«Манасты» қазақша жырлап!..

              Қорғанбек АМАНЖОЛ

  Әйгілі манасшы, жыршы, атақты ақын, жазушы Баянғали Әлімжановты сонау жас кезінде-ақ қазақтың ақтаңгер ақыны Ғафу Қайырбеков «Баянғали-феномен» деп кеткен ғой. Құбылыс десең, құбылыс! Өнер шіркінді Жаратқан Ие бір басына төгіп, бере салған! Баякең әуелі айтыс-кер ақын, манасшы болып айды аспанға шығарса, одан келісті драмалар туындатып таңдай қақтырды, кейін өзі бас рөлдерді сомдап, киноны өзі түсіріп кинорежиссер атанды. Халқымыздың асыл туындылары – жырларды жатқа төгер жыршылығы тағы бар. Кешелер «Сказ столетнегостепняка» деген романын өзі орысша жазып қайран еткен. Ерекше қуатты, тасқын шабытты Баякең жақында талайға шаң қаптырып, тағы да оза шапты. Бұрын «Манасты» қырғызша жырлап, қырғыздардың өздерін айран-асыр қылып жүрсе, енді сол ғажайып жырды ағамыз қазақша сөйлетуді қолға алып, аяқтапты. Ол дүниесі кітап болып шығып, көпке таныстырылып та үлгеріпті. «Қолға алды» дегенде, күндеп емес, айлап жырланатын туындыны тағы да қазақша өзі айтады.
Бұл – қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі ерекше бір жаңалық екені даусыз. Қазақ оқырманы үшін үлкен олжа. Оны атқарған сіз бен бізге етене таныс, кезінде «Көкшетау» мәдениет сарайында жырлары мен айтыстарын айызымыз қанып тыңдайтын ағамыз Баянғали Әлімжанов. Біз талантты жерлесімізді осынау ерекше табыс, берекелі биігімен қызу құттықтаймыз!
Осы жарқын жаңалық жасындай жарқылдап шабытына шоқ түсірген болса керек, бүгін халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қорғанбек Аманжол жыр шашуын жолдапты. Төменде – ақын тебіренісі.

«МАНАС» пен БАЯШ
Баянғалиға

Қырғыз халқының «Манас» эпосының Баянғали Әлімжанов жинақтап аударған жаңа нұсқасы Халықаралық Түркі академиясы арқылы қазақ оқырманына жол тартуына орай сүйінші жыр.

Аққұла тұлпар ағындап,
Арқаға жеткен Манасым.
Қауышты тағы жадырап,
Сағынған екен Алашым.
Тарихтың көген түбінен
Толайым жеткен Манасым.
Бересім көп-ау шынымен,
Нақ сенде нағыз аласым.
Ескіден жеткен есті өлең,
Жаңамен тапқан жарасым.
Асу да асу көш-керуен,
Алапат жырым – «Манасым».
Манасшылардың мақамы-ай,
Таппайды толас күрілдеп.
Боздайды кейде ботадай,
Қозғайды жанды дүрілдеп.
Суындай таудың сарқырап,
Саяқбай ата ырлайды.
Асаудай кейде арқырап,
Байыздап әсте тұрмайды.
«Манасты» Шоқан танытты,
Марғасқа Мұхаң қорғады.
Архивтен ізін тауыпты
Алаштың Әлкей заңғары.
Түркіге ортақ жыр еді,
Қазақ пен қырғыз бір еді.
Аяны түсіп, дір еткен
Баяштың батыр жүрегі.
Аруағы қонып, арқаға
Қанат та бітіп оянған.
Олжа-жыр салды ортаға,
Манастан келген аяннан.
Манас пен Баяш тағы да
Аламан асыр өмірде.
Алаштың туып бағына,
Алқаса Тәңірі – тегін бе?!

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий