Мың сан мәдениетті тоғыстырған

Еңселі Елордамызда бүкіл әлемді өзіне қаратқан «ЭКСПО-17» халықаралық мамандандырылған көрмесі өз мәресіне жетті. Көрмеде үш ай бойы өткен түрлі мәдени шаралар шетелдік қонақтарды түп-тамыры тереңде жатқан ұлттық өнеріміздің қазыналарымен сусындатты. Ішкі мазмұнымен, бірегей сәулетімен көрермендерді тамсандырған «Нұр Әлем» сферасы да, жалпы бүгінде әлемге танылған айбарлы Астанамыз да әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімін лаулатты. Бұл көрме ғаламат ғаламдағы мың сан мәдениетті Астана төрінде тоғыстырды.

Еуразияның кіндік тұсында, яғни, Астана шаһарында жұмыр жерден ағылған адамзат баласының басын қосқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жабылу салтанаты кешен аумағындағы амфитеатрда ұйымдастырылды. Онда алдымен DJ Timofei мен Нұрберген Махамбетов сынды эстрада әншілері, «Americano», «Holliwood» қатарлы топтар меймандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, концерт қойды. Содан кейін сахнадағы алып экрандардан көрменің тарихы көрсетілді. Онда адамзат баласының жеткен жетістіктері, атап айтқанда, автокөліктен бастап, қолымыздағы смартфондарға дейінгі үздік технологиялардың тарихынан сыр шертілді. Ұйымдастырушылар жас ұрпақтың буыны ретінде баланы соңғы технологиялармен безендірілген сахнаға шығарып, жас буынның көзімен келешектен хабар береді. Көркем қойылымда күн және жел күшімен бірге, су астындағы балдырлардан да энергия өндірудің технологиясы айшықталған. Сондай-ақ, ХХІ ғасырдың креативті жобасы – болашақтың вакуумды пойызының жобасы таныстырылды. Сағатына 1300 шақырымға жүретін келешектің көлігінің жобасының авторы – атақты америкалық өнертапқыш Илон Маск. Пойыздың сынағы АҚШ-та өткізілген. Қазіргі уақытта оны іске асыру жобасы қолға алынуда. Бұл пойыз келешекте Алматы мен Астана аралығын 45 минутта жүріп өтеді. «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов көрме туын Халықаралық көрмелер бюро басшысы Висенте Лоссерталеске табыс етті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-ның жабылу салтанатында сөз сөйлеп, көрмені қорытындылады. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі ел абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды. Елорда үш ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан көрме шағын қалашыққа айналды. Қазақстанды әлемге танытқан көрмені 4 миллионға жуық адам аралап көрді. ЭКСПО-ның ең танымал орталығы – «Нұр Әлем» сферасын 1 млн. 300 мың адам көрді. «Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болады. ЭКСПО көрмесінен өзімізге енгізбекке 8 жоба таңдап алынған. Оның ішінде француздар әкелген термоқабырға, поляктардың көк көмірі бар. Көк көмірдің жылуы 20 есеге артық, 80 есеге таза. Қазақстан тарапы мұндай экологиялық таза отынға қызығушылық танытып отыр. Қытайлықтар ойлап тапқан жылу электр станцияларына арналған сүзгіштер ауа тазалығын сақтау үшін тиімді. Ресейліктер ұсынған ұнамды жаңалық – Күн сәулесімен бірге жылжып, қуатты максималды алатын панельдер. «Германия Литва мен Латвия әкелген жобаларды зерттеп жатырмыз. Бұл жаңашылдықтар энергияны тиімді пайдалану мен үнемдеуге жол ашады. Мемлекет басшысы көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысқанын айта келе, ең алдымен Қазақстан халқына осы идеяны қолдағаны үшін шын ризашылығын білдірді. Көрме құрылысына архитекторлар, инженерлер, құрылысшылар, менеджерлер, демеушілер, серіктестер атсалысты. 4500 жас еріктілер қатысып, белсенді жұмыс істеп, шетелдіктерге қаламызды көрсетті. Көптеген мемлекеттер, компаниялар және халықаралық ұйымдар да өз үлестерін қосты. Мерекелік жабылу салтанаты «МузАРТ» тобының, Майра Мұхамедқызы, Жәмила Серкебаева, Лада Қысықова қатарлы эстрада жұлдыздарының қатысуымен концертпен жалғасты. «ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми жабылуы құрметіне орай отшашу болды. Көрмені ұйымдастырушылардың айтуынша, отшашудың мұндай бірегей элементтері бұған дейін еш жерде қолданылмаған.
P.S. Көрменің әсері қандай? Енді өткеннің энергиясымен қоштасатын уақыт келді деуге болады. Өйткені, жердің, ауаның, судың, атмосфераның ластануы шегіне жетті. Болашақ – энергияның баламалы көздерін пайдалануда. АҚШ павильонындағы бейнекөрсетілімде өмірдің энергиясы адамда екені баса айтылған. Себебі, біз отбасымызда, жұмыста жағымды энергияны таратамыз. Қоршаған орта бізге жылуын тегін береді. Енді соны пайдалану, жүзеге асыру – біздің еншімізде.

Әсем ЖҮНІС.

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс