Мал сүйегіне өрнек салған

Халқымыздың төл мәдениетін әлемге паш ететін қолөнер саласы десек, ешкім дау тудырмас. Тері, сүйек, ағаштан қашап түрлі туындыны жасап шығару оңай шаруа емес. Бұл саланы қазақ халқы ертеден-ақ игерген. Бүгінгі таңда осы ата кәсіпті жанына серік еткен жандар да бар. Солардың бірі әрі бірегейі қойдың жауырынына өрнек салатын қолөнер шебері – Бектас Кәрім. Шортанды аудандық мәдениет үйінде еңбек етіп келе жатқан ол бала күнінен бастап осы салаға қызыққан. Қойдың жауырынын мүжіп отырған қонақтарға қарап әрі малдың осы мүшесімен адам емдейтін жандардың бар екенін естіп жүретін ізденімпаз бала бара-бара сүйекке өрнек салуды қолға алды. Бастапқыда күннің көзін, гүлді өрнектесе, кейін қазақ халқының көне жазуларының таңбаларын, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін түсіруге тырысты. Бүгінгі таңда Бектас Кәрім еліміздің символына айнала білген айшықты оқиғаларды да бедерлеуге әбден машықтанған өңірге есімі белгілі шебер. Ол жеке көрмесін ұйымдастыра жүріп, жаңа дүниелер тудыра бастады. Оны тамашалауға келгендер таңданыспен бас шайқаса, енді бірі тапсырыс беруге ұмтылды.Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне суретші, қолөнер шебері Бектас Кәрімұлының «Байтақ дала бедері» атты жеке шығармашылық көрмесі Көкшетау қаласындағы әдебиет және өнер музейінде өтті. Көрмеде ешкі мен қойдың жауырын сүйектеріне жасалған қолөнер туындылары жұрт назарын аудартты. «Бүгінгі күнге дейін көптеген көрмелерде жұмыстарым көрсетілді. Өскелең ұрпақ өз салт-дәстүрін ұмытпауы керек, мен бос уақытымды жастарға арнап, осындай өнер түрін оларға да үйре-темін. Бұл композияциялардан қазақ халқының тұрмысын, салт-дәстүрін, өмірін байқауға болады, – дейді Бектас Кәрім. Бұл көрменің мақсаты – қылқалам шеберінің шығармашылығын көпшілік қауым-ға насихаттау, халықты мәдени ошақтарға тартып, жастардың қызығушылығын арттыру болып табылады. Өткізілген шараға Ақмола облысының мәдениет басқармасы, сонымен қоса зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары, ЖОО ұстаздары мен студенттер қатары қатысты. Қол қусырып қарап отыруға үйренбеген шебер, бос уақытын шығармашылығын шыңдауға жұмсайды. Шебердің екі жұмысы облыстық тарихи-өлкетану музейінде, сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласындағы ұлттық музейде сақталған. Бектас Кәрім «Шортанды ауданының құрметті азаматы» атағын лайықты алып жүрген жан. Алдағы уақытта да қайталанбас туындыларымен талайды таңдандыра түспек.

Айғаным ЕРБОЛҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий