Мақтаулы, маңғаз МАҚТАЙ ТАУЫ!

Қаланы қақ жара, солтүстіктен оңтүстікке созыла, ұзыннан ұзақ сұлаған Максим Горький көшесі мен қысқа болса да есте қаларлық көркем Абылай хан даңғылының қиылысында қала тұрғындарының сүйікті бір орны – Мақтай тауы орналасқан. Аталған екі көшенің қиылысын Қылшақты өзені тұйықтайды. Жан-жағымен үндестік тауып, жымдасқандай жарасқан, қолдан қаланған тау Бурабайдағы  кәдімгі Оқжетпеске ұқсайды. Аты аңызға айналған, басына бұлт үйірілген шың сексен шақырым жол жүрмей-ақ, жаныңнан табыла кетеді. Кәдімгі кіші Оқжетпес! Дәл сол Бурабайдың тақта тастары  адам қызыққандай қиюласа өріліп, өрнек құрады. Екі адамның құшағы жетпес, пішіні «домалақ» деуге келмейтін, төсекше жайыла біткен табиғаттың осынау бір сыйын бұл өңір кейде төсектас, кейде сандықтас деп атайды. Жүк жинағандай бір-бірінің үстіне қоя беруге қолайлы. Тастардың жұмырлана біткен жиектері шығып-түскенге қауіпсіз. Айнала егілген аққайыңдар іргедегі күміс көлді көлегейлегендей, әйтпесе шын Оқжетпестің өзіне келіп қалғандай әсерде боласың. Оңай өрмелеп, көтеріле түссең Көкшенің ерке самалы еркін соғып, жаныңды жадыратады. Етегіндегі Қылшақтының қысқа соққан толқындарының сыңғыры әдемі әсеріңді ұлғайта береді.

Күн ыстығы қайтып, кеш түсе бұл маңайға тәй-тәй басқан бүлдіршіндерін ертіп үлкен-кіші жиналады. Көкшетаудың сәбилері Бурабайдың биік шыңдарына өрмелеп, шымыр да ширақ болып өсуді дәл осы арадан бастайтындай. Ата-ана сәбиінің өрге қарай басқан алғашқы адымына толқи қуанады. Қала қонақтары басында  елік «ойнақтаған» Мақтай тауының жанында суретке түскенді ұнатады. Қала ортасынан шағын Оқжетпестің орын тепкені қызық көрінсе керек. Ал сұлу шаһардың өз тұрғындары көңілді тұрып, ертелі-кеш осы арада суретке түсуге бір жалыққан емес. Отбасын құрып, үйленіп жатқан жастар да осында бір соғып кетпей қоймайды.

«Мақтай тауы» сонау сексенінші жылдардың ортасында, Мақтай Сағдиев Көкшетау обкомының бірінші хатшысы болып тұрғанында, сол кісінің тапсырмасымен салыныпты. Әдейі атау қойылып, айдар тағылмаса да халық солай атап кеткен. Еш әбестігі жоқ. Тарихынан хабар беріп тұр, көңілге қонымды, ойға оралымды. Ал, өзге өңірде ұшыраса бермейтін осынау  сүрініп-қабынтар қыры, ұшы жоқ жұмыр жаратылған тастар Қошқарбай ауылының іргесінен тасылып әкеліпті. Міне, көкшеліктердің мақтаны Мақтай тауының осындай шағын тарихы бар.

                                                                             Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ.

 

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс