МанМанарбек ағаның қамқорлық құшағы

«Көкше өңірінде ұлттық өнердің негізін қалаған Манарбек Бексейітов дүниеден озыпты!» – деген суыт хабарды естіген кезде  есеңгіреп кеткенім әлі есімде. Жан-дүнием әлем-тапырықтанып, өзімді қу далада жалғыз қалғандай сезіндім. Айнала қара түнектеніп, қызыл-жасылды қанық бояулардың өзі сүреңденіп, қошқыл тартып кеткендей. Құдды өзімнің ең жақын адамымды жоғалтқандай күй кештім. Дәл осы көңіл-күй қырық күн бойы жанымды күйзелтті. Күнде қамқор алақанын сезініп, мейірімін көріп жүрген адамыңмен енді қайтып жолықпайтыныңды, жылы сөзін естімейтініңді білгенде ойың сан-саққа жүгіріп, миың жарылардай болады екен. Манарбек аға маған тек ақылшы ұстаз ғана емес, қамқор әкедей еді. Асыл адамды жоғалту қыз баланың асқар тау тірегінен айрылуымен бірдей болғаны шындық. Жүрек түкпіріндегі сол жара әлі күнге дейін сыздайды. Көзіме жас келеді. Жайдарлы жанның қадіріне жете алмай қалған шәкірттерінің атынан осы жүрек қылын шертер естелігімді жазуды қолға алғаным да сондықтан. Көкше өңіріндегі өнерді ту биікке көтеріп, бірнеше буын таланттар мен дарындар көшін тәрбиелеген арда азаматтың есімін өзі құрған білім ордасының 40 жылдық мерейтойында қайта бір жаңғыртуды міндетім деп ұқтым. Бұл ойымды мен құралыптас музыканттар қолдайды деп сенемін. Өмірде сирек кездесетін қайталанбас тұлғаның тұғырын биіктетуді шәкірттік парызым деп білдім.

Манарбек Бексейітов басшы, тәлімгер, ұстаз ғана емес, сонымен қатар ауылдың қара домалақтарының қамқоршысы еді. Музыканы сүйетін, оның тілін білетін, жүрекпен сезетін балаларды бірден бауы-
рына тартатын. Өзі жетекшілік ететін оқу орнына қолынан жетектеп әкеліп кіргізетін. Тәртіпке көнбей қияңқылық танытатындарын тезге салып, құжаттарын қолына ұстатып, қуып жіберетін де, райынан қайтқан күні қайтадан оқуға шақырып алатын. Өйткені, ол баланың бойындағы талантын тапыраңдаған тентектігінен жоғары қоятын. Ал, жаны нәзік қыз балаларды үкідей үлбіретіп, бетінен қақпай, мейіріммен тәрбиелейтін. Жұмыста қаншалықты қатал болса да, қыз балаға келгенде жібіп сала беретін. Жастардың бойына рухани байлықты бойлатып қана қоймай, қазақ өнерінің қадір-қасиетін таныту арқылы парасаттылық, адамгершілік дәнін себетін.
Көкшетау музыкалық колледжіне сексенінші жылдардың соңын ала келген жастардың бір нөпірінің қатарында мен де бар едім. Қос шанақтан төгілетін әсем сазға елтіп, табиғатыма жақын әуендердің көңіл күйімді көрікті ететінін түйсінген кезім. Қазақтың қара домбырасына деген ыстық ықыласымды сезді ме, Манарбек Қасымұлы мені өзі тікелей шәкірт етіп, одан кейін Көкше өңірінде тұңғыш «Оқжетпес» фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрған кезде, шақыртып алды. Өнер ұжымының құрамында кілең оқытушылар екен, арасында тек екі студент қана болдық. Соның бірі мен, екіншісі халыққа әлі танылып үлгермеген сазсырнайда ойнайтын Салтанат Бекенова еді. Сол кезден бастап еліміздің түкпір-түкпірін аралап, шетелге шығып, өнер көрсеттік. Мәскеуге барып, Варшава астық. Польшаның он қаласын жиырма күн аралап, шетелдік көрерменге концерт қойдық. Қазақтың тамаша аспаптарының үнін таныстырып, қайталанбас туындылармен тәнті еттік. Бізге деген көрерменнің сол сездегі ықыласын сөзбен жеткізу қиын.
Тіпті, үкіметтік жиындарда да өнер көрсететін болдық. Осыдан-ақ «Оқжетпестің» деңгейі қандай болғанын пайымдай беріңіз. Домбырада Мұхамеджар Рахымберлин, Әміржан Мәкенов және мен, ұрмалы аспаптарда Тұрлықожа Базаров ойнайтын, ансамбльдің құрамында біздің өңірге алғашқылардың бірі болып қыл қобыздың үнін естірткен Нұргүл Нұрмышева, әншілер Қажыбай Жахин, Жақып Көшкенбаев, Бекболат Өтеулиевке бас игендер көп еді. Ал, көне аспап-жетігенде Манарбек ағаның өзі ойнайтын. Телерадио мемлекеттік комитетінің төрағасы Сағат Әшімбаев «Оқжетпес» фольклорлық-этнографиялық ансамблін республикалық телевизияға арнайы шақыртып, Тұңғышбай мен Құдайбергеннің «Тамаша» ойын-сауық ота-уына қатыстырды. Сөйтіп, қазақстандық көрермен алдында көгілдір экраннан өнер көрсетіп, мәртебеміз өсті.
Манарбек ағаның мінезі қызық еді. Кейде қаталдық танытып қорқытып алса, енді бірде анекдот айтып күлдіретін. Тарихқа қатысты танымдық деректерді көп білетін. Бізді әңгімесіне ұйытып тастайтын. Қазақ бөлімінің студенттері өте ұйымшыл едік. Дайындық жұмыстарына бір кісідей жинала қалатынбыз. Қазір біздің өңірде музыка саласында еңбек етіп жатқан жандардың бәрі Манарбек ағаның алдынан тәлім алған, тәрбиесін көрген. Ол кісінің дирижерлік қабілеті бір бөлек әңгіме. Ансамбльдің алдына тұра қалып, таяғын сермеп қалғанда, басқа бір әлемге енгендей күй кешетін едік. Дауылдатқан жырлар, күмбірлеген күйлер, шабыт шақырар шығармалар шалқитын. Дирижердің қимыл-қозғалысын қалт жібермей, кірпік қақпай қарап, қателеспеудің қажеттігіне қатты мән беретін едік. Бұл жерде ұстазымыздың абыройы алдыңғы қатарға шығатын. Ол кісінің төккен тері зая кетпеу үшін бізде барымызды салатынбыз. Бірнеше аспап үйлесім тауып, бір арнаға тоғысып, бір толқында тербелгенде сұлу саз сезім қылын шертіп жүре беретін. Ырғақпен тербелген ұстазымыз да жадырап, жасындай жарқылдайтын.
Манарбек Қасымұлының маған әкелік қамқорлық танытқан тағы бір тұсы оқуымды тәмамдағасын Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжіне қолымнан жетектеп алып келгені. Ол кезде аталған білім ордасын Мұрат Ыдырысов басқаратын еді. Сол колледжде табан аудармастан 20 жыл жұмыс істедім. Әр шәкіртінің тағдырына алаңдаулы ұстаз қайда жүрсек те, халімізді білуге тырысатын. Жолы болмай жүргендерді қолтығынан демеп, жігерлендіретін, беті қайтып қалғандарына бағыт сілтейтін, теріс жолға түсіп кеткендерді түзейтін. Дәл осындай жанды күні бүгінге дейін кездестірген жоқпын десем, артық айтқандық емес. Шіркін, қазір Манарбектей алып тұлғалы ағамыз жанымызда жүрсе, қаншама белесті бағындырып, қаншама асуды алатын едік ғой! Жатқан жеріңіз жайлы болғай деп дұға етуден басқа шара жоқ бізде. Сізге қашанда қарыздармыз, ұлы ұстаз!
Менің ендігі мақсатым – өзімнің шәкірттерімді қатыстырып, Манарбек Қасымұлына арналған шығармашылық кеш өткізу. Ол алдағы күннің еншісінде. Сол арқылы ұстазыма деген ықылас-пейілімді танытпақ ойдамын.

Бақтыгүл ДӘУЛЕТЖАНОВА,
Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің оқытушысы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс