Мереке мерейін тасытқан Көкшетау!

DSC_3810

Биыл көкшетаулықтар қаланың 194 жылдық мерейтойын есте қаларлықтай атап өтті. Бұл күні түрлі мәдени, спорттық іс-шаралардың барлығы сүйікті қаламыздың туған күніне орай ұйымдастырылды. Қала күніне арналған мәдени-көпшілік шаралар легі Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалиннің Көкшетау қаласындағы бірқатар əлеуметтік нысандарды аралаудан басталды.

Аймақ басшысы алдымен М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап- ғылыми кiтапханасында болып, коворкинг орталығының жұмысына назар аударды. Орталықта келушiлердiң кiтап оқып қана қоймай, демалыстарын жайлы өткiзуiне қолайлы жағдай жасалған.

Сондай-ақ, мұнда Wi-Fi орнатылып, қажеттi техникамен жабдықталған. Мұнда «Мобильдi кiтапхана» интерактивтi оқу залы жұмыс iстейдi. Кітапхана мамандарының сөзінше, оқырмандар смартфон немесе планшеттің көмегімен QR-код арқылы «Мобильді кітапхана»қосымшасында ұсынылған 110 әдеби кітаптың кез келгенін лезде тауып, оқи немесе жүктей алады. «QR- код кез келген ақпаратты цифрландыруға мүмкіндік береді. Ұялы телефоныңызда жүктелген арнайы қосымша болса жеткілікті. Бұл оқырмандар санын арттыруға ғана емес, ұялы телефонға әуестенген жастарды кітап оқуға тарту», – дейді кітапхана мамандары. Ал, «Рухани қазына» жобасы аясында 94 әлеуметтiк-мәдени және инфрақұрылымдық кiшi жоба қолға алынған. Одан бөлек, ауылдық кiтапханаларды жаңғыртуға бағытталған «Ауылдық кiтапхана – бiлiм мен парасат ордасы» жобасы мен «Magjan.kz» тарихи-әдеби порталы жұмыс iстейдi. Бүгiнде бұл кiтапхананың кiтап қорында 361036 кiтап бар. Оның iшiнде 122215 кiтап цифрландырылған. Сонымен қатар, өңір басшысы балалардың технопаркінде болып, қатысушылардың ІТ технологиялары және бағдарламалау бойынша жетістіктерімен танысты.

«Достар» мәдениет сарайында өткен мерекелік басқосуда қоғамның әр саласында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар білікті мамандардың еңбегі еленіп, шежірелі шаһарымыздың туған күніне орай лайықты құрметке бөленді. Салтанатты басқосуды өңір басшысы Мәлік Мырзалин өзінің жүрекжарды тілегімен салтанатты түрде ашып берді. – Қазақстанның басқа өңірлерімен иық тіресе Көкшетау да еліміздің тәуелсіздігін толықтырып, қуатын молайтуға атсалысып келеді. Жыл сайын шаһарымыздың көркі көз тартып, арман-мақсаттардың құтты ордасына айналуда. Әрбір аулада спорттық алаңдар ел игілігіне беріліп, саябақтар мен скверлер, өткеніміздің өзекті көрінісіндей жаңадан ескерткіштер бой көтеруде. Мұның бәрі көкшетаулықтардың бірлескен еңбегінің игі жемісі. Алда да ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Келер жылы Рухани жаңғыру сарайының құрылысы басталады. Ұлттық домбыра күні домбыраға арналған ескерткіш орнатылады. Қала күні қарсаңында шаһарымыздың тіршілігін өрге жетелеп, гүлденуіне үлесін аянбай қосып жүрген баршаңызға алғысым шексіз. Мерекелеріңізбен, құрметті көкшетаулықтар! – деді Мәлік Кеңесбайұлы. Өңір басшысы өз ісінің шебері деп танылған бірқатар саланың үздіктеріне Алғыс хаттарды табыс етті. Өз сөзінде Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев биылғы Қала күнін экономикалық өсіммен, жан-жақты жеңісті де жемісті нәтижелермен қарсы алып отырғандығымызды мақтанышпен айтып өтті. Күн өткен сайын гүлденіп келе жатқан  көрікті Көкшетау шаһары қоғамның әр саласында даму жолындағы даналықтың даңғылына айналып келеді. Оған қарттың да, осы топыраққа кіндік қаны бүгін тамған періште сәбидің де ғұмыры куә. Бүгінде қала жұрты өнер мен мәдениетте, экономика мен әлеуметтік сала бойынша тұяғымен тас жарып даму үстінде. Көкшелік өнімдер республика мен шетелдердің нарығына тізгін сілтесе, өңірдің өр намысты ұландары спорттық һәм өнер саласы бойынша жер-жаһанға атын мәшһүр етіп келеді. Қала әкімі Е.Маржықпаев қаланың экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуына өз ісімен сүбелі еңбек сіңіріп жүрген жандарға Құрмет грамоталарын табыстап, әрқайсының еңбегіне жеміс, толайым табыстар тіледі. Астана мен көкшелік өнер ұжымдарының әзірлеген концерттік бағдарламасы жиылғандардың көңілдерінен шығып, ықыласына бөленді.

Шаһар тұрғындары туған қаланың құрметіне ұйымдастырылған қоғамдық, мәдени-спорттық және көпшілік іс-шаралардың ортасынан табылды. Бұл күні Қопа көлінің жағалауында Zumba Dance флешмобы, Summer Fest акциясы, холи бояуын шашу ойыны, қала тарихына байланыстты түрлі конкурстар мен викториналар ұйымдастырылып, лотереялар ойналды. Демалушыларға «Тұран» брендімен коктейльдер, «Гормолзавод» балмұздақтары тегін таратылды. Сондай-ақ, қалалықтар жағалауда 3D форматында суретке түсу мүмкіндігіне ие болды. Кешке қарай орталық алаң маңына жиналған жастардың қарасында қисап жоқ. Уәделі уақыттан әлдеқайда ерте жиналған олар мерекелік шара өтетін жерде бас қосып, қаланы ең бірінші болып құттықтауға асықты. Көкшеліктердің тойына ортақтасу үшін әр өңірлерден меймандар да ағылды. Олар облыс орталығының жылма-жыл көркейіп, сәнді қалаға айналғанын атап өтті. Алтынай Жұманова есімді Қарағанды қаласының тұрғыны айшықты мерекені тамашалау үшін осындағы туысқандарына қыдырып келген. Орталық алаңда, саябақта серуендепті. «Достық үйі» маңындағы жаңа демалыс алаңы қатты ұнағанын айтады. «Көкшетауға жылда келеміз, әр келген сайын көркейе түскеніне куә боламыз», – дейді ол.

Қала мерейтойы Абылай хан алаңында мерекелік концертке жалғасты. Орталық алаңда қала тұрғындары мен қонақтары бас қосып, сәні мен салтанаты, мәні мен мәртебесі жұптасқан мерекені өз көздерімен көріп, бір кісідей атсалысуға асыққандығы бірден-ақ байқалды. Расында, алаңда ойналған отты көріністер көрерменді таңдай қақтырып, тебірентпей тынбады. Өнер ұжымдарына халық бастан-аяқ қошемет білдіріп, қолпаштап отырды.  Олардың көрінісі мен биін бейнекамералар таласа түсіріп, басты трибунаға қарама-қарсы, көрермендердің назарына орнатылған үлкен экраннан көрсетілді. Көзден де, көңілден де ойып тұрып орын алған думанды кешке отандық және ресейлік танымал өнер жұлдыздары Олжас Сәбижан, Талғат Кенжеболат, Luina, «Ninety One» тобы, Авраам Руссо қатысып, Көкше түнін әнмен әрледі. Мерекеге жиналған мыңдаған халықтың зор қошеметі Көкшетаудың болашағы үшін бойларындағы бар қажыр-қайраты мен ерік-жігерін сарп етуге уәделескендей әсер қалдырды. Бұдан кейін түнгі қаланың аспанын жаңғырған жап-жарық сәулелі отшашулар толықтырды. Қала күніне орай «Оқжетпес» футбол клубы қалалық әкімдік, жастар ресурстық орталығымен бірлесіп балаларға футболдан шеберлік-сыныбын ұйымдастырды. Футбол клубының директоры Ерлан Ботембаев балаларды Қала күнімен құттықтап, спортпен белсенді айналысуға шақырды. Бұдан әрі балалар эстафетаға қатысып, шын футболшы болғысы келетіндер үшін жақсы мүмкіндік туды. Шара соңында қатысушыларға футбол клубының атынан естелік сыйлықтар табыс етілді. Шаһардың туған күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар жоғары дәрежеде аталып өтті.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий