Мұз қалашығының қызықтары-ай!

Көкшетаудың жаңажылдық келбеті тұрғындар мен қала қонақтарын таңқалдырып үлгерді. Облыс орталығын мерекеге орай безендіру жұмыстарына ересектер де, балалар да дән риза. Орталық көшелерге қойылған сәулеті мен пішіні сан түрлі  3D  форматты безендірулер, «Сиқырлы» формалар, әсіресе, қараңғы түскен кезде қалаға ерекше көрік береді. Ағаштар да биыл жаңаша әшекейленіпті. Қаланың сәніне үйлесіп, ағаштардың бойына жарық динамикалық шарлар, жұлдызшалар мен ойыншықтар ілінген. Тұрғындар кешкісін тәуелсіздік алаңына асығады. Өйткені, мұз қалашығы қашанда ересектерді де, балаларды да қызықтырып келген. Биыл мұнда биіктігі 22 метр шырша қойылып, Аяз Ата мен Ақшақар да мұздан қаланды. Ал,  балаларды қызықтыратыны – сырғанақ.  Жоғарыдан төмен қарай құлдилай жөнелгенде ересектердің өзі балаға айналады.  Мүсіндері де биыл өзгеше. Жыл белгісі – Тауық кіреберіс қақпадан қарсы алса, ары қарай балалардың сүйікті мультфильм кейіпкерлері мұз әлеміне жетелей жөнеледі. Тұрғындар олардың жанында суретке түсіп, келе жатқан Жаңа жылды жақсы көңіл-күймен қарсы алуға дайындық үстінде. Тағамын шоқып жейтін тауықтың еңбекқорлығын көкшетаулықтарға біз де тіледік. Несібесі мол болғай!

Опубликовать в Facebook
Опубликовать в Google Plus
Опубликовать в Мой Мир
Опубликовать в Одноклассники
Опубликовать в Яндекс