Маңызды нысандар тұрақты бақылауда

 

Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Красный Яр селосындағы құрылыс нысандарында болып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Қала басшысы алдымен Красный Яр мен Чайкино поселкесiн байланыстыратын көпiрде жүргiзiлетiн құрылыс жұмыстарының барысын талқылады. Мердігер ұйым өкілдерінің айтуына қарағанда, құрылыс жұмыстары қараша айының соңында аяқталмақ. Өз кезегінде мердігерлерге жұмыс сапасын бақылауда ұстау тапсырылды. Бұдан соң сала басшылары селодағы электрмен жабдықтау желісі құрылысының барысымен танысты. Электр бағандарын орнату жұмыстарымен «Көкше электр монтаж» ЖШС айналысуда. Қазіргі уақытта 300 электр бағаны орнатылған. Жарықтандыру жұмыстары биылғы жылдың желтоқсанына дейін толық аяқталмақ. Мердігер ұйым өкілдеріне бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып, жұмысты мерзімінен кешіктірмеу тапсырылды.

Қала басшысы атбасын бұрған Красный Яр селосындағы жел электр станциясын  «Ветер Инвест Кокшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салуда. Бұл жұмыстар көктемде аяқталмақ. Жаңа жоба селоны толықтай электр қуатымен қамтамасыз етуге қауқарлы екенін айтады мамандар. Тағы бір маңызды жоба – Красный Ярда «Жобалау құрылыс компаниясы» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқысты сұрыптау желісін іске қосуда. Алдағы уақытта күніне 80 тонна қоқыс өңделеді деп күтілуде. Қала әкімі Е.Маржықпаев Көкшетау мемлекеттік университетінің жанындағы скверді абаттандыру жұмысымен танысты. Бірқатар кемшіліктерді сынға алып, нақты тапсырмалар берді. Сапар соңында қала басшысы Ғабдуллин, МПС көшелеріндегі екі көпірді барып көрді. Алғашқы ауқымды жоба құрылысы келер жылы, екіншісі биыл қараша айының соңында аяқталады деп күтілуде. Жұмыс сапарын қорытындылаған қала әкімі әрбір нысан ұдайы бақылауда болатынын, құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімде тапсырылуы тиіс екенін міндеттеді.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий