Мал азығы маңызды

Қазақта «Қылышын сүйретіп қыс келеді» деген сөз бар. Бұл халқымыздың қай кезде де сақтанып отыратынын көрсетсе керек. Тіршілігі малмен байланысты қазақтың бұл өмір дағдысы десе де болады. Сондықтан күні бүгінге дейін осы сақтық әр жыл сайын қайталанып отырады. Мал шаруашылығымен айналысатын біздің өңірде қыстық мал азығын дайындаудың маңыздылығы күн өткен сайын артуда. Мал азығы – ертеңгі ел азығы болғандықтан мал жемінің жайы қандай? Қыста қиналмас үшін қандай дайындық шаралары жүргізілуде?
Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте алдағы орақ науқаны, мал азығын дайындау, фитосанитарлық жағдай және ауылшаруашылығы алқаптарын аса қауіпті зиянкестерден қорғау мәселелері талқыланды. Жаз бойы тамшы тамбай, алқаптардың кенезесін кептірген құрғақшылық алынуы тиіс астық көлемін күрт азайтқаны жасырын емес. Кәсібінің шырайын енгізген адал малының амандығын тілеген шаруалар қазірден жем азығына мығым кіріскен. Қыс-
таққа мал азығының мол қорын дайындау – қазіргі басты міндет болып отыр. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, төрт түліктің бабын тауып, қақаған қыстан аман өткізу үшін осы бастан жемшөпті жетерліктей дайындау керек екені бәрімізге белгілі.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Димаш Таласбаевтың айтуынша, биылғы егіс алқабы 5 млн гектардан асты, бұл өткен жылдың деңгейінен 179 мың гектарға жоғары, майлы және жемшөп дақылдары тиісінше 267 және 191 мың гектарға себілді, бұл да өткен жылдың көрсеткішінен тиісінше 57 және 6,1 мың гектарға жоғары. Алайда, биыл облыс диқандары үшін күрделі жыл болып отыр, 30-40 мм-ден аспайтын топырақтағы ылғалдан өнім аз шығуы мүмкін деп болжанып отыр. Дақылдардың вегетация-
лық кезеңінде жауын-шашынның мол болмауы шығымға кері әсер етті. Егіндікөл, Қорғалжын, Жақсы және Атбасар аудандарында шамамен 100 мың га алқапта дала жануарларының егістікті таптауы да жағдайды нашарлатты. Егер өнім жинауға жарамсыз болса, есептен шығарылады. Дегенмен, дәнді дақылдардың жалпы түсімі 3,5-3,6 млн тонна шегінде болжануда, орташа өнімділік 7-8 ц/га.
Сондай-ақ, Димаш Таласбаев аграршыларды арзандатылған отынмен қамтамасыз ету, ауылшаруашылығы техникасы паркін жаңарту, астық қабылдау кәсіпорындарының дайындығы, өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялау мәселелерін қозғады. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының ақпаратын тыңдаған өңір басшысы егіс алқаптарын ұлғайту бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған бірнеше ауданды атады. Ол өңірлер бойынша егіс алқаптарының құрылымына толық талдау жүргізуді тапсырды. – Жағдай мәз емес, жауын-шашын аз түсті, диқандар астықтың әрбір дәні үшін күресуі тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі.
Жемшөп дайындауға келетін болсақ, айдың басында 784,4 мың тонна шөп қоры немесе қажеттіліктің 62,3% дайындалды, ол 1,2 млн тоннадан асады. Облыстың әр өңірінде аудандар мен қалалар әкімдерінің төрағалығымен жедел штабтар құрылды, 2021-2022 жж. қыстауға арналған шаруашылықтардың барлық санаттарында ауылшаруашылығы жануарларын азықпен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді және бекітілді.
Басқарма басшысы аудан және ауылдық округ әкімдіктерінің назары халықтың әлеуметтік осал топтарын азықпен қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, облыста жұрт дүрлігіп, жаппай малдарын сойып жатқан жоқ. Оған негіз жоқ. Шөп шабылып жатыр, егін орағы басталысымен сабан, жем болады. Ірі ауылшаруашылығы өндірушілерімен өз бетінше жемшөп дайындауға мүмкіндігі жоқ жеке қосалқы шаруашылықтарды шөппен қамтамасыз ету бойынша 372 меморандум жасалды, пайдаланылмай жатқан бос ауылшаруашылығы алқаптары халыққа шабындық үшін беріледі. Сондай-ақ, агроқұрылымдар пай есебінен де қамтамасыз етеді, өз жұмысшыларын да назардан тыс қалдырмайды. Қыста 640 мың бас мал қолға келеді. Қосымша 245 мың тоннаға жуық пішен, 190 мың тонна сүрлем, 750 мың тонна сабан, 650 мың тонна жемшөп дайындалады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий