Мұздан қауіп көп

Көк мұздың үстінде отырып балық аулауға қызығушылар көп. Үй іргесіндегі көлдің кімді болмасын елең еткізері сөзсіз ғой. Қап-қап балық ұстап, қарық болмаса да қармақ салудың адам ойын тыныштандырып, сергітіп, көңілін көтеретіні бар. Соданда, қаламыздың бірқатар тұрғыны қармағын алып, Қопаға қарай аяңдайды.
Білмегеннің: «Қақаған аязда, көк мұздың үстінде сүйемдей бір-екі шабақ үшін қатып-семіп…» деп оларды жазғыратыны да бар. Ол сөздің де айтылуы жөн. Қырдан соққан қатты жел, жауған қар, табан астыңдағы мұздың ызғары қайда кетсін? Ойығыңа телміріп, пәлен сағаттап қозғалыссыз отырған соң салқындық бойыңды құрсап, тұла бойыңды алмас па? Сөйтіп, бойыңа өткен салқындық ағзаңа залалын тигізбес пе? Қарап жүріп, пеш түбінде отырғанда түшкіріп-пысқырып жүрміз, дейді ғой.
Солай екені рас. Алайда, «заман басқа, заң басқа» демекші, қазір аңшыларға арналған дүкенде олар үсіп-шашырамау үшін керектің бәрі бар. Табаннан сыз өткізбейтін, дененің жылуын сақтайтын, желге төтеп беретін дейсіз бе, жетіп артылады. Мұз үстіне әп-сәтте құрып қояр шағын ғана шатырлары қандай қолайлы. Тоңбақ түгілі ішіне газ-плитасын орнатып қойып, булары бұрқырап отырады!
Міне, наурыз өтіп, сәуір кірді. Қопа үстінде көк-ала шатырларын құрған балықшылар қаптап отыр. Бұл енді, қуаныш емес, қорқыныш. Мұны мұздың «бүге-шігесін» зерттеген мамандар да, халқымыз да айтады. «Жазғытұрымғы жел жардай атанды да жығады» деген жұртымыз көктемгі мұздың көп салмақ көтере алмайтынын, аса қауіпті екенін де жеткізген. Дәл солай. Қара күз өтіп, қыс жаңа түскенде төрт елі мұздың өзі едәуір салмаққа төтеп береді. Майысса да сынбайды. Ал, астынан жылы ағыс жүрген, үстінен күн жылуы төнген көктемгі мұз қанша қалың болса да қауіпті. Тұрған жерің морт опырылып, су астына түсіп кетуің әбден мүмкін. Оның үстіне балықшылар отырған жерінен бірнеше ойық жасап, бұрғылап тастайды. Ондай жерлердің қаупі арта түседі. Тіпті, қыдырыстап, мұз үстінде жаяу жүрушілерге де қауіп көп.
Мамандар мұны күнде айтып, сақтандырып жүр. Алайда, асай-мұсайын арқалап мұз үстінде шанасын сүйретіп кетіп бара жатқан балықшы көп. «Сақтансаң – сақтармын» деген. Сақ болайық!

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс

Добавить комментарий