Мақсатымыз – қоғамдық тәртіпті нығайтып, халық сенімін ақтау

Қарапайым халық погон таққан адамдарды көргенде бір түрлі сескеніп, бойын аулақ ұстауға тырысатыны бар. Оларға «жазалаушылар» деп қарайтын әдетінен әлі де жаңылған жоқ. Қазір оның статусын өзгертуге күш салынып жатыр. Халықтың тәртіп сақшыларына деген сенімін арттыру, яғни оларға үрке қарамай, көмек беретін орган қызметкері ретінде қарау және қолдан келгенше өздері де көмектесуге дайын болуы қажет. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылған жергілікті полиция қызметінің аясы кеңейіп келеді. Олар Көкшетау қаласындағы жалпы тәртіпті қадағалап қана қоймай, басқа салаларға да көмек қолын созады. Яғни, жергілікті полиция қазір әмбебап полиция ретінде түрлі мекеме, ұйымдардың өтініш-тілектерін қанағат етеді. Жұмыс та артқан, міндет те асқан. Бұл жайлы қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция подполковнигі Серік Зейнуллинмен сұхбат барысында белгілі болды.

«Көкшетау» газеті: Серік Папашұлы, алдымен күнделікті жұмыс кестеңіздің қандай екенін айтып өтсеңіз.
Серік Зейнуллин: Таңғы сағат 7-ден түнгі кезекшіден алынған мәліметтерді бір қарап шығамын. Қанша қоңырау шалынғаны, олардың қандай бағытта болғаны, қандай қылмыс түрі орын алғанын біліп отырамын. 7.15 сағатта облыстық ішкі істер департаментіне баяндама жасаймын. 7.30-сағатта жол патрулі жеке құрамының батальонынан құралған 8 экипаж көшелердегі тәртіпті қадағалауға шығады. Олармен алдын ала нұсқаулық өткізіледі, денсаулығының дұрыстығына, киім-кешегіне, қару-жарағының қалыпта болуына мән беріледі. Сағат 8.30-да облыстық ішкі істер департаментінің басшысы тәуліктік ахуалға қатысты селекторлық мәжіліс өткізеді. Айналасы 10-15 минуттың ішінде өңірдегі ахуалға қатысты ақпар беріледі. Сағат 9.00-де учаскелік инспекторларды өз бекеттеріне жіберіп, олардың жұмыстарына қатысты бағыт-бағдар, қосымша тапсырмалар жүктеймін. Одан кейін бір тәулік ішінде халықтан түскен арыз-шағым, өтініштерді қарауға кірісемін. Оларға қандай көмек көрсетіп, нендей шара қолдануға болатынын саралаймын. Біздің жеке құрамның жұмысы түнгі 11-12-сағатқа дейін тынымсыз жүріп жатады. Барлық ішкі істер органдарына біз қол ұшын созамыз. Соның ішінде коммуналдық төлемдерге қатысты «Көкшетау Жылу» мекемесінің заңгерлерімен учаскелік инспекторлар рейдке шығады, әскери комиссариаттың жұмысына қолғабыс етеді, темір тордың ар жағынан босап шыққандарды тиісті жеріне жеткізу, маскүнемдер мен нашақорларды, туберкулезге шалдыққандарды үнемі бақылау, міне, осының бәрі жиылып келгенде жалпы қаладағы тәртіпті қадағалаудың бөлінбес бөлшегі. Осы жұмыстарды атқаруға қарамағымдағы 300-ден астам адам қатысады. Жол патрульдік батальоны, учаскелік, мектеп, жасөспірімдермен жұмыс істейтін инспекторлар, табиғатты қорғау полициясы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен айналысатындар, уақытша оқшаулау орталығы сияқты тармақтар бар.
«Көкшетау» газеті: Арыз-шағымдар көбінесе қандай бағытта болады?
Серік Зейнуллин: Өтініштің 25 пайызы отбасылық жанжалдарға қатысты болады. Әсіресе, кешкі уақытта мұндай шағымдар көбейеді. Үйіне ішіп келіп, лаң салатын, әйеліне, балаларына қол жұмсайтын еркектер көп. Олармен учаскелік полицейлер сөйлесуге тырысады. Оны түсінетіндер бар, түсінбейтіндер де бар. Ымыраға келмейтіндерін уақытша оқшаулау орталығына бір түнетіп, ертеңінде үйіне жібереміз. Кафелерде, түнгі клубтарда, мейрамханаларда ұсақ бұзақылықтар орын алады. Жол-көлік оқиғалары бір күннің ішінде қаланың әр аумағында болып жатады. Олардың құжаттарын рәсімдеу, тараптарды заң бойынша бір мәмілеге келтіру біздің жұмысымыз. Ұрлық-қарлықтардың алдын алу да біздің міндетіміз. Әсіресе, түнгі уақытта аулалардағы машиналардың аккумуляторларын, магнитолаларын ұрлап кету көп кездеседі. Сол аумақты тексеру, тұрғындармен әңгімелесу, куәгерлерді іздеу деген сияқты көзге көрінбейтін жұмыстар өте көп. Қазір учаскелік инспекторларда есепте 2662 адам тіркеуде тұр. Оның 1371 – маскүнем, 500 – нашақор, 188 – бақылауда, 9 – бұрын істі болғандар, мерзімінен босап шыққандар – 157. Оларды ай сайын тексеріп тұрамыз. Өткен жылы 1600 алиментшіні жауапқа тарттық. Сот орындаушылар осы жұмысты аяғына дейін жеткізбей, қалып қойған құжаттар өте көп. Біз осы шаруаны қолға алып, қолдарына қағаз беріп, шақыртып алып, жауапқа тарттық. Әкімшілік кодекстің 669-шы бабымен 118 адамды қамауға алдық. Соның арқасында 1 миллион 500 мың теңге төленді.
«Көкшетау» газеті: Қазір Көкшетау қаласындағы криминогендік ахуал қандай дер едіңіз? Жергілікті полиция қызметіне кіріскеннен бастап қылмыстың қандай түрлері азайды, қайсысын толық ауыздықтау әзірге мүмкін болмай тұр?
Серік Зейнуллин: Биыл үш айдың ішінде 1236 түрлі дәрежедегі заң бұзушылықтар орын алды. Өткен жылы бұл сан – 1692 болған. Ауыр қылмыс – 99, аса ауыр – 4, өлімге әкелгені – 4, денсаулыққа зиян келтіргені – 7, тонау- 23, бопсалау- 8, бұзақылық – 62. Алайда, пәтер ұрлығы көбейе түскен. Өткен жылы өзгенің мүлкіне қол сұғу әрекеттерінің 766 фактісі тіркелген болса, биыл ол 654 болды, соның ішінде пәтер ұрлығы 52-ден 82-ге дейін өсті. Қылмыстық әрекеттер көбінесе қаланың орталық көшелерінде орын алады. Әсіресе, көңіл көтеретін, ойын-сауық орындарында, қалалық саябақта, ірі сауда үйлерінде. Соның ішінде қалтаға түсу, жеке затын қолды ету, ұялы телефонын тартып алу сияқты көбінесе жасөспірімдер тарапынан жасалатын ұсақ қылмыстар жиі орын алады. Оларға аса ауыр қылмыс жасамаса, тек бостандығын шектеу жазасы тағайындалады. Осыған орай жергілікті полиция қызметі кезекшілік атқарып, осындай әрекеттердің алдын алуға тырысады. «Қауіпсіз аула» бағдарламасы, абаттандыру жұмыстарын қадағалау да біздің мойнымызда.
Көкшетау қаласы бойынша қазір 129 бейнебақылау камерасы бар. Оның 100-ге жуығы көше бойындағы көліктерді бақылауға арналған. Ал, 29-ы ғана аулаларға қойылған. Бірақ бұл шаһардың әр аумағын қадағалауға мүмкіндік бермейді. Қазір қалалық әкімшілік «Қазақтелекоммен» келісім-шарт жасасып, 440-тан астам бейнебақылау камерасын көпқабатты үйлердің подьездеріне орнатуға дайындық шараларын жасауда. Бұл жұмыстар осы сәуір айында қолға алынбақ. Оны «Центральный» мөлтек ауданынан бастап тегін орнатады. Бейнебақылау камералары домофондар сияқты қойылады да, тұрғындар ай сайын оған белгілі бір төлем жасайды. Бұл камералардың бір ерекшелігі, үйде отырып-ақ компьютер арқылы подьезге кімнің кіріп-шыққанын, көшеде кім жүргенін көріп отыруға болатындығы. Балалардың қауіпсіздігі үшін де бұл өте жақсы шешім. Тіпті, шетелге сапарлап кеткендер ұялы телефоны арқылы немесе интернет желісімен үйін бақылай алады. Егер бұл жұмыстар жүйеленсе, пәтер ұрлығы біршама азаятын еді.
«Көкшетау» газеті: Биыл рақымшылыққа іліккендердің арасында қайта қылмыс жасағандары бар ма?
Серік Зейнуллин: Василий Соколов деген азамат шыққанына 6 күн ғана болған, ұялы телефон ұрлап, тағы ұсталды. Бұл жігітті мен жасөспірім кезінен білемін. Кезінде ата-анасын құқығынан айырып, өзі балалар үйінде тәрбиеленген еді. Қазір қамауда отыр. Жақында соты болады.
«Көкшетау» газеті: Өзіңіздің қарамағыңыздағы қызметкерлерден нені талап етесіз?
Серік Зейнуллин: Учаскелік пункт-
терге белгілі бір мәселемен келген халықтың өтініш-тілегін тыңдап, көмектесе алмасаңдар да, ақыл-кеңес айтып, жылы сөзбен шығарып салыңдар деймін. Адамның көңіл-күйін түзеп, жақсы арнаға бағыттаудың өзі ғанибет. Күнделікті 102 нөмеріне 60-70 қоңырау шалынады. Ол қылмысқа, зорлық-зомбылыққа, көлік айдап кетуге, отбасылық жанжалдарға қатысты болуы мүмкін. Соның бәрі, тіпті әкімшілік заң бұзушылық болса да жергілікті полицияның қызметкерлерінің назарында. Шара қолдану, әңгімелесу, уақытша бейімдеу орталығына орналастыру деген сияқты жұмыстар күнделікті атқарылады. Қазір қала бойынша 47 учаскелік инспектор бар. Олар 10 бекініс пунктіне бөлінген. Сол жерде таңғы 7-ден 11-сағатқа дейін азаматтарды қабылдайды. Тәртіп сақтауға қатысты қандай іс-әрекеттер болсын полиция қызметкері көңіл аударуы тиіс. Оның басты міндеті де сол.
«Көкшетау» газеті: Қарапайым халық өз округіндегі учаскелік полиция қызметкерін қаншалықты жақсы таниды?
Серік Зейнуллин: Өткен жылы қаңтардың 1-нен желтоқсанның 1-не дейін «Участок» шарасын жүргіздік. Соның барысында әр үйге барып, тұрғындардың тізімін жасадық. Пәтер жалдап тұратындардың, үйінде қару ұстайтындардың құжаттарын тексердік. Тұрғындарға визит карточкаларын тараттық. Дүкендердің ішіне әр округтің учаскелік полициясы туралы мәлімет жазылған суретімен қағаздар іліп қойдық. Үш айда бір рет мектептерде, колледждерде халықпен кездесу өткізіп тұрамыз. Ол туралы подьездерге, үйлерге хабарландыру ілінеді. Тұрғындар ондай жиындарда көбінесе жалдамалы пәтерлерге, көлік тұрағына қатысты шағымданады. Сондай-ақ, дауларды сол жерде шешуге тырысамыз. Қазір әлеуметтік ахуал жақсарды. Сондықтан қылмыс түрлері де азайып келеді. Осыдан бес жыл бұрын ішімдікке салынған ата-аналар көп болатын. Біз, тіпті 80-90 адамға дейін бала күту құқығынан айыратын едік. Қазір оның саны 20-ға дейін түсті. Өзім осы салаға 20 жылымды жұмсадым. Осы өңірдің тумасы болғандықтан, барлық жағдайға жанашырлықпен қараймын.
«Көкшетау» газеті: Серік Папашұлы, әңгімеңізге рахмет. Алдағы уақытта да қызметіңізге жеміс тілейміз.
Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс