Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері талқыланды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 24 қаңтарда Ақордада мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде жұмыс тобының отырысы болды. президент әкімшілігінің басшысы, жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков әзірленген ұсыныстар туралы баяндады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырыста мемлекеттік биліктің тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі республика дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып табылатынын атап өтті. Мен ұсынған бес институционалдық реформаның бірін іске асыру Үкіметке экономика саласында қосымша атқарушылық өкілеттіктер беруді көздейді. Бұл орайда қорғаныс қабілетінің, сыртқы саясаттың, мемлекеттік басқарудың, Конституция-ны қорғаудың және мемлекеттік билік тармақтары арасында тиімді жұмысты қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президенттің құзырында қала береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы әуел бастан Қазақстан Президентінің ерекше құзырына жатқызылған өкілеттіктер санының азаятынына назар аударды. Мысалы, бағдарламаларды бекіту, Үкіметтегі кадрлық өзгерістер мәселелері, жаңа басқару органдарын құру Үкімет пен Парламенттің құзырына берілуі мүмкін. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті мемлекеттік басқару жүйесінде Парламенттің рөлін пәрменді түрде күшейту қажеттігін атап өтті.
– Біздің жағдайда Үкімет жеңіске жеткен партиядан немесе фракциядан жасақталады. Осылайша, көптеген мәселелер бойынша Парламенттің Үкіметке қатысты рөлі қайта қаралуға тиіс. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіліп отырған реформалар мен олардың сәтті іске асырылуына мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мәселесіне арнайы тоқталды. Жұмыс тобының жетекшісі, Президент әкімшілігінің басшысы Ә.Жақсыбеков Елбасыға мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде әзірленген ұсыныстар туралы баяндады. Алға қойылған міндетке сәйкес үш бағыт бойынша ұсыныстар әзірленді.
Бірінші. Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейтін, Мемлекет басшысының заңмен белгіленген өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі ұсыныстар. Бұған қатысты мемлекеттік органдардың ұсыныстары жүйеленді. Жалпы, ұсыныстар әлеуметтік-экономикалық сала мәселелері реттелетін өкілеттіктерге қатысты. Олар – экономиканы, қаржыны, мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері, әкімшілік-аумақтық құрылымның жекелеген мәселелерін шешуге байланысты өкілеттіктер.
Екінші. Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура сот және құқық қорғау жүйесінің қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар берді. Олар да Конституцияға өзгерістер енгізуді қажет етпейді. Бұл сот бақылауын күшейтуге, прокурорлардың азаматтық және әкімшілік процеске қатысуын одан әрі шектеуге қатысты ұсыныстар. Барлығы сот-құқықтық сала бойынша конституциялық өзгерістерді қажет етпейтін 13 ұсыныс жасалды.
Үшінші. Жұмыс тобы Конституция нормаларын түзетуді көздейтін 40-қа жуық ұсынысты жеке қарады. Бұл мәселеде депутаттық корпус, ғылыми-сарапшылық қауым белсенділік танытты. Енгізілген ұсыныстар Парламент пен оның палаталарының өкілеттіктерін кеңейтуді көздейді, соның ішінде олар Үкімет құрамын жасақтауға да қатысты. Сонымен қатар Үкіметтің Парламент пен оның палаталары алдындағы есептілігін күшейту ұсынылды.
Бұған қоса, Үкіметтің дербестігі мен жауапкершілігін күшейту жөнінде ұсыныстар келіп түсті. Сот-құқық саласын жаңғыртуға бағытталған ұсыныстардың да бір бөлігі Конституцияны өзгерту мәселесімен байланысты. Атап айтқанда, ол Жоғарғы Соттың мәртебесі мен функцияларын нақтылау мүмкіндігіне және судьяларға қойылатын талаптарды анықтауға қатысты. Прокуратура органдарының мәртебесі мен өкілеттігін анықтайтын нормаларға түзету енгізу ұсынылды. Конституциялық бақылау тетігін жетілдіру туралы ұсыныстар енгізілді. Осылайша, Сіздің қарауыңызға Конституцияны өзгертпей, заңнамамен белгіленген өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейтін базалық ұстанымдар енгізіліп отыр. Сонымен бірге отырыста жұмыс тобының мүшелері З.Федотова, М.Бекетаев, Р.Мұқашев, тағы басқа да мүшелері сөз сөйледі.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс