Мемлекеттік бағдарламалар қоғамдық бақылауда болады

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы Саяси кеңесi бюросының отырысы өтті. Оның жұмысына Саяси кеңес бюросының мүшелерi, партияның аумақтық филиалдарының төрағалары мен бiрiншi орынбасарлары, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерiнен құралған бастауыш партия ұжымдары мен партиялық топтардың төрағалары, облыстық филиал аппаратының қызметкерлерi және бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «Денсаулық сақтау саласындағы «Жаңа әлеуметтiк бағдарлама» бағыты бойынша партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруда Көкшетау қаласы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерiнiң жұмысы туралы «Денсаулық» бастауыш партия ұйымының төрайымы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнар Құлышева хабарлама жасады. Оның айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы партия мүшелері 150 адамды құрап отыр. «Денсаулық» бастауыш партия ұйымы құрылғаннан бастап 564 адамға артқан. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша өңірде сәби өлімі 29,5 пайызға, қан айналым жүйесі бойынша 31 пайызға, онкология бойынша 6,6 пайызға, туберкулез дерті бойынша өлім көрсеткіші 4,1 пайызға азайса, ана өлімі тіркелмеген. Алайда, талдау жұмыстары Аршалы, Целиноград, Ерейментау аудандарында өлім деңгейі жоғары болып отырғанын көрсетіп отыр. Егіндікөл, Атбасар, Жақсы, Целиноград, Еңбекшілдер аудандарында сәби өлімі жоғары қалпында сақталған. Денсаулық саласында ілгерілеушіліктермен қатар түйткілді мәселелер де барын жасырмаған өңір басшысы С.Кулагин аудан әкімдеріне медициналық көмек көрсету сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: Өсiм, Реформалар, Даму» Жолдауын жүзеге асыру бойынша жергiлiктi атқару органдарының қызметiн шоғырландыру жөнiндегi «Нұр Отан» партиясының бастауыш құрылымдық бөлiмшелерiнiң жұмысы туралы «Нұр Отан» партиясы Көкшетау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Зәуреш Нұрымованың, «Нұр Отан» партиясы Шортанды аудандық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Сәкен Ерғалиевтің, «Келiсiм» бастауыш партия ұжымының төрайымы, облыстық iшкi саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлiмованың баяндамалары тыңдалады. «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлiмiнiң меңгерушiсi Қымбат Жүсiпова мен Бурабай аудандық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Қайныш Өмiртаева «Нұр Отан» партиясының облыстық және аудандық филиалдарының биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарған жұмыс қорытындысы туралы есеп бердi.
Жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдауларына тұрғындардан 1632 өтініш түсіп, оның 641-і өз шешімін тапқан. Азаматтарды толғандыратын сұрақтардың көбі тұрғын үй-коммуналдық сала, әлеуметтік мәселе, баспана, білім, денсаулық, жұмыспен қамту мәселелері болып отыр. Саяси кеңес отырысын қорытындылай келе, облыс әкімі Сергей Кулагин халықпен тығыз араласу үшін қоғамдық қабылдаудың жұмысына баса назар аударудың, көпшіліктің мұң-мұқтажын тыңдап, оны шешудің жолын қарастыру қажеттігін атап көрсетті.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс