Музыкалық колледжге – 40 жыл

Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің 40 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шарада жұртшылық өнер ордасының бүгінгі күнге дейінгі қол жеткізген жетістіктерін тамашалап, дәстүрлі және әлемдік музыка жауһарларымен сусындап қайтты. Іргетасы 1976 жылы қаланған оқу орнының мерейтойына арналған салтанатты шарада осы колледжден түлеп ұшып, еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүрген түлектер, зейнеткер ұстаздар, тағдырын осы өнер ордасымен байланыстырған жандар сағынышпен қауышып, қуанышқа бөленді. 

Шара колледждің қырық жылдық тарихын қамтитын бейнебаянмен басталды. Колледж алғаш ашылған тұста осы оқу орнына басшылық жасап, қалыптасуына сүбелі үлесін қосқан танымал өнер иесі, белгілі композитор Манарбек Бексейітовтен бастап, бүгінгі күнге дейінгі басшылық тізгінін ұстаған адамдар туралы, олардың қызмет еткен жылдардағы колледждің жеткен жетістіктері, жарқын өнерімен ел мақтанышына айналған түлектер бейнесі көрермендердің көз алдында ыстық ықыласпен көмкеріліп, қалықтап өтті. Біржан сал Қожағұлұлының есімі берілген колледждің дәстүрлі ән бөлімінің студенттері мен түлектері Азамат Қадыл, Бауыржан Нұрмұханов, Гүлім Кұдысбек, Аслан Мұхамедияр Арқаның асқақ, кең тынысты әндерін шырқады. Мария Даутова жетекшілік етіп, Роза Бәйкенова сүйемелдеген төменгі курс студенттерінің хоры мен дәстүрлі әнші, колледж директоры Саян Мұхамедияр А.Рахымбаевтың «Қайда да біргесің туған ел» атты әнін орындады. Облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова талапты да талантты жастардың ыстық ұясына айналған ұжымға жүрекжарды лебізін білдірді. Ұстаздарға облыс әкімінің және облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарын табыс етті. «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов өзінің құттықтау сөзінен кейін колледж ұстаздарына партия атынан Алғыс хат тапсырды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бекназарова, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Айгүл Сәбитова осы ұжымда ұзақ жыл еңбек етіп, өнерлінің өрісін ашқан өнегелі ұстаздарды қырық жылдық мерейлі мерекемен құттықтап, сый-сыяпаттарын тарту етті. Айгүл Сәбитова, сондай-ақ, Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаевтың Алғыс хатын жолдады. Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Астана қаласы мен Ақмола облысы бойынша ұйымының төрағасы Бейсенбай Әбдірахманов пен облыстық филармонияның директоры Нұргүл Шәйкенова колледж бен филармонияның арасында орнаған тығыз қарым-қатынасты атап өтті. «Жұлдыз» балалар қоғамдық ұйымының вице-президенті Александр Пятков ұстаздардың омырауына «Балалар үшін» төсбелгісін тақты. Салтанатты шара музыка колледжі ұжымы дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

Әсем Жүніс

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс