Манарбек

Ол салт-санасын сақтаған, қаймағы
бұзылмаған қасиетті мекен –
Баян-Өлгей аймағындағы киелі ұйық
Көксерке тауының бөктерінде 1991
жылдың күзінде дүние есігін ашты. Өзін таза қазақи ортада тәрбие алып, көшпелі өмірді көзімен көріп өскен қонақжай ұлт ұрпақтарының соңғы жұрнағымын деп
санайды. Киіз үйде тұрып, төрт мезгіл
қоныс аударып, «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп ғұмыр кешкен жандардың ортасында өсті.
Бақытты балалық шағы өткен ерекше бір дәурен әлі күнге дейін сағыныштың қылын шертіп, санасында жаңғырып тұрады.

Жалаңаяқ қозы бағып, саба пісіп, өреден құрт ұрлап өскен Манарбек баланың ой-қиялы кең даланы кезіп, шартарапты шарлап кетуі де жайдан-жай емес. Ананың әдемі әлдиі мен бесік жыры арқылы, әженің ертегісі мен атаның нақыл сөздері бойына сіңген асыл қасиеттермен өріле жымдасып, жыр болып төгіліп, ән болып өріліп түскен. Жасыл жайлауда асыр салып ойнап, алаңсыз өскен балғынның балауса жырлары да әсем табиғат, ата-анаға деген махаббат, туған топыраққа деген сүйіспеншіліктен туғаны да бекерден-бекер емес. Себебі, Байөлкенің базарлы да, назарлы да, думанға толы тірлігі әдет-ғұрып, салт-сананы санаға сіңіре, тұла бойға тұндыра білетін де қасиеті бар еді. Сол қасиет денеден бөлшектесең де кетпейтін, жадыда сақталып, күнделікті тіршіліктің заңды қағидасына айналып жүре беретін. 2005 жылы Атақоныс ақ мекенге ат басын тіреуге ниет етіп, ата-бабасының кіндік қаны тамған туған топырақтың иісін сағына жеткен қандас бауырларымыздың ұлы көшіне ілескен әкесіне әлі күнге дейін алғыс айтатыны да сондықтан. Өйткені, түпкі тамыр, түпкі негіз бәрібір айналып келгенде өз қазығына оралатын аттай адам баласының мойнын бұрғызып, тұнық бастауларына әкеледі.
Таныс болыңыздар, Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы, сегіз қырлы, бір сырлы – Манарбек Қыдыр-
бай. «Жігітке жеті өнер де аз» деген қағиданы жадына тұтып, жалындап жүріп, талай белесті бағындырған азамат. Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінде «Драма театр артисі» мамандығы бойынша білім алып, Қазақ Ұлттық Өнер университетінде «Кинотеледраматургия» бөлімінде оқып, үздік диплом алып шыққан. Ақындығына қоса, драматургия саласына қалам тербеп, драмалық туындыларын сахналап та үлгеріп, талай додаларда топ жарған жеңімпаз буынның алдыңғы қатарында келеді. Қазақстан Республикасы «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, халықаралық «Шабыт»
фестивалінің дипломанты. «Ауылым – алтын тұғырым», «Тәуелсіздік толғауы-2017», «Жастар жалыны-2015» ақын-жазушылар, Сәкен сері Жүнісов атындағы прозашылар байқауының, «Құлагер» шығармашылық конкурсының драматургия жанры бойынша жеңімпазы. 2018 жылы түсірілген «Біржан сал елі» деректі фильмі мен «Менің құрбым Мира», «Құштарлық» атты қысқа метражды фильмдердің сценарийін жазған. «Сал-серілер» атты инсценировкасы жергілікті театрда сахналанған. Төл туындыларымен «Әдебиет порталы» арқылы оқырман қауымға танылып та үлгерген. Қазіргі таңда Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
Манарбек өлеңге деген құштарлығын қанмен келген қасиет деп санайды. Себебі, әулетінде «әу» демейтін бірі жоқ, «түйедегінің төрт ауызы, атқа мінгеннің алты ауызы» бар дегендей, ұйқас қуып, шумақ құрамай қиналатын жанды таба алмайсыз. Әкесі де, ағалары да өлеңнен құр алақан емес. Бірақ олар ақындық жолға түспеген. Монғолияда тұратын Декат деген ағасының ақындығы бір төбе, азаматтығы бір төбе. «Қызыл жорға» деген кітабын жата-жастана оқып, өзіне үлгі тұтқанын да жасырмайды. Мектеп қабырғасында «Абай оқулары», «Мұқағали оқулары» байқауларына қатысып, бағын сынап жүретін. Алайда, әу бастағы мақсаты театрдың драма әртісі болу еді. Ақан сері атындағы мәдениет колледжі қабырғасында білім алып жүріп, ақындықпен қатар актерлік шеберлікті меңгерді. Жазу-сызуға деген қабілетін мектепте алғаш байқаған мұғалімі Гүлжан Қайыржанқызы болатын. Ал, колледжде актерлік білім алып жүрген жас дарынның қабілетін танып, қолдаған, өнердегі екінші анасы санайтын марқұм Айжан Бадырқызы еді. Жазушылық қырына ерекше мән берген білікті ұстаз шәкіртіне көбірек ізденіп, көп оқып, талаптануға, алға ұмтылуға кеңес береді. Сондықтан Манарбектің сөз қуып, өлең жазып, прозалық шығармаларға бет бұрып, драматургия саласына да қалам тербеп жүрген жайы бар. Бірақ әлі де пьесаларын жетілдіру қажет деп санайды. Қазақ Ұлттық Өнер университетінде Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Роза Мұқановадай ұстаздан дәріс алып, сөз өнеріне баптағаны үлкен мектеп болды. Әңгіме жазуды да сол білім ордасында бастады. Драматургия – өте кірпияз жанр. Кенже қалып қойып, қазір аяғынан тұра бастаған, кейінгі толқын жастар меңгеруге бет түзеген, жаңару жолына түскен жанр десе де болады. Көкшетау мәдениет колледжінен түлеп ұшып, Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында Дулат Исабековтен білім алған Қолқанат Мұрат деген жігіт драматургия жанрына ден қойған бірегей жастардың қатарында. Манарбек те сол қатардан ойып тұрып орын алсам дейді. Көкшетауда толыққанды әдеби орта бар деп айта алмаймын деуінде де сыр бар. Талантты жастарды бір арнаға тоғыстырып, басын қосып ұйыстыратын үлкендердің де қатары сиректігіне көңілі құлазиды. Көбінесе өзімен-өзі, саяқ жүретіні де сондықтан. Жатырқауық жас өзінің бағытын табу жолында. Бұл жолда әлем драматургтерінің шығармаларына үңіліп, қазақ жазушыларының туындыларын талдап, кейінгі толқын замандастарының шығармаларын тауып оқуға баса мән береді әрі осы саланың заманауи бағытын игергісі келеді. Бүгінгі көрерменнің не қалайтынын, не қызықтыратынын нақты біліп барып, жаңа дүниелер тудыруды жоспарлап жүр. Өмірде еңбекқор әкесі мен шешесінен үлгі алса, өнерде өзінің көңіліне жаққан кейіпкерге, белгілі бір тұлғаға «болмаса да ұқсап бағуға» тырысады.
Манарбек Қыдырбай Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында әдебиет бөліміне жетекшілік етеді. Рухани ордаға актер болып қызметке тұрғанымен, сахнада ойнағаннан гөрі, көрерменге ұсынылатын қойылымдардың мәтіндерінің дұрыс шығуына, әрлейтін әндерді таңдауға, премьераның жоғары деңгейде өтуіне, сайттарға, газет-журналдарға мақала жазып, БАҚ-пен байланыста болуға жауапты саналады. Осы қызметке келгеннен бері Манарбек әр сахналық қойылымдағы актерлердің сөздерінің дұрыс айтылуына мән беріп, қадағалап келеді және сол жауапты жұмыстың дұрыс істелуіне үлесін қосып жүр. Ең алғаш «Сал-серілер» драмасының инсценировкасын жасаған болса, қазір театр директоры Мұратбек Үкібайұлының жетекшілігімен
әлеуметтік роликтер түсірумен айналысып жүр және соған сценарий жазады. Киносценарий жазуға да машықтанып жүрген жайы бар.
Манарбектің мақсаты үлкен, арманы асқақ. Биыл тырнақалды дүниесін жарыққа шығарсам деп жоспарлап жүр. Оны басып беруге қолдау жасайтын ағалар табылса құба-құп. Пьеса жазып, драматургия жанрында жаңа туындыларды дүниеге әкелуді де ойластырып жатыр. Олар да рет-ретімен бола жатар дейді. Роман жазғысы келеді. Тәуелсіз елмен түйдей құрдас Манарбектің мақсатына жетуіне тілектеспіз. Әрдайым жолың ашық болсын дейміз.

Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий