Майдангер шөбересі

Көкшетау қаласындағы №18 орта мектепте өткен ерлік сабағында Ұлы Отан соғысына қатысып, қаһармандық пен қайсарлықтың үлгісін көрсете білген майдангер журналист, ақын Рақымжан Сансызбаевтың өмір жолынан сыр шертілді. Облыстық «Зерде» ғылыми жобалар сайысында үшінші, республикалық байқауда екінші орын алған майдангердің шөбересі, 4 «ә» сынып оқушысы Асанәлі Қорғанбек өзінің ғылыми жұмыстары жайлы айтып, сыныптас достарымен бірге атасының соғыс тақырыбында жазған өлеңдерін оқыды. Қызықты өткен басқосуда мектеп директоры, Ауған соғысына қатысып «Ерлігі үшін» және Ауған елінің «Алғыс» медалімен марапатталған қайсар жауынгер Жақсылық Құланұлы Өтебаев сөз сөйлеп, жастарымызға патриоттық тәрбие беруде мұндай шаралардың өміршеңдік маңызы ерекше екенін атап көрсетті. Және де ол мұрағаттық деректерге сүйене отырып, майдангер-журналист Рақымжан Сансызбаевтың кезінде республикалық әдеби басылымдарда қызмет атқарғанын, соғыстан елге оралған соң облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде де істегенін мақтанышпен айтты. Бір қуанарлық жайт, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі Елордамыздағы ұлттық музейде көшпелі көрме өткізбекші. Онда Ұлы Отан соғысында қайсарлықпен елін қорғаған ақмолалық және көкшетаулық майдангерлермен бірге журналист ақын Рақымжан Сансызбаевқа арналған экспонат та бар. Онда ұрпақтары шығарған «Бес оқ» кітабы, майдангердің құжаттары көрсетіледі. Тартымды өткен жыр кешінде қайсар офицер Рақымжан атаның осы ерліктері жайлы келіні Айтжан Сәрсенбайқызы сөз сөйлеп, аталған шараны өткізуге ұйтқы болған сынып жетекшісі Аида Бақытжанқызы Кенжебаева мен қолдау көрсеткен мектеп директоры Жақсылық Өтебаевқа шынайы ризашылығын білдірді.

Айтжан САНСЫЗБАЕВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс