Менингококк инфекциясы бойынша жағдай тұрақты

Менингококк инфекциясын жұқтырғандар дер кезінде ем қабылдамаса, дәрігерге жүгінбей өздігінен емделсе, қауіп деңгейі жоғары. Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Айнагүл Мусина көпшілікті алаңдатып отырған менингококк инфекциясына байланысты өңірдегі ахуалды баяндады.

– Бүгінгі күнге дейін облыста менингококк инфекциясын жұқтырған қанша адам тіркелді?

– 2015 жылы облыста 6 адам, 2016 жылы 4 адам, 2017 жылы 4 адам менингококк инфекциясы бойынша тіркелген. Биылғы жылдың соңғы 5 айы ішінде Көкшетау қаласы мен Сандықтау ауданында екі жағдай тіркелгенімен, инфекция анықталған жоқ. Соңғы бес жыл ішінде қауіпті инфекциясы бойынша өлім жағдайы тіркелген жоқ. Тек 2013 жылы Атбасар ауданында он айлық сәби қауіпті инфекциядан көз жұмды. Оның өзі ауру Ресейдің Грозный қаласынан әкелінген 10 айлық балада анықталған. 2018 жылдың 31 мамыры күні облыстық балалар ауруханасына Біржан сал ауданынан 10 айлық сәби жеткізілген болатын. Дәрігерлер баланы «менингококк жұқпасына шалдығу» алдын ала диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызды. Тиісті медициналық сынамалар алынып, зертханалық жұмыстар жүргізілді. Алайда, сәбидің менингококк жұқпасына шалдыққаны расталмады.

– Аталған дерт турасында бұған дейін көп естіп біле бермейтінбіз. Биыл неге ерекше өршіп кетті?

– Менингококк инфекциясы оңтүстік облыстарда көп тіркеліп отыр. Өз басым, олар дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгінгенде, мұндай жағдай болмайтын еді деп есептеймін. Инфекция жұқтырғандардың басым көпшілігі үй жағдайында ем-дом жасаған. Сөйтіп, біраз уақытын өткізіп алды. Оның үстіне, адамдардың иммунитеті түсіп кеткен, соңғы айда бұл инфекцияны жұқтырғандардың саны күрт көбейді.

– Қауіпті инфекцияның алдын алу мақсатында қандай шаралар жүргізілуде?

– Алматы облысында менингококк инфекцияларының таралуына байланысты біздің облыс тұрғындарын осы аурудың алдын алу бойынша көптеген сұрақтар мазалауда. Өңірде мектепке дейінгі балалар мекемелерінде көпшілік шараларға шектеу қойылды. Халық арасында БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өңір тұрғындары білгісі келетін барлық сұрақтарды 24 сағаттық Call-орталығына 8 800 080 64 81 нөміріне қоңырау шалу арқылы сұрауларына болады.

– Менингиттің алғашқы белгілерін үй жағдайында басқа ауру түрлерінен қалай ажыратуға болады?

– Менингиттің бастапқы белгілерін үй жағдайында анықтауға, емдеуге тыйым саламыз. Тіпті, тыныс алу жолында кездесетін инфекциядан болатын тамақ, мұрын ауруларының өзін дәрігер шақыртып қарату қажет. Дене қызуың көтеріліп, тыныс жолдары бітіп, бойыңды әлсіздік шалса, құсып, тамаққа тәбетің болмай, өн бойыңда «қызылшаға» ұқсас бөртпе пайда болса, бірден ауруханаға баруға кеңес береміз.

–Бұл вирусқа қарсы екпе міндетті ме?

– Менингитке қарсы вакцина біздің елде ғана емес, бірқатар дамыған мемлекеттерде де міндетті саналмайды. Өйткені, менингококк инфекция-сы ерте анықталған жағдайда және уақытылы дұрыс емделген болса, қауіпті емес. Кез келген адам иммунитет күшейтетін дәрумендер қабылдап, дұрыс тамақтанса, салауатты өмір салтын ұстанып, гигиеналық тазалықты сақтайтын болса, бұл инфекция қоршаған ортаға қарсы тұра алмайды.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий