Мақсаты биік Мұратқазы

Көкшетауда қайы-рымдылық шарасымен айналысып жүрген жас жігіт бар екен дегенді естігесін, сол адамның өзімен жүздесуге асық-тым. Себебі, жүрегі жомарт жандарға қашанда ілтипат ерекше. Ал, жасы отыздан енді ғана асқан Мұратқазы Дәмелқазы жайлы жазбаудың өзі қиянаттай көрінді. Науан Хазірет мешітінің қолға алған «Ел үлесі– пәтерге!» шарасына қаты-
суға ниеттеніп, жергілікті халыққа концерт беріп, 500 мыңға жуық қаржыны қорға аударыпты. Міне, нағыз азаматтық іс деп осыны айт!

Біздің редакциямызға елгезек жігіт бір жолдасымен келіскен уақытта келді. Жүзі жарқын, жинақы,сөзі мығым жігіт жақсы әңгімесін бірден бас-тап кетті. Мұратқазы отбасымен Қытайдан көшіп келген қандасымыз. Жалпы, бұл өнегелі отбасы жайлы көкшеліктер жақсы біледі. Ата-анасы да өнерлі, балалары да өнерлі. Шетінен әнші, аспапқа жақын, қазақтың қара домбырасын жанынан тастамайтын жандар. Оранжировщик те өздері, аспапшылар да өздері, сөзі мен әнін шығарып, орындайтын да өздері. Үйелмелі-сүйелмелі үш ұлдың есімін де әкесіне ұқсастырып қойыпты: Мұратқазы, Жанатқазы, Айтқазы. Үшеуі де дарынды. Ал, ұлдың үлкені Мұратқазы өз бағытын таңдап алыпты. Болашақтағы мақсаты  – республикалық деңгейде әншілік қырынан танылу. Ол үшін жақсы продюсер қажет дейді. Бұл түйткілді мәселенің де түйінін тарқатуға тырысып жатыр. Қайырымдылықпен айналысып жүрген шығармашыл жан патриоттық бағытта әндер жазып, өзі орындайды.  Науан Хазірет мешітінің «Ел үлесі – пәтерге!» қайырымдылық акциясына үн қосуға бел буып, облыс әкімінің алдына барып, жұмысын бастапты. Тек Көкшетау қаласы мен Красный Яр селосында ғана концерт беріпті. Ал, басқа аудандарға шығуға кедергі болып жатқан жайттар баршылық. Бірақ оған мойып жатқан Мұратқазы жоқ. Егер шын ниеттенсе, адамның алмайтын қамалы болмайды. Сол сияқты жалындаған жас жігітке не тәйірі!? Концертті тамашалауға келген көрермен билет сатып алып қана қоймай, жағдайы төмен отбастарына көмектесуді көздейтін шараға қолдау білдіріп, қайырымдылық жәшігіне қаржы салуға асығыпты. Осылайша, Мұратқазы жарты миллионға жуық қаржы жинап, мешіттің қорына аударыпты. Жиналған қаражаттан баспанасыз жүрген бір отбасының жүзі жадыраса, одан асқан бақыт жоқ дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз. Өзінің отбасы түйткілді мәселесі бірнеше жылға созылған «Нұрлы көш» ауылында тұрады. Соның өзінде жасымай, мойымай, жүрегі жомарттыққа толы жас жігіттің мейірімді жүзіне қарап, сүйсіндік.

Мұратқазының тағы бір қолға алған ісі – тігін тігу. Мұндай өнерге анасы жастайынан баулыпты. Өзі де ине мен жіпті бала күнінен қолға алса керек. Он қолынан өнері тамған анасы ою-өрнектен үйге қажеттінің бәрін жасайды. Шебердің жасаған заттары жерлестерінің сұранысына ие. Той жабдығы, қыздың жасауы сияқты аса қажетті дүниелердің түр-түрін тігеді. Ал, Мұратқазы қазақтың оюы салынған киім-кешек әсіресе, асабаларға аса қажет екенін жақсы біледі. Себебі, өзі де той басқарады. Сондай ортада оюланған костюм киіп, жарқырап шықсаң, көздің жауын алмай ма? Бүгінгі күні Көкшетаудағы бірнеше асабаға оюы салынған костюм тігіп беріпті. Қазір анасы екеуі Красный Ярдағы «Көкше» мәдениет үйінің бір бөлмесін алып, тапсырыстарды орындап жатыр. Мұратқазы той басқарса да, киім тіксе де қарапайым халықтың жағдайын ескеруге тырысады. Ол қоңырау шалған адамның дауысынан-ақ оның жағдайы қаншалықты қиын екенін сеземін дейді. Сондықтан үнемі көмек қолын созуға тырысады. Ал, халал тойларды тегін басқарып беруге бар. Өйткені, өзі де намазға жығылып жүр. Отбасының мүшелері де Алланың жолын таңдаған. Мақсаты биік  Мұратқазыға біз де табыс тіледік.
Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий