіп қойыпты. Биыл дәстүрге сай қалалық «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің жүлдесі үшін жеңілатлетикалық эстафета өтеді. Ал, 9 мамыр Жеңіс күні «Мәңгілік алау» жанында басты шара ұйымдастырылып, майдангер қариялардың ерлігі дәріптеледі. Бұл күні Тәуелсіздік алаңында дала кухнясы жұмыс істеп, күні бойы концерттік бағдарлама ұсынылады, кешкілік болатын отшашу қала тұрғындары мен қонақтарының көңілін көтермек.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс