Мектеп жәрмеңкесі

 

Көкшетаудағы Тәуелсіздік алаңында «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп жәрмеңкесі өтті. Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс орталығының тұрғындары оқушыларға қажетті кеңсе тауарлары, сөмке, басқа оқу құралдарын төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік алды.
Сауда шатырларында қалыптасқан дәстүрге сай оқушыға қажетті заттардың барлығы қойылған. Тауар құны әдеттегіден төмен болғандықтан, жәрмеңкеге келгендер көп болды. Сондай-ақ, жәрмеңкеде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы да жалғасын тапты. Тұрмысы нашар отбасы балалары үшін кеңсе тауарлары мен қаражат қабылдау орны жұмыс істеді. Шарада көмек қолын созған тұрғындар аз болмады. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылардағы балаларға қол ұшын созамын деген жандар шама-шарқыларынша, мектеп құралдары мен ақшалай қайырымдылық көрсетіп жатты. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аз қамтылған отбасы балаларын киім-кешекпен қамтуды жалғастыруда. Қала бойынша осындай отбасылардан 200 баланың 170-і мектепке баруға дайын. Ведомство жетекшісінің орынбасары Инна Адамның айтуынша, қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күні қарсаңында мүгедек балалар үшін 3 мың теңгеден қаражат бөлу қарастырылған.
Акцияға облыстық, қалалық мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен бизнес-құрылымдар да белсене атсалысты. Көпбалалы отбасылардағы балаларды мектепке дайындауға Ақмола облысының іскер әйелдер ассоциациясының белсенділері көмек көрсетті. Қаладағы дәмханалардың бірінде салауатты өмір салтын қорғау орталығы, Аналар кеңесі, «Сбербанк» АҚ, «Арман» тігін фабрикасы, «Шаңырақ» ҚБ, «Юлия Мороз» жеке кәсіпкерлігі, «Эко сейф» ЖШС, «Автобус паркі» мен «Гормолзавод» кәсіпорындары балалар үшін көңілді мереке ұйымдастырды. Қалалық білім бөлімінің мәліметтері бойынша, бүгінге дейін 384 бала 2,5 миллион теңгеден аса материалдық көмекке ие болды. Демеушілер қаражаты арқылы бірінші сыныпқа баратын 324 бүлдіршінге көмек көрсетілмекші. Бұл акция балалардың сабаққа бармай қалуының алдын алуда өз тиімділігін көрсетіп отыр. Жүзге жуық балаға «Нұр Отан» партиясы, «Көкшетау минералды сулары» ЖШС, «Халық банк» АҚ 1,5 миллион теңгеге мектеп тауарларын алуға жәрдемдесті. «Мектепке жол» акциясы барысында қалада өткізілген рейд барысында тұрмысы нашар отбасыларда тұратын 6 бала қолға түсті. Олармен және қажетті құжаттары жоқ балалармен арнайы жұмыс жүргізілуде. Сонымен, заңды және жеке тұлғалар биыл да қыркүйектің аяғына дейін мектепке баратын балаларға киім-кешек, спорттық киімдер, құрал-жабдық әперіп, көмектесулеріне болады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс