Мол астықтан үмітті

Көктемгі егіске дайындықты пысықтаған алқалы жиынға Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен аудан басшылары, сондай-ақ, өңірдің ірі ауылшаруашылығы товарын өндірушілері қатысты. Көктемгі егіс науқаны қарсаңында шаруалардың алдынан көлденеңдеп шығар мәселенің бірі – ауылшаруашылығына қажетті жаңа техникалар сатып алу. Жиынға арнайы шақырылған ауылшаруашылығы техникаларын өндіруші нысандар өз өнімдерінің басымдықтарын атап, шаруаларға қолайлы лизингтік несиелер ұсынды. Ақмола облысының  ауылшаруашылығы секторының жалпы өнім көлемі өткен жылы 397 млрд. теңгені құрады. Оның 259 млрд.-ы өсімдік шаруашылығына, 137 млрд-ы мал шаруашылығына тиесілі. Ақмола – астықты өлке. Өңірде 4 млн. 700 мың гектар аумаққа дән сіңіріледі. Өткен жылы қамбаға құйылған дәнді-дақылдың 81 пайызы 3 сорттан жоғары. Бұл жоғары сапалы өнімнің нышаны. Егістік алқаптарын диверсификациялау өзекті. 3 млн. 600 мың гектар аумаққа бидай егілмек. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 пайызға төмен. Диқандар майлы дақылдарға ден қойған. Олардың егістік көлемі 248 мың гектарды құрайды. Оның 25 пайызы Зеренді ауданында, 16 пайызы Бурабай ауданында орналасқан. Егіс алқаптарына 15 мың тоннадан астам тыңайтқыш сатып алынған. Мамандар биылғы ылғал көлемі егіннің тез көтерілуіне ықпал етеді деп отыр. Бараев ғылыми-өндірістік орталығының мамандары да биылғы көктем егіс науқаны үшін өте қолайлы дейді. Мал бордақылау көлемі өткен жылы 6 мың бас ірі қараға артқан. Ағымдағы жылы тағы 10 мың бас мал семірту алаңдары ашылады деп жоспарлануда. Бұл мақсатта тағы 9 мың бас шетелдік асылтұқымды мал сатып алынады. Бұл ет өнімін 67 мың тоннадан 120 мың тоннаға арттыруы тиіс. Ағымдағы жылы жаңа 5 сүт зауытының құрылысы қолға алынып отыр. Отбасылық сүт фермаларының дамуына қолайлы жағдай ұсынылады. Нәтижесінде дайын сүт өнімдерінің көлемі 90 мыңнан 200 мың тоннаға дейін артуы тиіс. Жиында барлық аудан басшыларына егістік алқаптарын мал азығы бағытына бейімдеу тапсырылды. Өңірдегі 11 шаруашылық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Бақытты отбасы» жобасы бойынша мұқтаж жандарды баспанамен қамтып отыр. Алдағы уақытта бұл игі іске тағы 5 ірі нысан қолдау танытпақ. Жиында тиісті меморандумға қол қойылды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев ортақ іске өз үлесін қосқан меценаттарға алғысын білдірді. Бұл күні бес кәсіпорын иелерімен меморандумға қол қойылды. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында-ақ өңір аграрийлері 3 млрд.100 млн. теңгеге техника сатып алған. Облыс басшылығы диқандарды тиісті жанармаймен қамтуға 65 мың тонна дизель қорын жасақтапты. Ол сәуір-мамыр айларында қолданылады деп жоспарланған.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий