«Мен және әуен» музыкалық кеші

15 қыркүйекте Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының әдебиеттер бөлімінде Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің 40 жылдық мерейтойына орай «Мен және әуен» атты музыкалық кеш өтті. Кешке Біржан сал колледжінің 1 курс студенттері мен оқытушылары, оқырмандар қатысты. Жүргізушілер Ангелина Карпачева мен Дана Нұржанова колледждің шығу тарихынан, оқу орнының бұрынғы және қазіргі директорлары, оқытушылары жайлы мәлімет берді.

 Дана НҰРЖАНОВА,
                                                                   өнер саласындағы әдебиеттер бөлімінің қызметкері

Өздеріңіз білесіздер, 1976 жылы 10 қыркүйекте ашылған музыкалық училище 19 жыл өткеннен кейін Біржан сал атындағы музыкалық колледж атына ие болды. Осы мерзім ішінде 6 директор ауысқан болатын. Алғашқы директор Манарбек Бексейітов қала және облыстың мәдениетін дамытуға ерен еңбек сіңірді. Бүгінгі таңда директор қызметін талантты әнші, жоғары санаттағы ұстаз Саян Мұхамедияр атқаруда. Колледждің білікті ұстаздары Мұхаметжар Рахымбердин, Зейнеп Ибраева, Әміржан Мәкенов, Шолпан Дүкембаева, Владислав Сорокин, Қуанышгүл Мағзұмова туралы материалдар мен мақалалар «Мен және әуен» атты көрмеде көрсетілді. Қырық жылдық тарихы бар колледждің мыңдаған түлектері мен талантты студенттері қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындар алып, лауреат, дипломат атанып жүр. Соның бірі – халықаралық конкурстардың лауреаты Бауыржан Нұрмұханов музыкалық кеште өз өнерін көрсетті. «Біржан сал атындағы музыкалық колледж бен біздің достығымыз 40 жыл бойы жалғасып келеді. Колледждің студенттері мен оқытушылары кітапханамыздың тұрақты оқырмандары», – деп ағынан жарылды Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық кітапхананың директоры Жансұлу Мұқатаева өзінің құттықтау сөзінде. Кеш соңында студенттер өнер әдебиеті бөлімінің кітап қорымен танысып, алған әсерлерімен бөлісті, дарынды жастар домбыра тартып, ән шырқады.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс