Медициналық қызмет көрсетілді

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Медициналық және реттеуші мәселелер жөніндегі департамент директоры Венера Алтынованың басшылығымен облыстық балалар ауруханасында Нұр-Сұлтан қаласының «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының мамандары өңір бүлдіршіндерін құттықтады.
Ақмола облысы ДСБ ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Гүлмира Қайыржанова, көпбейінді облыстық балалар ауруханасының директоры Елена Иванова және Көкшетау қаласының медициналық мекемелері бас дәрігерінің балалар ісі жөніндегі орынбасарларының қатысуымен брифинг өткізілді. Брифингте Венера Алтынова «Ана мен бала» орталығында жұмыс жүру процесінің ерекшеліктері мен одан әрі даму жоспарлары туралы баяндады. Орталық мамандары бөлімшелердегі науқастардың жағдайын қарап, амбулаторлық науқастарға қабылдау жүргізді. Іс-шара аясында Көкшетау қаласы мен оған жақын аудандардан барлығы 112 бала кәсіби мамандардың тексеруінен өтті. Дәрігерлердің арасында хирург, педиатр, балалар ортопедиясы мамандары болды. Көптеген бүлдіршіндердің ата-аналары балаларын республикалық орталықтарға өздері апара алмау себебінен беделді мамандардың келгеніне алғыстарын білдірді. «Балаларға қуаныш сыйлап, олардың болашақтарының жарқын болуына біздер септігімізді тигізуіміз керек», – деді медицина қызметкерлері. Тәжірибелі дәрігерлер тексеру барысында емдеу тактикасы бойынша кеңестерін айтты. Мамандар пациенттерді емдеу және тексеру бойынша ұсыныстарын жеткізді. Олар алдағы күндері Атбасар және Ақкөл аудандарына сапарларын жалғастырады.

Айғаным АСЫҒАТОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий