«Махаббат аялдамасында» ғашық жүрек қауышты

Көкшетау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Достар» мәдениет сарайында Ғашықтар күніне орай «Махаббат аялдамасы» атты шоу-бағдарламасын ұйымдастырды. Оған студенттер мен оқушылардан құралған жастар қатысты. Бағдарлама тапсырмалары бойынша өнер көрсеткен жұптардың арасынан қазақи тәрбие мен болмысты, ғашықтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен кіршіксіз сезімін жеткізе білген Көкшетау медициналық колледжінің студенттері Азамат Теңелген мен Райхан Ғазизова байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Қалған 6 жұп «Сүйкімді жұп», «Көңілді жұп», «Жарасымды жұп», «Өнерлі жұп», «Тапқыр жұп» атанып, «Көрермен көзайымына» айналып, арнайы сыйлықпен марапатталды.

DSC_6413

Сәуір айының 15-ші жұлдызын жастар өздерінің қалауымен «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» күні, яғни Ғашықтар күні деп белгілеген еді. Бұл бір жағынан Валентин күнінен қазақ жастарының бойын аулақ салдыруды көздейтін шара. Әрі өз тарихымыздағы махаббаттың символдарына айналған ғашықтарды насихаттаудың да бірден-бір жолы. Жылдан-жылға қазақ жастары осы күнді атап өтуге бейімделуде. Бұл өте жақсы үрдіс. «Махаббат аялдамасы» деп аталған бағдарламаға қатысқан жұптар алдымен бір-бірімен танысу тәсілдерін көрсетті. Олардың бірі аялдамада, бірі көшеде, енді бірі вокзалда жолыққан. Бірі ән айтты, енді бірі биледі. Жастар одан кейін өнерлерін ортаға салды. Ал, қазақ әдебиеті мен тарихындағы ғашықтардың образын театрландырылған көрініс арқылы сомдауда Қозы мен Баянның, Еңлік пен Кебектің, Қыз Жібек пен Төлегеннің кейпіне енген жастар қос ғашықтың арасындағы сезімді көрсетуге тырысты. Қатысушылардың арасында №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясынан келген Константин Таран мен Эльмира Кононованың барлық сахналық қойылымдарын таза қазақ тілінде орындауы көңілге қуаныш ұялатты. Байқаудың барлық сынынан сүрінбей өтіп, көрерменнің көңілінен шыққан жұп Көкшетау медициналық колледжінің студенттері Райхан Ғазизова мен Азамат Теңелген болды. Қазақ тілінде таза сөйлеп қана қоймай, мағынасы терең мәтінінің мәнін ұғына ойнай білуі де бірден сезілді. Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжден қатысқан қос жұп та жақсы өнер көрсетті. Дегенмен сахналық қойылымдарында және ән айтуда біршама қателіктерге жол берілді. Дайындықтары да шамалы екені көрініп тұрды. Баға да соған сәйкес қойылды. Нәтижесінде «Арна» колледжінің қатысушылары Нұрым Меңдібай мен Сабина Нұртай «Сүйкімді жұп», Жоғары колледжден келген Қасиет Әбдірахманов пен Зеннат Қымбат «Тапқыр жұп», №5 «Таңдау» гимназиясынан қатысқан Таран Константин мен Эльмира Кононова «Өнерлі жұп», Жанайдар Мусин атындағы педагогикалық колледжінің қатысушылары Дәуіржан Өнерхан мен Еркегүл Мақжанова «Көңілді жұп», №1 сервистік- техникалық колледж оқушылары Әділхан Нұрлан мен Мәдина Мұхамеджарова «Жарасымды жұп» атанды.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс