Мерекемен құттықтады

Қыркүйектің бірі күні облыс және қала басшылары өңірдегі ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтады. Қала әкімі Амангелді Смайылов Көкшетаудағы №2 орта мектеп пен Назарбаев зияткерлік мектебіне арнайы барып, білім ошағының табалдырығын енді аттаған балдырғандарға сәт-сапар тіледі. Ал, мұғалімдерге жаңартылған бағдарлама шеңберінде шәкірттерін сапалы оқытып, саналы тәрбиелеуге шақырды.
Көкшетау қаласындағы №2 орта мектепке жүздері бал-бұл жанған балақандар ата-анасының, ата-әжесінің жетектеуімен келіп жатты. Бірқатарының бойында үрей, көзінде мұң. Бұрынғыдай еркелігін қойып, енді мектептегі мұғалімнің тәрбиесіне көшетінін әлі сезбей жатқандары да бар. Гүл шоқтарын табыс етіп, сыныптастарының қатарынан еркін орын алып жатқандар да кездеседі. Енді бірі көзіне жас алып, ата-анасынан айрылып қалатындай күй кешуде. Мұндай жағдай барлық балақандардың басынан өткен. Күні ертеңдері тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққанда, әлі алтын ұя мектебін, достарын қимай қоштасатын болады. Дәл осындай күйді 11 сынып оқушылары басынан кешуде. Олар 1-ші сынып табалдырығын енді аттаған іні-сіңлілеріне, қарындастарына табыс тілеп, концерттік бағдарламасын ұсынды. Бүлдіршіндер мұғалімдеріне еріп, сыныптарына барып, парталарына отырды. Енді олар үшін білім әлеміне жол ашылады. Түрлі пәндерді оқып, қызықты деректерге толы кітап құпиясына үңіледі. Білім күніне арналған алғашқы сабақ та өтті.
Қала әкімі бұл күні биыл ашылғанына он жыл толған Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебіне де барды. Білім ошағының ұжымы салтанатты жиынға ерекше дайындалыпты. Мектептің ішін безендіріп, шәкірттері де жаңа оқу жылына сағына жетті. Бір-бірімен қауышқан сыныптас достардың алар белестері алда. Шаһар басшысы ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, табысты күндерінің көп болуын тіледі.

«Көкше-ақпарат».

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий