Мереке күніңмен…

Бала кезімді ойласам, ылғи да көз алдыма анамның іс тігетін қол мәшінкесінің сыртылы, келер күзге дейін сақталатын кебежедегі сүр, төбеге жайылған құрт, киіз басқанда қолданатын бояулардың иісі келеді.
Отбасының шамшырағы, анамыз Қапура Әлімжанқызы Зеренді ауданының Қараөзек ауылында дүниеге келген. Анашым ер мінезді, қазақы дәстүрді берік ұстанған жан. Сол қасиетінен өз отбасының, туған-туыстың, көрші-қолаңның, ауыл-аймақтың құрметіне бөленді. Анамның сырт көзге қайратты көрінгенімен, шаршағанын бізге білдіртпейтінін бала жүрегіммен сезетінмін. Қайтсем оны қуантамын деп алаң көңілім тыншымайтын. Оның көзінен қуаныш көргім келетін. Сабақты жақсы оқуға тырысатынмын, күнде «бестік» әкелген сайын анамның көңілі көтерілгеніне іштей масаттанамын. 1 сыныпта оқып жүргенде 8 наурызға арнап концерт қойдық. Соңында аналарымызға арнап тіккен кестелерімізді сыйлауға жүгірдік. Сол сәтте анамның «Рахмет!» деп басымнан сипап, әкелген тәттілерін қолыма ұстатқан сәті әлі есімде. Бір жолы ауыл еңбеккерлеріне арналған концертте ән айттым. Кешкі шай үстінде анам ауылдастар «Қызың тамаша ән шырқады» деп мақтау айтты деп қуанышын жеткізді. Көкірегімді мақтаныш кернеді. Анам ісмерлігімен қатар жезтаңдай әншілігімен де ел арасына танымал. Ауылға келін болып түскенде ескі әндер жинағы болыпты. Ішіндегі әндердің бәрін жатқа біледі екен. Іс тіккенде, сүт тартып отырып ыңылдап айтып отыратын. Бала күнімнен сол әндерді тыңдап өстік. Әнге деген құштарлығымды байқаған анамның нағашыларымнан ақ домбыра әкеліп, әдемі үкі байлағаны есімде. Біздің буынның балалық шағы қайта құрумен – тәуелсіздік алған алғашқы қиын жылдарға тұспа-тұс келді. Қиын-қыстауда нәпақа табуға, балаларын аяғынан тұрғызуға себепші болған «алтын» қолының арқасында анам бізді қатардан кем қылмады. Ине-жібі қолынан түскен емес. Оның қолынан шыққан құрақ көрпелердің өрнегіне қызыққан жұрт тапсырыс беріп тіктіреді. Ол адамдардың сенімін ақтау үшін шай көрпеге дейін жанын салып тігеді. Бала күнімде анамның бір демалғанын көрген емеспін. Күнұзақ колхоздың жұмысынан қолы босаса, тұскиіз, сырмақ, көрпе, көйлек-шалбардан бастап ішік, түлкі тымаққа дейін қол мәшінкесімен тігетін. Үйіміз кішігірім ателье сияқты еді. Анамның қолынан шыққан небір бұйымдар талай көрменің төрінен орын алып жүрді. Тоқсаныншы жылдары ел экономикасы шатқаяқтап тұрған шақта, ауылда сахналық киім деген атымен болған емес. Алғаш рет ауыл сахнасына анам тігіп берген үкілі тақия, оюлы қамзол, бүрмелі көйлегімен шыққаным есімде. Кейін қатарластарыммен аудандық, облыстық өнер байқауларына да шығып жүрдік. Анам сандығында сақтаған түрлі маталардан ұлттық киімнің неше түрлісін, тіпті домбыра, бөрік салатын қорапқа дейін тігіп берді. Сандықта көнеден қалған жүзік, моншақтар да көп болатын. Қалаға шығып көрмеген ауыл баласына бәрі таңсық қой. Жолға шығарда анам «Суық су ішпе, балмұздақ жеме, тамағыңды байқа!» деп ақыл кеңесін айтып, ақ жол тілеп, ыстық шәйі мен пісірген тәттілерін салып беріп жүрді. Анам үй тірлігіне көп араластырған жоқ. Күнұзақ сабаққа дайындаламын, ән жаттаймын. Балалық қой, күндіз-түні ізденетінімді анам білмейтін шығар деп ойлайтынмын. Облыстық газетте алғашқы мақалам жарық көргенде де талабымды құптап, дұрыс жол сілтегені есімде.
Ауылмен хабарласқанда, телефонның ар жағынан «Аман-есенсіңдер ме?» деген әлемдегі ең мейірбан жанның елжіреген дауысы естіледі. Елді сағынамын. Анашым әлі күнге «Үйге келіп, ақ ішіп демалып жатсаңшы…» деп бәйек болып жатады. Анамның мені күтетінін білемін. Ауылға сирек барамыз. Күні бүгінге дейін бар дәмдісін алдымызға тосады. Құрт-қаймағы, ақ бауырсағынан анашымның күн сіңген иісі шығып тұрады. Бірде анам: «Өзім көрмедім. Ұстаздарың газеттен сенің мақалаңды оқыдық, жақсы жазыпты деп жатыр. Біз де тілеуіңді тілеп отырамыз» деген. Бойымды қуаныш кернеді. Перзентіңізге деген махаббатыңыз, аналық жүрегіңіз неткен мөлдір, нәзік, шынайы… Мына өмірде күнделікті күйбеңмен жүргенде сізге лайықты құрмет көрсете алдық па екен, анашым? Ең жақын адамыңды қуантуда – бақыттың дәмі бар. Бұл ешбір қызыл сөз емес. Мен осыны сеземін.
Ардақты анам! Жығылсақ тұрғызып, жыласақ жұбатып, өмірде барға қанағат етуді үйреттіңіз. Ибалы, көркем мінезді болуды бойымызға сіңірдіңіз. Қателіктерімізді кешіріп, еркелігімізді көтере білдіңіз. Сізге қарап бой түзедік. Бізге айтқан әрбір сөзіңіз, үмітпен қараған көздеріңіз алға жетелеп келеді.
Шаңырағымыздың берекесін кіргізіп отырған ардақты анамыз жақында сексен жасқа толады. Беліңіз қайысқанша еңбек етіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, мейіріміңізді төге жүріп күтіп-баптап өсірген ұл-қыздарыңыз, немере-шөберелеріңіздің ортасында қартаймай жүре беріңіз!

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий