Меценаттар Ғаббасовтар отбасына көмек көрсетті

Ақмолалық меценаттар баспанаға мұқтаж І топтағы мүгедек Еркін Ғаббасовтың атына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашып, 4 миллион 254 мың теңге қаражат жинап берді.

Осыдан он жыл бұрын болған оқиға Еркін Ғаббасовтың өмірін түбегейлі өзгертті. «МГТ Астана» фирмасында құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында 12 қабатты ғимараттан құлап, кеуде омыртқасы қатты зақымданғандықтан аяғы жүруден қалады. Содан бастап ол мүгедектер арбасына таңылды. Бірақ заман екі қолды бос қойып қарап отыруды құп көрмейді. Шамаң жеткенше еңбек етіп, нәпақа табуың керек. Аяқ-қолы бүтін, он екі мүшесі сау адамға жан бағатын кәсіп табылар. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандар қайтып күн көрмек? Жалғыз мүгедектікке төленетін жәрдемақыға бала-шағаны асырау, оның үстіне жалдамалы пәтерде тұру оңайға соқпағаны рас. Басына түскен ауыр жағдайға сағын сындырмаған Еркін Ғаббасов үш баласын аяққа тұрғызу үшін жарының қолдауымен интернет арқылы жұмыс та істеп көрген. Осы тұста «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы Еркіннің өміріне өзгеріс әкелді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы мүгедек жандарды жұмысқа орналастыруда тиімді тетік болды. Бағдарламаның шарапатын көрген ол бүгінде Көкшетаудағы халыққа қызмет көрсету орталығында нұсқаушы қызметін атқарады. Мекемеге келген тұрғындарға электронды үкімет арқылы түрлі құжатты жеңіл әрі жылдам алу бойынша кеңес береді. «Бағдарлама туралы естігенде үміт оты пайда болды. Мамандығым бойынша жұмыс іздеп көрдім. Таныстарға хабарласып, хабарландыру да беріп көрдім. Алайда, арбаға таңылған маған жұмысқа орналасу қиынға соқты. Сол уақытта «Нұр Отан» партия-сы Ақмола облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты халыққа қызмет көрсету орталығына жұмысқа орналасуға көмектесті», – дейді Еркін Ғаббасов. Жұбайы Шынар ерін күтімге алумен бірге үш баласын да бағып-қағуда. Балалары әкелерін әрдайым мақтан тұтады. Сабақтарын жақсы оқып, ата-аналарына қолғанат болуға тырысады. Алайда, Ғаббасовтар отбасы қала әкімдігі уақытша тұруға ұсынған бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр болып отыр. «Жұмысқа орналасқаннан кейін пәтер іздедім. Біз үшін ең қиыны – баспана мәселесі болды. «Нұр Отан» партия-сы Ақмола облыстық филиалының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалым Бекмағамбетовтың қабылдауына жазылдым. Алғаш кездесуде-ақ Ғалым Мәдешұлы менің басымдағы проблеманы бірден ұқты. Заң аясында көмек көрсетілетінін жеткізді. Пәтер кезегінде 1948-ші болып тұрмыз. 4 жыл ішінде кезек 60 адамға ғана жылжыды», – дейді Еркін Ғаббасов. Ғалым Бекмағамбетов облыстық мәслихаттың сессиясында Ғаббасовтар отбасына «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісінен» есепшот ашып, алғашқы жарна жинап беру жөнінде бастама көтерді. Мүгедек азаматқа демеушілік көмек көрсетуден ешкім қалыс қалған жоқ. «Целиноградское» кредиттік серіктестігінің төрағасы Сағадат Әшебеков Еркін Ғаббасовтың шотына бірден 1 миллион теңге аударды.
«Біздің мәселемізге бейжай қарамай, көмек қолын созған облыстық мәслихаттың депутаттарына, атап айтқанда, «Гормолзавод» кәсіпорнының директоры Әсен Жақсылықов, «Ақмола Феникс» акционер-лік қоғамының бас директоры Максим Божко, «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктес-тігінің бас директоры Берік Ақылбеков, «Агрофирма  Қараөзек» жауапкершілігі шек-теулі серіктестігінің директоры
Нартай Ысқақов сияқты аза-маттарға ризашылығым шексіз. Бүкіл отбасымның атынан көмек көрсеткен ақмолалықтарға бақыт пен денсаулық тілеймін. Өйткені, өмірдегі басты байлық – денсаулық!», – дейді Еркін Ғаббасов. Оқу жылының басында нұротандықтар Ғаббасовтар отбасын мектеп формасы, оқу құралдарымен қамтамасыз еткен. Тағдырдың теперішіне төзімділік таныта білген Еркіннің өмірге деген құштарлығы, қайсарлығы мен табандылығы қуантады. Мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан өмірдегі бар қиындықты төзіммен, сабырмен жеңген жан.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс