Министрмен сұхбат

Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация-лар министрі Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасының «Ашық диалог» жобасы аясында өткен аптаның ең көп талқыланған мәселелеріне қатысты өз пікірін білдірді.

Қазақ тілінің мәртебесі артады
Министр қазақ тіліне қатысты мәселелерді жариялау аясындағы отандық БАҚ-тың ұстанымына таң қалатындығын айтты. «Қазақ тілі мен қазақ әдебиетіне қатысты барлық дүниелер әрдайым өткір болмақ. Білім және ғылым министрлігі барынша толық түсініктеме берді. Олар, керісінше, сынақ тапсырудағы қазақ тілінің рөлін күшейтті. Әзірге Білім және ғылым министрлігі Ұлттық бірыңғай тестілеуді екіге бөлді: мектептегі бітіру емтихандары және жоғары оқу орындарына түсу емтихандары. Мектеп бітіру емтихандарында қазақ тілі қалды және ол аттестатқа ықпал ететін болады. Мектеп бітірушілердің саны университетке түсетіндер санынан әлдеқайда көп, сондықтан қазақ тілінің мәртебесі өседі», – деді министр. Өткен аптадағы барлық ақпараттар ағынынан Дәурен Абаев алматылық Вячеслав Поповтың мәлімдемесін ерекше атап өтті. В.Попов Фейсбуктегі парақшасында жарты жылда қазақ тілін үйреніп алуға ниетті екенін жазды. «Мен жеке өзім үшін Вячеслав Поповтың қазақ тілін үйрену туралы мәлімдемесін түртіп алдым. Бұл ұмтылысты үнемі бақылайтын боламын. Біздің қоғамда қазақ тілі оқытылмай жатыр деген мәселе қызу талқыға түседі, бірақ азаматтардың қазақ тілін өз бетінше үйренуге жасаған ұмтылыстары көлеңкеде қала береді. Ақпарат және коммуникациялар министрі ретінде бұл мәселе мені таңғалдырды», – деді министр.
Дәурен Абаев азаматтық авиация мәселелерін «басты назарға алуға» уәде берді
«Біздің азаматтық авиацияға деген жұртшылықтың қызығушылығы түсінікті, себебі мәселе қауіпсіздік жайында. Қазір қызметтік тергеу жүріп жатыр. Оның нәтижесі бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына нақты ақпарат берілетін болады. Қазірдің өзінде ұшу экипажы қатаң түрде нұсқаулықпен әрекет етіп, жолаушылар үшін қауіпті азайтып отыр», – деп атап өтті Дәурен Абаев. Ведомство басшысы әңгіме жүйелік ақауда деп санамайды, өйткені үш ұшақ үш түрлі үлгіде. «Мемлекет халықаралық авиажелілерде де, азаматтық желілерде де қауіпсіздікке баса назар аударады. Азаматтық авиацияда ұшырылым қауіпсіздігінің тұтас бағдарламасы бар. Үкімет пен Азаматтық авиация комитеті азаматтық авиацияның халықаралық ұйымымен тығыз жұмыс істеуде. Қазақстан бұл ұйымның барлық қажетті нұсқаулықтары мен қажетті нұсқамаларын орындауда», – деді министр.
Ағымдағы жылы екі арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады
Жыл аяғына дейін Қазақстанда екі жаңа арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы ашылады. Бұл туралы «Хабар» арнасында «Ашық диалог» тележобасында Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев мәлім етті.
«Арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында біз 700 мыңға жуық жүргізуші куәлігін бердік. 3,5 млн мемлекеттік қызмет көрсеттік. Біз барлығын автоматтандырдық. Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығын салдық. Өкінішке орай, қазір мұндай арнайы халыққа қызмет көрсету орталығы барлық жерде емес, 12 қалада жұмыс істейді. Қазір осы үрдісті жалғастырып жатырмыз. Жыл аяғына дейін тағы екеуін іске қосамыз деп ойлаймын», – деді министр. Сондай-ақ, Дәурен Абаев «ерекше» нөмірлер жайында айтты. «Бүгінде мемлекеттік қазынаға мұндай нөмірлер есебінен шамамен 5,3 млрд теңге түсті», – деп сөзін түйіндеді ол.
«Ел-Арна» телеарнасы нон стоп режимінде жұмыс істейді
Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев жаңа «Ел Арна» телеарнасының іске қосылатыны жөнінде айтты.
«27 наурызда біз жаңа телеарнаны іске қостық. Ол отандық режиссерлердің көркем және деректі фильмдерін, сериалдарын жариялап отыратын болады. Тек қазақстандық туындылар. Соңғы жылдары өзіміздің режиссерлер түсірген төл туындылардың көбейіп келе жатқаны аян. Біздің мақсатымыз – сол фильмдердің көрерменге барынша қолжетімді болуына, оларға сұраныстың ұлғаюына негіз салу. Осы арқылы қазақстандық киноөнімдердің саны мен сапасының артуына қолдау көрсету» – деді «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» жобасы аясында министр.
17 наурыздағы «Тұмар» телевизиялық бәйгесі туралы айта келе, Дәурен Абаев, – оның отандық тележурналистерді мадақтауға арналғандығын атап өтті. «Бұл олар үшін өте жақсы дабыл болды деп ойлаймын. Онда олардың жұмысына абсолютті білікті қазылар қазылық етеді, оның құрамын біз жариялаған болатынбыз. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінен бірде-бір қызметкер жоқ. Бұл тәуелсіз қазылар өздігімен Қазақстандағы ең үздік телеарна журналисін анықтайды. Сонымен бірге, аймақтардың да жобалары қаралады», – деді Дәурен Абаев.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс