Металлургтер танымал әншінің әнін тыңдап, марапатқа ие болды

«Алтынтау Көкшетау» акционерлік қоғамы биыл өзінің төл мерекесін Тәуелсіздік алаңында дүркіретіп өткізді деуге болады. Олар жыл сайын қала тұрғындары мен қонақтарына тамаша көңіл-күй сыйлап келеді. Өткен жылы кәсіби мерекесіне орай Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаевамен қауыштырған еді, биыл жерлестеріміздің сүйікті әншісі Қайрат Нұртасты арнайы шақыртыпты. Әндерін жатқа айтып, жиын-тойларда үнемі тыңдап, билеп жүрген жастар да, өнер десе ішкен асын жерге қоятын кәрі де алаңға ағылды. Тіпті ине шаншар жер болмады деуге болады. Иін тірескен халық өзінің сүйікті әншісін көруге асықты. Алдымен көкшетаулық өнерпаздар ән шырқады, ал сахнаға Қайрат Нұртас жарқырап шыға келгенде, көпшіліктің қуанышында шек болмады. Хит әндерді өнерпазбен бірге шырқаған көкшетаулықтар металлургтер күніне арналған шарадан үлкен әсер алып тарқасты.

Жыл сайын шілденің үшінші жексенбісінде Металлургтер өзінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Ақмола облысында кен өндірісі өнеркәсіп саласының 40 пайызын құрайды. Оның негізінде алтын, күміс, темір, кобальт, мырыш, уран, молибден, титан мен цирконий жатыр. Біздің өңірде осындай пайдалы қазбалар өндіріледі, дегенмен алтын өндірісі алдыңғы қатарда тұр. Металлург – нағыз жігерлі де батыл жандардың мамандығы. Оның жарқын үлгісі ретінде Елбасын мысалға алуға болады, Президентіміз өзінің еңбек жолын Теміртау металлургия заводында бастағаны баршамызға белгілі. Адамды төзімділікке тәрбиелеп қана қоймай, шымыр ететін де осы кәсіп түрі. Өткен жылы алтын құрамды руда өндірісі бойынша ақмолалық кәсіпорындардың табысы 10 миллион тоннаға жетті. 26 мың тоннадан астам алтын шығарылды. Биылғы жылы да жергілікті кеншілер осы межеден көрінуді жоспарлап отыр. «Алтынтау Көкшетау» акционерлік қоғамының бас директоры Игорь Когай өзінің құттықтау сөзінде комбинаттағы басты құндылық-адам екенін атап өтті. «Бүгінгі күн – кәсіби шеберлердің мерекесі. Олар өз қолдарымен осы бағалы, құнды затты өндіреді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұлар өте қарапайым жандар, бірақ өз ісінің нағыз шеберлері. «Алтынтау Көкшетаудың» алтыны – бұл біздің қызметкерлеріміз. Сондықтан осы жауапты іске бар ынтасын салып жүрген жандарға мықты денсаулық, отбасында бақыт тілеймін. Елімізді өркендетудегі істеріңізге береке берсін», – деді өз сөзінде кәсіпорын басшысы. Кен орнында 22 жыл істеп келе жатқан Caterpillar көлігінің жүргізушісі Игорь Жигарь өзінің жұмысын жақсы көретінін айтты. «Алтын өндірісі аса жауапты, кейде тіпті қауіпті. Үлкен техникамен жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ бізде өндірістегі қауіпсіздік басты назарда. Қызметкерлердің денсаулығы мен өмірі маңызды», – дейді бүгінгі салтанатты шараны көруге келген жұмысшы. Әрине, кез келген мерекелік шараны айшықтай түсетін – марапаттау сәтті. Бұл күні өзінің кәсібіне адал, еңбекқорлығымен көзге түсіп, табысқа жеткен кеншілер халықтың қошаметімен сахнаға көтеріліп жатты. Олардың қатарында өндірістік-техникалық басқарманың бас маманы Абай Асайынов та бар. «Жер астындағы байлықты игеру өте ауқымды шаруа. Алтын өндірісі сырттай қарағанда жеңіл сияқты. Алайда мыңдаған тонна руданың ішінен бағалы металл-алтынды табу шөптің арасынан ине іздегеннен де қиын. Бұл жұмысқа қаншама адам жұмылдырылады. Жару жұмыстарынан бастап, қазу, өндіріс орнына жеткізу, іріктеу, тазалау, сұрыптау, міне, осындай күрделі процестің нәтижесінде ғана алтын өндіріледі. Сондықтан әріптестеріме қашанда табандылықтан таймай, қажырлылықпен қызмет етулеріне тілектеспін», – дейді.
Мерекелік шара ақмолалық әртістер мен шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Ал, көпшіліктің асыға күткен сүйіктісі Қайрат Нұртас мерекелік кештің шырайын кіргізді. Сахнаға жеңіл көтерілген әншіні асқан қошаметпен қарсы алған көкшетаулықтар мен қала қонақтары өнерпаздың белгілі әндерін бірге айтып, билеп кетті.
«Мен Қайрат Нұртастың барлық әндерін жатқа білемін», – дейді қала тұрғыны Әсия Саматова. – Сөздері мазмұнды, мәнді, әні де сазды. Тілі жатық, жеңіл, есте қалады. Бір жаттап алсаң, ұмытпайсың. Қайраттың хит әндерін үнемі үйде ыңылдап айтып жүремін. Бүгінгі концерттік бағдарламаны ұйымдастырған компания басшыларына алғысым шексіз. Осындай танымал әншілерді бізге үнемі шақыртып тұрса, тамаша болар еді», – дейді жүзі бал-бұл жанып. Ал Қайраттың концертін арнайы көруге ауылдан ат терлетіп жеткен Қасқырбай Қазжанов болса, «Сүйікті әншімді көремін деп кішкентай қызым бір апта бұрын дайындалды. Баламның меселін қайтарғым келмеді. Концерт басталардан екі сағат бұрын осында жеттік. Осынша халық жиналады деп ойламаппын. Оны білгенде алдыңғы қатардан орын алатын едім. Әйтеуір қызым сүйікті әншісінің дауысын естіп, келбетін көрсе, соған мен де қуанамын», – дейді ағынан жарылып. «Алтынтау Көкшетау» компаниясы тек еңбек етіп қана қоймай, жақсы дем алатынын тағы бір дәлелдеп, жерлестеріне естен кетпес кеш сыйлады.

Гәкку Асылбекқызы.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс